Жаңа жыл жақсылығымен келсін!
Уақыттың әмірімен тағы бір жылды тарих қойнауына қалдырдық. Әрбір жылдың өзіндік тағдыры мен тарихы, ерекшелігі мен есте қаларлық оқиғалары бар. Біз үшін де өткен жыл өзінің жақсылығымен, жайлылығымен есте қалды. Халқымызда «Ескі жыл – есірке, жаңа жыл – жарылқа», деген сөз бар. Өткен жылмен қимай жылы қоштасып, келер жылдан тек жақсылық күтеміз!
Өткен жыл өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Қолына қалам ұстаған қауым үшін де берекелі жыл болды. Облыс басшысының қолдауымен өңірдің бас басылымы саналатын «Aq jol» газетінің қызметкерлері мен авторлары үшін талай жылдан бері күрделі болып келе жатқан қаламақы мәселесі оң шешімін тапты. Бұл – журналистердің еңбегінің өтеуі екені даусыз. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен Жамбыл өңірінде тұратын 24 ақын-жазушының кітаптары «Абай» баспасынан әрқайсысы 1000 данамен жарық көріп, оқырманға жол тартты.
Сондай-ақ, әрбір авторға тиісті көлемде қаламақы да тағайындалды. Бұл – қазақ әдебиетіне көрсетілген құрмет! Бұл да өтіп бара жатқан жылдағы Әулиеата өңірінің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Әулиеата үміті» шығармашыл жастарға арналған байқауы да талай жастың жұлдызын жаққан, атын танытқан жобаның бірі. Аталған байқауда да Жамбыл жастары жарқырап көрініп, қолдауға ие болды. Олардың ішінде түрлі сала мамандарымен қатар, жас журналистер де бар.
«Aq jol» газеті жүз жылдан астам тарихы бар, тағылымы мол басылым. Аймақтың ата басылымында әр жылдары Кемел Тоқаев, Ғайса Сармурзин, Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев және өзге де қазақ әдебиеті мен журналистикасына еңбегі сіңген азаматтар қызмет атқарды. Өңірдің бас басылымында кезінде еңбек еткен Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды ардагер азаматтар әлі күнге дейін газеттің мазмұнды шығуына атсалысып келеді. Ғасырдан астам тарихы бар басылымның ары қарай да мазмұнды, мағыналы шығуына еңбек ету – біздің міндет! Өткен жылы да «Aq jol» газеті оқырманмен бірге болды. Тілшілер тобы аймағымыздың аудан, ауылдарына шығып, түрлі мәселелерді билік назарына жеткізуге күш салды. Сондай-ақ, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды жұрт назарына жеткізді! Құрметті оқырман, келер жылы да өздеріңізден мазмұнды, мағыналы дүниелер күтеміз!
Жаңа жыл баршаңызға жақсылық, молшылық, ырыс әкелсін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Хамит ЕСАМАН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді