Инвестиция – сенімді істің бастауы
Биыл наурыз айында VIII сайланған Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке депутаттық корпуспен бірлесіп орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тәсілдерді әзірлеуді тапсырған болатын. Президент «Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», – деп ерекше атап өтті. Өнеркәсіп саласының негізін құраушы кәсіпорындар мен шағын цехтар Жуалы ауданында да жұмыс істеп тұр. Ауданда «Бурное Солар -1», «Бурное Солар -2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері күн сәулесінен электр энергиясын алады.
Мұнан бөлек, аудан аумағында сүт өнімдерін өңдейтін 8 өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл 11 айда өнеркәсіп саласында 15,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 100,1 пайызды құраған. Осы кәсіпкерлік субъектілерінде барлығы 9552 адам жұмыс атқаратын болса, оның ішінде 244 адам орта кәсіпорындарда, 2925 адам шағын кәсіпорындарда, жеке кәсіпкерлікте 3415 адам, шаруа қожалықтарында 2 968 адам жұмыс істейді.
Аталған ауданда негізгі әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінің 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы орындалуына келер болсақ, негізгі капиталға салынған инвестиция 10 миллиард теңгені құрап, 101,4 пайызға орындалған.
Кейбір өндіріс орындарының жолға қойылуына жылдар кететіні белгілі. Мәселен, Жетітөбе ауылдық округі, Кәріқорған ауылынан «Алатау сүт өнімдері» ауылдық өндірістік кооперативінің басшысы Нұрболат Кенжебеков те бірқатар жұмыстарды жолға қоюдың қамында жүр. Ол басқаратын кооператив 2021 жылдың қыркүйек айында сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап, аталған жобаға 60 миллион теңге көлемінде құрал-жабдықтарын сатып алған. Аталған цех 2022 жылдың қаңтар айынан бері тәулігіне 7 тонна сүт өнімдерін өңдеп келеді. Қазіргі таңда күн сайын көршілес елді мекендер мен тұрғындардан литрін 170 теңгеден сүт қабылдауда. Бұл – екі тарапқа да тиімді.
Цех науқан уақытында толық қуатында жұмыс істейді. Май, сыр, брынза, құрт, чечил, айран және қызыл ірімшік өнім түрлерін өңдеп, өндірілген өнімдерін Шымкент қаласы мен Түркістан, Алматы облыстарына, өз облысымыздың көптеген аудандарына өткеруде. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Науқан кезінде маусымдық жұмысшылар саны да артады. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 90 мың теңге. Жоба құны 70 миллион теңгені құрайды. Жыл соңына дейін осы цехтан аудандық бюджетке 7,5 миллион теңге салық түседі деп жоспарлануда. Инвестиция көлемі 60 миллион теңгені құраған.
Сонымен қатар, «Алатау сүт өнімдері» АӨК зауытты кеңейтіп, қосымша 20 тонналық сүт цехын іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі таңда аталған жобаның іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылған. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, іске қоспақ. Аталған жоба аясында тағы да 5 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жобаның құны да 60 миллион теңгені құрап отыр.
Қызыларық ауылдық округі, Сұрым ауылында да «Мол даму» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің сүт өңдеу цехын іске қосу жоспарлануда. Кооператив басшысы Ахмет Сұлтанның айтуынша, жобаның құны 300 миллион теңгені құрап, тәулігіне 7 тонна сүт өнімдерін өңдеу көзделген. Қазіргі таңда аудандық жер қатынастары бөліміне жер комиссиясының оң шешімі алынды. Аталған цех құрылысы үшін 5 гектар жер телімі беріліп отыр. Жоба іске қосылғанда 5 адамға тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Ақсай ауылдық округі, Қайрат ауылынан жеке кәсіпкер Әділет Жанғараев табиғи артезиан суын өңдеу арқылы Сарыағаш, Тассай секілді табиғи су өнімдерін өндіретін цех ашуды көздейді. «Жуалы-су» атауымен су өнімдерін шығаруды жоспарлағалы біраз болған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталыпты. Жұмсалған қаражат көлемі 80 миллион теңге. Құрал-жабдықтарын сатып алу үшін екінші деңгейлі банктерге «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 35 миллион теңгеге сұраныс берілген. Алайда, банктердің қаржы тапшылығына байланысты қаржыландыру күтілуде. Жеке кәсіпкер жобаны 2024 жыл басында іске қосуды жоспарлауда. Нәтижесінде 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарда. Күндігіне 2,5-5 тоннаға дейін су өңдеу көзделіп отыр.
«Алтын Ел-Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фермасын салу жобасының құны 2,5 миллиард теңге. Жобаның мақсаты – құс өсіру және құс етін өңдеу, тапсырыс берушілерді жұмыртқамен қамтамасыз ету. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023- 2025 жылдар. Жылдық қуаттылығы – 2 477 тонна. Жобаның құрылысын жүргізу кезінде 20 адам уақытша жұмыс орнымен қамтамасыз етілсе, толықтай іске қосылғанда 50 адам тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде. Кәсіпорын құрылысы үшін 50,3 гектар жер бөлінген.
Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбеков:
– «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 31 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтардың инвестициялық бағытта қаржы айналымын толықтыруға 907,4 миллион теңге несие берілді. Несие үстемесі – 7 пайыз. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының «Инфрақұрылым тарту» бағыты бойынша «Ахмадбекова» жеке кәсіпкерлігі 5 мың басқа арналған құс фермасын салуды көздейді. Қазіргі таңда құжаттары жиналып, жобасы тиісті тараптан мақұлданды. Аталған құс фермасына 15,434 миллион теңгеге инфрақұрылым жүргізу көзделуде. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округіндегі «Бекзат» шаруа қожалығы ет бағытын дамыту үшін 46,5 миллион теңге несие керектігін айтып, ұсыныс жасап отыр. Бұл ұсыныс комиссия қарауына жолданды. Аудан аумағында басқа да жобаларды жүзеге асыру көзделуде, – дейді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді