Жаяу жүрудің жақсылығы көп

Жаяу жүрудің жақсылығы көп
ашық дереккөз
Жаяу жүрудің жақсылығы көп
Адам және оның денсаулығы – мемлекеттің байлығы. Бұл бағытта біздің елімізде аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Сол игілікті шаралардың арқасында елімізде адам өмірінің ұзақтығы орта есеппен 72,9 жасқа жетті. Бірақ, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткішті әрі қарай ұзартуға әлі де талай мүмкіншіліктер бар екенін дәлелдеп отыр. Елімізде тұрғындардың 22,4 пайызы темекі шексе, əр тұрғынға есептегенде жылына 7,7 литр спирттік ішімдік ішілетіні ойландыратын мəселе. Қазақстандықтар арасында қан қысымы ауруы шамадан тыс кездесуде. Оның басты себебі – ас тұзын мөлшерден көп пайдалану. Тəулігіне əр адам орта есеппен 16,6 грамм тұз пайдаланып, оның көлемі жылына 6 килограмға жетеді екен. Соның салдарынан жүрек-қантамыр аурулары жыл өткен сайын көбейіп барады. Өткен жылдары жүрек-қантамыр аурулары 22 пайызға, қатерлі ісік аурулары 11, тыныс жолдары аурулары 8, қант диабеті 45 пайызға өсіпті. Егер бұлай бола берсе адам өмірі ұзармай, керісінше төмендеуі ықтимал. Саламатты өмір салты туралы қаншама жылдар бойы айтылып келе жатса да, өкінішке қарай, əлі де көпшілік оған жөнді көңіл бөлмей келеді. Өз денсаулығына жауапкершілікті сезінбеу – ауру-сырқатқа жол  берудің негізгі себебі екенін білгеніміз жөн. Біз бүгін денсаулықты жақсартудың жеңіл жолының бірі – жаяу жүру туралы сөз қозғамақпыз.   Жаяу жүру. Бұл сіздің сөздік қорыңызда, күнделікті өміріңізде жиі пайдаланатын сөз бе? Жаяу жүру десе, егде адам түгілі, жас жеткіншектер де аяқ тартып, құлшыныс таныта қоймайды. Бүгінде автокөліктер мен қоғамдық көліктер тоқтаусыз жүріп жатқан уақытта, бір жерден екінші жерге жаяу бару əлдекім үшін миға қонымсыз болуы мүмкін. Техника дамыған заманда қимыл-қозғалысымыз азайып бара жатқаны шындық. Дегенмен, мамандар жаяу жүрудің пайдасы жайлы айтудан еш шаршаған емес. Тіпті, дəрі-дəрмекке үйір болмай, еш шығын шығармай жаяу жүріп, сергіп те денсаулықты қалыпқа келтіру оп-оңай. Тараз қалалық статистика бөлімінің мəліметінше, бүгінде шаһарда 400 мыңға жуық адам тұрып жатса, оның 45 мыңнан астамы қарттар екен. Солардың біразы көлікпен (автобуспен, жеңіл машинамен жəне т.б.) жүреді. Демек, адам басына шаққанда үш адамның біреуінде көлік бар. Иə, жаяу жүретін адамдардың саны саусақпен санарлық екенін осыдан да аңғаруға болады. Ал, тұрғындарды керек жеріне жеткізіп жүрген – қоғамдық көліктер. Медицина саласында 45 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан тараздық профессор Сағындық Ордабековтен жаяу жүрудің пайдасы жайлы жан-жақты сұрап білдік. – Жаяу жүру – қан тамырлары жұмысын бірқалыпты сақтауға өте пайдалы. Сол арқылы қан бүкіл ағзаға тарап, қан айналымын жақсартады. Сондай-ақ, тыныс алу жолдарының кеңеюіне,  дене салмағын төмендетуге, терінің жақсаруына зор ықпал етеді. Негізінен тірек-қимыл жүйесінің аурулары – ревматизм, артрит, артроз жəне өкпенің созылмалы аурулары, бронхит сынды, сондай-ақ, жүрек ритмін ретке келтіру үшін жүректің туа біткен аурулары не жүрек шамасыздығы, инфаркт, инсульт алмаған болса жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында ғана жаяу жүруді ұсынуға болады. Дегенмен, тым көп жүріп, бірден үлкен күш салуға болмайды. Сол үшін өз межесін сақтап, жылдамдықты күн санап арттырып тұру керек. Адам аз қозғалғаннан аяқ бұлшық еттерінің көктамырлары ыдырап, кеңейіп, сыртқа шығып кетуі яғни, варикоздың пайда болуы осыдан. Денсаулықтың қадірін білетін жапондықтар күніне ең кем дегенде 3 шақырым жаяу жүру керек десе, орыстар тəулігіне 10 мың қадам жүру міндетті дейді. Онысы өте дұрыс. Шындыққа келгенде, біздің замандастарымыз бұл күндері автокөлікке əбден сеніп алған. Бар-жоғы екі-үш аялдама келетін қашықтыққа жаяу жүргісі келмей, тартыншақтап, аялдамада 15-20 минут автобус күтіп тұру үйреншікті үрдіс болып кетті. Ауа райының қаһарлы мінезіне қарамастан, адам баласы 2-2,5 шақырым күнделікті жүру керек. Мен де осы дерекке сүйене отыра, жаяу жүріп эксперимент жасадым. Бүгінде байланыс құралымызда жаяу неше қадам, неше километр жүргеніңе дейін тізіп айтатын бағдарламалар жетерлік. Соның бірін ұялы телефоныма ендірдім де, таңертең жəне кешке жұмыс орныма жаяу баруды көп жылдардан бергі əдетіме айналдырдым. Жұмыс күндері күніне 10 мыңдай қадам жасап, 5-6 километрді жаяу бағындырдым. Таңертең ертерек тұрып, 15-20 минут таңертеңгі гимнастика жасап, уақыт тауып қызметке барғанша жаяу жүріп, барлығын есептей келе, жүрудің пайдасының мол екенін аңғардым. Жұмыстан шыққаннан кейін үйге 2 аялдама қалғанда көліктен түсіп, ары қарай жаяу жүру күнделікті əдетіме айналды. Жаз айларында жауын-шашын кедергі жасамаса күн жарықтығын пайдаланып 10 шақырым қашықтыққа дейін жаяу жүру артық емес. Өйткені үйге жету, ойға алған істі аяқтау үшін жаяу жүру физикалық жүктемеге (нагрузка) жатады. Яғни, сізге пайда келтіреді. Жаяу жүрмейтін, еріншектікке бой берген адам бірте-бірте семіздікке шалдығады. Онсыз да еліміздің 3/1 тұрғыны семіздікке ұшыраған. Ал, семіздік жүрек, буын жəне де басқа  ауруларға душар етеді. Сондықтан, əркім өз денсаулығына сергек қарап, ауырмаудың жолын іздеу керек, – дейді медицина ғылымының докторы, профессор Сағындық Ордабеков. Иə, сөйтіп мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүруге кеңес береді. Баяу жүргеннен гөрі, жылдамдықты сəл асырып жүргеннің əсері анағұрлым жақсы екендігін алға тартады. Сонда жоғарыда кейіпкеріміз айтқан, қоғамда көп кездесіп жатқан сырқаттардың алдын алуға мүмкіндік те мол болмақ. Біз осы тұрғыда қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік. Дегенмен, олардың басым көпшілігі уақытын арнайы бөліп серуендемейді. Иə, жұмыс қамын күйттеп жүретіндердің расында жаяу, алаңсыз жүруге бір минут та уақыты болмауына сенуге де болады. Шаршап, шалдығып, одан қалса үй тірліктері сіздің жаяу, уайымсыз жүруіңізге кедергісін келтіреді. Дегенмен, үйдегі жеткіншектерді де жастайынан күніне жарты сағат жаяу жүруін қадағалау керек. Жаяу жүру – өзіңізді бір қалыпта ұстаудың қарапайым жолы. Кейбір спорттың түрі адамдарға кері əсерін тигізуі мүмкін. Ал, жаяу жүрудің ешқандай зияны жоқ. Керісінше, оның адам денсаулығына пайдалы тұстары өте көп. Жаяу жүрудің пайдасы жөнінде не білеміз? Енді соған көңіл аударайық. Жаяу жүрсеңіз: 1. Салмағыңызды бір қалыпта ұстауға көмектеседі.  Австралиялық ғалымдар 2015 жылы зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 822 адамның салмағын өлшеп, əр қатысушының 4 жылдың ішінде салмағында қандай өзгерістер болғанын анықтай келе, 1 килограмм 400 грамм қосқанын байқайды. Ал, қызметтеріне жаяу барған адамдардың салмағы 900 грамға кем екені мəлім болды. 2. Жаяу жүрудің арқасында қаныңыздағы қант мөлшерін реттеуге болады. Diabetes Care журналында жарияланған ғалымдардың зерттеуі бойынша, тамақтан кейінгі 15 минуттық серуен қандағы қант мөлшерін реттеуге көмектеседі. 3. Америкалық психолог Роберт Тайер «10 минут жаяу жүрсеңіз, 2 сағат көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді»,  дейді. 4. Аптасына 3 рет 40 минуттан жаяу жүретін жандардың есте сақтау қабілеті 2 пайызға жақсарады. 5. Күніне кем дегенде 15 минут жаяу жүрген адам жүрек ауруларының алдын алады. 6. Жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген əйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады. Жаяу жүру – адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Жаяу жүру тегін əрі денсаулыққа пайдалы. Жаяу жүру үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ынта болса болды. Жаяу жүру арқылы арықтағыңыз келсе, ең алдымен оның қағидаларын білгеніңіз жөн. Жаттығу барысында жылдамдығыңызды ауыстырып тұрыңыз. Егер 2 минут жай жүрсеңіз, 2 минут тезірек жүруге тырысыңыз. Жаяу жүрудің пайдасын бəрімен бөлісіңіз. Жаяу жүру – адам ағзасының физикалық жағдайын жақсартатын тиімді құрал. Əсіресе, жүрек бұлшық еттерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасайды. Күнделікті күйбең тіршілікпен қанша шақырым жол жүріп, қанша қимылқозғалыс жасағанымызды қаперге ала бермейміз. Десе де, технология дамыған заманда қимылқозғалысымыз азайып бара жатқанын мойындауға тиіспіз.  Мамандар күніне кем дегенде 30 минут жаяу жүрудің пайдасын былайша тізбектейді: – Рухани сергектік береді. Мезгіл өзгерістерінде, əсіресе күз айларында депрессияға бейімділік байқалады. Ал, жаяу жүру шоколадтан да көп бақыт гормонының түзілуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне калориясыз түрде; – Ми жақсы жұмыс істейді. Миға қатысты зерттеулер қозғалыстағы адамның миы отырып жұмыс істейтін адамға қарағанда жылдам ойланатыны жəне жаңа пікірлер қалыптастыра алатындығы анықталған; – Арықтауға көмектеседі. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге кем дегенде 30 мин жаяу жүретін болсаңыз, майдың еруіне 2 пайызға ықпал еткен боласыз. Сондай-ақ, зерттеулер асықпай, баяу жүруге қарағанда бір қалыпты жылдам темпті жүрудің пайдасы көбірек екендігін көрсеткен; – Созылмалы аурулардан қорғанасыз. Жаяу жүру қан қысымын 11 балға азайтады жəне сал ауруына шалдығу қаупін 20-30 пайызға азайтады. Аптада 5 күн 30 минут жаяу жүру арқылы жүрек ауруы қаупін 30 пайызға азайта аласыз; – Жүйелі түрде жаяу жүру варикоз ауруы қаупін азайтады. Қан айналымын ретке келтіреді; – Жаяу жүру салмақ тастатып, буындарға түсетін жүкті азайтумен қатар, оттегінің буындарға жақсы тарауын қамтамасыз етеді; – Өзіңізге уақыт бөле алмай жүрген болсаңыз, жаяу жүріңіз. Адам көбінесе жүрген кезде жеке қалады жəне ойланады. Тұрмыс-тіршілігіңізді талдау, келеңсіздіктерге шешім іздеу, көпшіліктен жырақ шығып ішкі сезімдерді тыңдау үшін жаяу жүруді байқап көріңіз.  Күннің суықтығын сылтауратып, жылы ауа райын күтіп, бабын баптайтындар да бар. Дегенмен, денсаулық сіздің мезгіл таңдап жүргеніңізді күтпейтінін аңғару керек. Ал, кешкі астан соң таза ауада тыныс алып серуендеу ұйқыңыздың тыныш болуына ықпал етеді. Сонымен бірге, адам жаяу жалғыз жүрсе, өзінің іс-əрекетіне де талдау жасап, ойланып, нақты шешімдерді жүзеге асыра алады. «Шынықсаң – шымыр боласың» деген сөз текке айтылмаса керек. Ұзақ ғұмырдың, мықты денсаулықтың кепілі саламатты өмір салты екендігін бір сəтке де ұмытпағанымыз абзал. Ендеше, бірінші байлығымыз – денсаулығымызға сергек қарап, əрдайым орынды көңіл бөлейік!  

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.   

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар