Ел игілігіне берілген орталық

Ел игілігіне берілген орталық
ашық дереккөз
Ел игілігіне берілген орталық
Қарасаз ауылдық округіндегі Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжінде «Жас маман» жобасы аясында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Атап айтсақ, аталған колледж 2021 жылы «Жас маман» республикалық жобасына қатысқан болатын. Жобаның мақсаты – республика көлеміндегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. 100 сұранысқа ие мамандықтардың қатарына Жуалы колледжінің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы да енген. Бұл жоба колледждің халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа жабдықтармен, бағдарламамен оқыту, яғни ауыл шаруашылығының техникаларымен, агрегаттар және қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етіп, колледж студенттерін даярлау процесін жақсартып қана қоймай, колледж базасында құзыреттілік орталық ашуға да мүмкіндік берді. Аталған орталық World Skills облыстық, республикалық және халықаралық чемпионаттарының қатысушыларын даярлауға, World Skills сарапшыларының тағылымдарына, сондай-ақ шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға арналған.Құзыреттілік орталықтың ашылу салтанатында аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөз сөйлеп, колледж оқытушылары мен шәкірттерін орталықтың ашылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде колледждің жетістіктеріне тоқталып өтті. – Колледж 2021 жылы 100 сұранысқа ие мамандық негізінде еліміздің 180 колледжі мен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында жарияланған «Жас маман» жобасына қатысып, 700 колледждің ішінде үздіктердің қатарынан көрініп отыр. Колледж «Жас маман» жобасын іске асыру кезінде халықаралық стандарттар негізінде оқыту бағдарламасына сәйкес тракторист-машинист мамандығы бойынша жыл сайын 20 маманды даярлайтын болады. Ол үшін қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 3 кабинет және 5 агрегатталған техника (3 трактор, 1 комбайн, 1 Камаз) қызмет көрсетеді. Білімді және белгілі бір дағдылар мен қабілеттерді меңгерген маман – біздің заманымызда сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан, құзыреттілік орталықтан білім алып шыққан мамандарымыз еліміздің, оның ішінде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді Жалғас Мұртаза. Орталықтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков қиды. Ашылу салтанатына келген қонақтар орталықтың жаңадан жабдықталған кабинеттеріндегі құрал-жабдықтар, студенттердің теория мен тәжірибені ұштастыру барысымен танысты.«Жас маман» жобасы бойынша колледжге барлығы 17 ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы агрегаттар алынған болатын. Колледж шеберлері мен студенттерінің жүргізуімен жоба аясында алынған жаңа техникалардың шеруі өтті.Салтанатты шара аудан өнерпаздары мен колледж студенттері және оқытушыларының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.  

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар