«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түркі әлеміне танымал тұлға

Түркі әлеміне танымал тұлға
ашық дереккөз
Түркі әлеміне танымал тұлға
Алланың өлшеп берген өмірі адам баласына қысқалық етеді. Сол себепті нені істесең де ақылың мен арыңның нұсқауымен әрекет етуге тырысқан жөн. Қарапайым, қайырымды, Құдайын ойлайтын адам шыншыл, әділ, таза, мейірімді, ержүрек болса, алдына қойған мақсатына жетіп, халқына да шапағатын тигізеді. Ертеде бір ғұламадан: – Өмірінің соңына дейін бақытты ғұмыр сүріп, істерінің бәрі сәтті болуы үшін адамда қандай қасиет болуы керек? – деп сұрағанда: – Соның бәрі бойыңда бар, өз ретімен пайдалансаң, игілігін көресің деген екен. Осы қағиданы шартты түрде ұстанбай-ақ, бойыңдағы құдіреттің берген асыл қасиеттерін ес жиған кезінен бастап шынайы пайдалана білген азаматтың бірі – жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт еді. Қаламгерлер қауымы «майдақоңыр мақам», «махаббат мақам», «мақамы бөлек, мақамы ерекше Мархабат» деп, теңеулерді айтып жеткізе алмаған Мархаң ауыл өмірі, балалардың, жасөспірімдердің, бүгінгі замандастардың мінез- құлқы, іс-әрекеттері, өмірдегі орны жайлы сыр шертетін алғашқы жинақтарының бірі «Сырбұлақтан» (1980) бастап оқырманына таныла бастады. Жаратушысының өзі сыйға тартқан ешкімге ұқсамайтын уыз тілі бар Мархаң әртүрлі тақырыпты көрегендікпен, шынайы қозғайтын керемет дүниелерін халқына тарту етті. Қазақ өмірінің бүгінгі тыныс- тіршілігіне көз тастай отырып, жаңаша өзгерістерді де көзден, ойдан таса қалдырмады. Оның қаламынан туындаған титтей де жасандылығы жоқ, табиғилығы басым «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаяты, «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Балабұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие» және тағы да басқа прозалық және публицистикалық кітаптары жазушының сезім шынайылығын, рухани әлемін, қалам қарымын танытатын еңбектері еді. Қа ламгердің туған жеріне деген сезімін, құрметін, парасат биігін көрсететін «Түркілер төрі Түркістан» еңбегімен адам қимас дархан жазушы қаламының соңғы нүктесі қойылады деп кім ойлаған?! Иә, алмағайып дүние осылай- осылай әр пендеге түрлі өмір сыйын тартып тоқтайды екен ғой! Барлығымыз жақсы көретін қарапайым Мархабаттың да дүниеден өткеніне жыл толып қалыпты. Өкінішке қарай, жазмыштан озмыш жоқ, бірақ әттеген-айымыз жүректі сыздатады. Кейде «Әлі де жарық дүниені керіле басып, кең тыныстап, жан дүниесін тербеген сезімдерін беретін еді ғой, айтары да, жазары да санасында сайрап тұрған, нағыз толысқан жаста еді ғой» деген ой мазалайды. Амал нешік, пәни мен бақидың заңы солай. Әрбір адамның бақилық болуы өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің даусы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал, Мархаңның даусы мен мінезі, орны, адами қасиеті студенттік кезеңімізді аз да болса бірге өткізген біздерге, курстастарына, әдемі әңгімелері мен саналы ой-толғамдары қазақ халқына, оқырмандарына, әкелік мейірімі мен басиелік қасиеті өз ұрпақтарына мәңгі жетпей тұратын болады... Мархабатты еске алған сайын көңілімді айтып жеткізе алмайтын сағыныш кернейді. Жап-жасыл жастық өлке сіне деген, ғұламалық терең пайым мен парасатқа деген сағыныш. Ақыл-кеңе с сұрасып, өмірдің арғы-бергісіне, қиырдағысына көз жіберер көрегендікке, аңғалдық пен аңқаулыққа, еліміздің түрлі түкпірінен арман қуып келген курстас достарыңа деген сағыныш. Дүниеде орны толмайтын адамдар болады. Сол орны толмайтынның бірі әрі бірегейі Мархабат Байғұт досымыз еді... Мархабаттың алғаш группаға келіп кірген кездегі бейнесін жазушы ағамыз Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» еңбегіндегі Ерболға ұқсатамын. 1964 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскен Мархаң 3 жыл әскери борышын өтеп, 1967 жылы біздің топқа келіп, оқуын жалғастырды. Сол күні аудиторияға ақырын, байыппен, аяғын керіле басып кірген еді. Уақыт өте келе оның жасының үлкендігі емес, әрқайсымыздың жай-күйімізді қолмен қойғандай қалт жібермейтін аңғарымпаздығы, езуге күлкі, көңілге жылулық үйіретін қалжыңға ұста мінезі, уызына жарыған құнарлы тілі, қарапайымдылығы бізді өзіне тәнті етті. Ауылды ұмыта алмай, өзім іштей сағынып жүрген кеңпейіл жақындарымды, солардың қарапайым дархан пейілін Мархаңның бойынан көріп, қаныққандай болдым. Сол кездері біз университетті киелі орынға санайтынбыз. Оқу орнына кіріп келе жатқанда «аяғымыз лас емес пе» деп, қайта-қайта жалтақтап аяқ киімімізге қарайтынбыз. Ал, оның білімділігі өз алдына бір әлем еді. Сол киелі орынға Мархабат бізге ұқсап әр жаңалыққа, жаңа түсініктерге таңырқай келген жоқ. Ол өзінің таным, білім қоржынын толтырып келген білімді студент еді. Әдебиет әлемінде Мархаң алғашқы қадамынан-ақ алысқа шабар бәйге атындай кең құлашты адымын танытты, оқытушыларын да, курстастарын да тәнті етті. Өмірді оқып-білу бар да, тоқып- білу бар ғой. Мархаң ауыл өмірін, тыныс-тіршілігін, адамзаттың мінез-құлқын, табиғат тылсымын жастайынан көкірегіне тоқып өскен. Сол кездің өзінде оның жан дүниесінде болашақ бірнеше әңгіменің негізі жасалып жатты десем, қателеспеймін. «Бір дорба диплом» әңгімесі соның айғағы десе болады. Өмір жолындағы өткелдер, асу бермес белестер, дауылды желдер, қилы-қилы тағдырлар араларын алыстатып жіберетін, бірақ мәңгіге жадыңда, жаныңда құрметпен сақталатын достық та бар. Біздің де бірге оқыған курстас достарымыз еліміздің түрлі аймағында қызмет атқарып жүр. Мархаң мәңгілік сапарының алдында денсаулығының нашарлап тұрғанына қарамай курстастармен кездесуге келген еді. Бұл барлығымыздың өміріміздегі ең бір аяулы, орны бөлек кездесу болды. Маңдайы жарқырып, өзін өте сергек сезінген парасат иесі киелі қарашаңырақтың алдында қуанған сезімдерін жас балаша жасырған жоқ. Өмірлік жары, «Қазақ әйелінің эталоны» деп айтуға болатын Қыздаркүл мен қызы Ақлима үшеуі бірін-бірі толықтырып тұр еді. Мархаңның құдасы, ақын Орысбай Әбілдаұлы, курстас досымыз, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бейсенғали үшеуі біздің жастық шағымызды еске түсіре отырып, әдебиет әлемін еркін шарлатып еді. Бұл біздің Мархаңмен соңғы кездесуіміз екенін сол кезде білмедік қой... Аяулы курстастарының дүниеден өткеніне жыл толуына байланысты республиканың түрлі аймағында қызмет етіп жүрген курстас достары Мархаңның мінез-құлықтарын еске алып, жанұясына көңілін білдіруде. Оның ішінде Зинол -Ғабден Бейсенғали, Жамал Манкеева: «Мархабат көрген кезден-ақ өзінің білімді екенін көрсетті. Ол тіпті орыс, шетел әдебиетін терең білуші еді. Қашан көрсең де кітапханада үлкен ізденіс үстінде отыратын. Өмір тауқыметі оны қысып, білімін сырттай жалғастырмағанда, одан үлкен ғалым шығатын еді», деп еске алады. Алмагүл Тілендиева: «Біз бір жыл ғана бірге оқысақ та, сыйластығымыз жақсы болды. Оның адамгершілігі жоғары еді. 15 жылдан соң Шымкент қаласындағы үлкен бір жиында Мархабаттың халық алдындағы беделін көріп, марқайып қалып едім. Ешкімге ұқсамайтын ерекше азамат еді ғой...». Хабиба Ташева: «Мархаңның бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, сабақтағы сарабдалдығы, білімі өз алдына бір әлем болса, оның кісілігі бір атан түйеге жүк еді ғой. Кейін де оның кісілігіне тәнті болдым. Сарыағашқа дем алуға барған барлық курстастарды үйіне апарып дәм татқызбай, болмаса вокзалға барып, сәлем-сауқат бермей Шымкенттен аттандырмаушы еді». Майра Оразова: «Құдірет Мархабаттың тал бойына барлық қасиетті берген ғой. Оның өнерлілігі өзінше бір қасиеті еді. Тамағынан шығаратын дыбыс арқылы домбыраның үнін келтіріп, күй ойнататын. Кейбір сабақтар болмай қалған кезде Алтынай екеуі бізге түрлі көріністер көрсетуші еді. Актерлік шеберлігі де жоғары еді ғой». Өз басым Мархабаттай біртуар тұлғамен замандас болып, қатар білім алып, әрі қарындасындай әрі жерлесі болғанымды тағдырдың маған сыйлаған тартуы деп білемін. Қадірлі достың бақилық болған кезеңінен алыстаған сайын болмыс бейнесі әлдеқайда нұсқаланып, биіктей берері сөзсіз. Рухани қазына-байлығы мол Мархабат Байғұтты төрткүл әлемге танымал тұлғаға теңеуіміздің ешқандай сөкеттігі жоқ шығар деп ойлаймын. Ел Мархаңсыз қалғанымен оның туындыларынан нәр алған жастардан болашақта тау тұлға шықпасына кім кепіл?! Марқасқа Мархаңның артында қалған жан жарына, балалары мен немерелеріне, туған-туыстарына, барша әдебиет сүйер қауымға курстастарының атынан көңіл айта отырып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз. Алла алдынан жарылқап, ұрпағымен мың жасасын.  

Сейсегүл ИСМАТОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор,

Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар