Мақұлбектің еңбегі лайықты бағаланса дейміз
Мемлекет қай кезде де саламатты өмір салтын қалыптастыруға, спорт саласына қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанның басым бағыттарын айқындап, нақты жолды көрсетіп отыр. Жалпы, жастар тәрбиесі, патриоттық тәрбие – қашанда басты орында. Ол үшін әр салада ерекше еңбек сіңірген азаматтарды бағалап, құрметтей білсек нұр үстіне нұр болар еді. Сондай айтулы азаматтың бірі – Қостөбе ауылының тұрғыны болған Мақұлбек Нақыпбайұлы Балқыбеков еді. Мақұлбек Нақыпбайұлы Тараз педагогикалық институтын бітірген соң, 1960 жылдан бастап велосипед спортынан шәкірттер дайындап, өзі де осы спорт түрімен айналысқан. Оның үш шәкірті КСРО спорт шебері болса, тағы үш шәкірті КСРО спорт шеберлігіне үміткер атанған. Ол уақытта КСРО спорт шеберлерін шығару деген – нағыз ерлікке баланатын іс.
Мақұлбек Балқыбеков 1970-1986 жылдары Тараз қаласындағы «Еңбек резерві» спорт қоғамында басшы болып, жасөспірімдерді спортқа баулыды. Атқарған еңбегіне қарай республикалық спорт министрлігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. Ол «Еңбек резерві» спорт қоғамында басшы болып тұрған кезде Тараз қаласында велоспорттан 3 рет республикалық жарыс өтті. Оның әрқайсысы 5 күн бойы дүркіреп өтетін. Біздің облыс құрамасы қашанда көштің алдында келетін. Оның көпшілігі Мақұлбек Балқыбеков баптаған шәкірттер болатын. Ол 42 жасында 1986 жылы өмірден озды.
Қазіргі таңда Мақұлбектің інісі, спорт шеберлігіне кандидат Ғазиз Нақыпбеков дзюдо күресінен балаларды жаттықтырып жүр. Ол баптаған Нұрасыл Мұратұлы спорт шеберлігіне үміткер болса, Сезім Мұратқызы облыс чемпионы.
Қостөбе –Тараз қаласының маңындағы 70-75 ауладан тұратын елді мекен. Сол ауылдан Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің түлегі Жапаш Зәуренбеков, тарих ғылымының кандидаты Жапаш Қолшабеков, физика ғылымдарының докторы Қадір Тоқжігітов, Білім беру саласының озаты Қолмен Баймаханбетов шыққан.
Біздің ендігі айтар ұсынысымыз бар. Қостөбе ауылынан салынған жаңа көшеге біз жоғарыда еңбек жолын айтып өткен Мақұлбек Балқыбековтің есімі берілсе дейміз. Аталған ұсыныс облыстық деңгейде қолдау тапса деген тілегіміз бар. Ол ғұмырын спорт саласына арнап кеткен азаматтың алдындағы бір парызымыздың өтелгені болар еді.
Алтынбек БЕКМҰРАТОВ, мәдениет саласының ардагері.
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді