Елге барсам, қуанып қайтамын
Әлі есімде, Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдардың бірінде сол кездегі Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, ақын Мырзахан Ахметовтің 50 жылдығына арналған шығармашылық кеші болып, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған бір топ жуалылық ақын-жазушылар қатысып, елдің мерейі бір көтеріліп қалды. Бір кезеңнен екінші бір кезеңге өтіп, экономика атаулы тəлтіректеп, мəдениет, əдебиет, өнер өгей баланың халіндей болып тұрған қиын кез. Клубтар, кітапханалар жабылып, социализм дəуірінде өте қымбатқа салынған зəулім Мəдениет сарайлары болмашы тиын-тебенге сатылып кетіп, ақша қуған саудагерлердің қоймасына айналып жатты. Мырзаханның шығармашылық кешінде көсіле сөйлеген талантты жазушы, Мемлекет жəне қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «Ашынған қарын тойынар, жыртылған етік бүтінделер.
Біз рухани жағынан аш болмайық, егер рухани жағынан аш болсақ, нағыз аштық сонда басталады», – деп үлкен ұлттық көкейтесті мəселе көтеріп еді. Қазақ халқын сүйетін, əдебиеті мен өнерін, мəдениетін қастерлейтін қаламгердің осы бір қанатты сөздері ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Сол бір қиын кездегі Жуалы ауданының басшылары Шерағаңның сол бір сөзіне ерекше назар аударып, бірдебір мəдениет ошағының жарығы сөнбей, ең шалғай деген ауылдарда клубтар, кітапханалар жұмыс істеп, рухани іс-шаралар жүріп жатты.
Бүгінгі таңда Жуалы ауданы əкімдігінің мəдениет жəне тілдерді дамыту бөліміне қарасты 1 аудандық халық шығармашылығы жəне мəдени орталығы, 9 мəдениет үйі, 12 ауылдық клубтар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі (25 кітапхана, аудандық өлкетану музейі бар. Барлығы 48), мəдениет нысандары халықты рухани жағынан байытып, игілікті шараларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, Жуалы аудандық халық шығармашылығы жəне мəдени демалыс орталығына қарасты Халықтық атағы бар бес шығармашылық ұжым жұмыс істеп, көп көңілінен шыға білуде. «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі, «Қызғалдақ» əн-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары жəне «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің өнердегі жетістіктері бір аудан ғана емес, Жамбыл облысына, Қазақстанға белгілі. Өнерлі жандар облыстық, республикалық байқауларда талай рет топ жарып, қол жеткен жетістіктерімен қуантып жүр. Жаңа жылдың қарсаңында «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі Күнімбала Жаңабаева 70 жасқа толып, аудан мəдениетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл облысы мəслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева келгелі бері көп көңілінен шығатын мəдени іс-шаралар жандана түсті. Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында Жуалы ауданының 95 жыл толуына орай «Мəдениет – асыл қазына» атты аудандық фестиваль жəне облыстық мəдениет, өнер күніне арналған мерекелік шара өткізілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарға «Елдіктің, ерліктің мекені Жуалы ауданына – 95 жыл», «Мəдениет пен өнер – рухани өмір мəйегі», «Ұлы Жібек жолындағы Жуалы» жəне басқа да тарихи шығармашылық көрмелер ерекше əсер етті. Əсіресе, «Дəстүрім – асыл қазынам» деп аталатын қазақ ауылының этникалық көріністерін көргенімізде таң-тамаша болып, Жуалыға ежелгі Түркі дүниесі көшіп келгендей əсерде болдық. Ақсақалды аталар мен ақ кимешекті аналар келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, жаңадан пісірілген бауырсақ, қазы-қарта, жент пен ірімшік, қымыз бен айран ұсынуда. Ежелгі Түркінің қаруын асынған батырлар ізетпен сəлем беріп, қазақтың ұлттық киімін киген қыздар мен келіншектер кілем тоқуда. Кимешек киген əжелердің бір тобы алдарындағы жүнді сабап, екінші тобы енді басылайын деп жатқан текеметке түр салуға кірісіпті. Балуан денелі жігіттер отқа қыздырған болатты темір төске қойып, кезек-кезек соққылауда. Қолындағы қыранын баптаған бүркітші де, жанындағы тұлпарға сынай көз тастаған атбегі де осында.
Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Шақпақ ата асуында 1966 жылы орнитолог-ғалым И.А.Долгушиннің басшылығымен Қазақстанда құстарға сақина салып, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталық ұйымдастырылды. Оңтүстік шығысында 1000 шақырымға созылған Тянь-Шань тау жоталарынан асып өте алмаған жыл құстары Шақпақ ата асуы арқылы ұшуға мəжбүр болған. Шақпақ ата асуы күзде құстар оңтүстіктегі жылы аймақтарға қайта ұшып кетер кезінде аялдайтын бірден-бір қолайлы орын болып саналады. Солтүстіктен оңтүстікке қарай қоныс аударатын қараторғай, шəуқара, тағанақ, торғай, тағы басқа құстардың осы Шақпақ ата асуы арқылы өтетіні оларға сақина салу арқылы анықталып отыр. Жуалы ауданының 95 жылдығына орай, «Мəдениет – асыл қазынам» атты аудандық фестиваль аясында «Құс жолы» көрмесі өткізіліп, атқарылған мəдени шараларды кеңейте түсіп, жиналған халық риза болып жатты.
Өткен жылдың тамыз-қазан айлары аралығында Жуалы ауданының 95 жылдығына орай, 14 аудандық округінде «Жуалы – құт мекенім» фестивалі өтіп, өз жалғасын тапты. Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған еліміздің Қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек Ерлері Жуалы жеріне келіп, «Мен өз Отанымның патриотымын» атты іс-шараның аясында өткен «Аналар аллеясының» ашылу салтанатына қатысты. Аудандық мəдениет үйінде «Туған жерге тағзым» атты тəрбиеліктағылымдық мəні зор кездесу өткізіліп, Алматы қаласында тұратын белгілі жазушы-ақындар Талғат Айтбай, Доқтырхан Тұрлыбек, Мырзахан Ахметов, есімі Қазақстанға белгілі өнер қайраткері Күміс Пармашқызы, ғалым, Қазақстан Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі Сəбит Дүйсебаев жəне тараздық ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Исан Сапабеков жерлестерімен қауышты. Өткен жылы белгілі жазушы Алпысбай Шымырбаевтың 70 жылдығына орай шығармашылық кеш өтіп, аудан жұртшылығы, Алматыдан, Тараздан келген қаламгерлер қатысып, кеш өте əсерлі өтті. Тараз қаласында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дəстүрлі дала мəдениетін дəріптеу мақсатында мамыр-қазан айлары аралығында өткен «Мəдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мəдениет күндерінің қорытынды марапаттау салтанаты өтті. «Ең үздік əдістемелік кабинет» облыстық байқауында бірінші орынды Жуалы аудандық мəдениет үйі иеленді. Халықтық атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінде екінші орынды «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі жеңіп алды.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен, мемлекет жəне қоғам қайраткері, Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Театр – өмір айнасы» əзіл-сықақ фестивалі Байзақ ауданында өтті. Фестивальде жалпы облысымыздан 15 халықтық театр ұжымдары бақ сынады. Жуалы ауданынан «Жуалы» жəне «Мыңбұлақ» халықтық театрлары табысты өнер көрсетті. «Мыңбұлақ» халықтық театрының режиссері Е.Бекжанов «Күлмейтін əзіл» интермедиясын өз орындауында ұсынса, «Жуалы» халықтық театрының режиссері Е.Каттебековтің «Шатыр астындағы екеу» комедиясы үздіктердің қатарынан табылды. Нəтижесінде, «Мыңбұлақ» халықтық театры Алғыс хатпен марапатталып, «Жуалы» халықтық театрының «Шатыр астындағы екеу» комедиясындағы басты рольді сомдаған Қуаныш Сүйінбай «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын иемденді.
Сан тарау Мыңбұлағы,
Жуалым – жер жұмағы.
Рухы бар бабалардың,
Ұрпағы даналардың, – деп ақын жырлағандай, өткен жылы ғана өзінің 95 жылдығын атап өткен Жуалының қай салада болса да қол жеткен жетістіктері мен табыстары айтарлықтай. «Мəдениет – өмір мəйегі» деп данышпан халық тегін айтпаса керек. Осы орайда Жуалы ауданының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері орасан жұмыстарды жүзеге асырып, ел рухын асқақтатып жүр. Ел игілігі, халық игілігі жасалып жатқан рухани шаралар жүректі шаттық сезімге бөлейді. Елге барып, қуанып қайттым.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы-режиссер, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді