Күнделік жүргізесіз бе?!.
Телефонымдағы WhatsApp желісінен байзақтық ақын аға-бауырым Жанатбек Тұрғымбаевтың кең көлемді жазбасын оқып, қуанып қалдым. Әдетте, жазбаның бәрі көңіл көтерердей қуанышты бола бермейді ғой. Ал, бұл расымен де адамды алға ұмтылдырардай, ойға тамызық беріп, қиялыңды қанаттандырардай жазба болатын. Қазіргі заманауи тілде, коуч жүргізіп жүрген психологтардың сөзімен айтқанда, оны аффирмация деп атасам, қателеспеймін. Сонымен, Жанатбектің жазғаны маған не үшін əсер етті?!. «Жастық шақ бақытты – өйткені ол көп нəрсені білмейді, кəрілік – бақытсыз, өйткені ол бəрін біледі» деген бұрынғылар. Қарттық шаққа жете қоймасам да, көпті көріп қойған, көп нəрсені біліп үлгерген адам ретінде мен қазір өзімді айналадағы жайттарға сабырмен салқынқанды қарайтын салмақты адамға жатқызамын. Сондықтан, кез келген əлеужелідегі қоғамдық маңызы бар тақырып болмаса – көржер бейнесюжет, видеосуреттер салына салған, отандық мəні бар ой-талқылар болмаса – жүрдімбардым айтыла салған публикацияларға алтын уақытымды шығын қыла бермейтін едім.
Солай бола тұра, ақын, суретші Жанатбек Тұрғымбаевтың фейсбук парақшасындағы жеке өзінің атқарған жұмыстары, тындырған шаруалары туралы жасаған бір жылдық есебіне елең ете назар аудардым. Біріншіден, тіршілікке сүрініп-қабынып жүріп, қанша уақытының қалай өтіп кеткенін сезбей қалып жататын пенде аз ба? Екіншіден, өз-өзіне есеп беруі арқылы о кісінің табиғатының менің де өмір сүру дағдыма ұқсастығын аңғардым. Қалай деймісіз?.. Оқып көріңізші. «Əр адам əр күніне, аптасына, болмаса айына бір рет өзіне есеп беріп тұруы керек», – деген екен хакім Абай... Оны ескермедік пе, естен шығып кетті ме, əйтеуір тіршілік қуып жүріп жыл соңына таяппын... Ештен кеш жақсы дегендей еске түсірмек болдым.
Жыл бойы нендей іс атқардым? Өткен жылға өкпе жоқ екен. Барына мың шүкір, бəріне мың алғыс айта отырып, жаңа жылда өзіме қойылған сұрақтар төңірегінде еңбегімді еселей түсуге Тəңір жарылқап нəсіп еткей деп тілек тіледім», – дейді. Еш нəрсе тындырмаған бір күнімді өлген күнге теңеп, жиі мұңданатын мына менің де өзіме-өзім үнемі əрі жүйелі түрде есеп беріп отыратын əдетім бар. Ол əдетім күн сайын түн ауа, үй-іші қалың ұйқыға кеткенде жүзеге асырылады. Не істеп, не қойдым, қандай шаруам бітпей қалды, ертеңгі күнге қандай жоспарлар бар, бəрі жеке қойын дəптеріме жазылады. Оған тіпті отбасылық бюджеттің кіріс-шығысы, жанұялық қаражатымыздың қалай жəне қайда
жұмсалғаны, олардың қалғанын келесі айлық жалақыға дейін қалай жеткізуіміз қажеттігі жайлы ойларым да енгізіледі. Сайып келгенде, бұл ешқандай жаңалық емес, соңғы кезде таңсық боп жүрген танымал тұлғалардың ақылы, психологиядан дəріптейтін ақыл-кеңесі, мотивациясының бір парасы. Тек, біз оны баяғыдан, бала күніміз бен жас кезімізден ата-бабаның қанымен бойға дарытып, ана сүтімен санаға сіңдіріп, қалыптасқанбыз. Ақы-пұлсыз. Содан да шығар, қандай қиындық көрсек те, мойымадық. Біздерді алдағы атар əрбір таңға, шығар күндерге ылғи үлкен үміт, аппақ ниет жетеледі. Өткенімізге өкінбейтіндей өмір сүрдік. Осы қазіргі шағымызға тəубемен қанағаттанамыз. Кезінде, албырт, жас кезімізде жалындап жандық. Қоғам үшін қолдан келгенше тас жарып, тау бұзардай қопарып іс атқардық. Сол үлкендердің сөзін тыңдап, айтқанын құлаққа құя білген жас буынның ешқайсысынан жаман адам шықпасы анық. Ол үшін əрине, жастардың əрбірі алдымен өз-өзіне «Бүгін не бітірдім? Ертең не істеймін?!» деген сауал қоя отырып, жұмысы мен іс-əрекетін тиімді жоспарлай білуі тиіс.
«Үш күндігін ойламаған əйелден без, Үш жылдығын ойламаған еркектен без», деп қазақ бекер айтпайды. Мұның астарында да осы мағына тұр. Есеп беру деген сол. Жеке басыңызға өте қымбат, ыстық, бірақ бөгде ешкімге қажет болмаса да, кейін, бəлкім, жылдар өте келе өзіңіздің есейген ұрпағыңыз қызыға парақтауы бек мүмкін, ол есеп – сіздің өміріңіздің күнделігі, көңіліңіздің күнделігі. Ол күнделік – сізді жақсы əдетке тəрбиелейді. Бақытты етеді. Ұрпағыңызға үлгі қылады. Күнделігіңізді күнделікті жазып отырыңыз.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Өңірде Кіші Қаратау геопаркі құрылады
- Бүгін, 11:44
Қазадан да қазақы мән кетіп барады...
- Бүгін, 11:20
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді