Елу жылдағы ерекше белес

Елу жылдағы ерекше белес
ашық дереккөз
Елу жылдағы ерекше белес
Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға сіңген саф өнер ешқашан ескірмейді. Қай кезде де жаңарып, жарқын сипат ала береді. Осыдан елу жыл бұрын «Алатау» триосы болып құрылған өнерпаздар тобы барша қазақ даласын әнмен тербегені белгілі. Әулиеата топырағынан шыққан таланттардың өнеріне талай жұрт тамсанды. Кененнің «Көк шолағын» түрлендіріп орындаған триоға таңдай қақпағандар жоқ болар. Сол «Алатау» үштігі жарты ғасырдан бері қасиетті өнердің желісін үзбей, жалғасын тауып келеді. Трионың тарихы да қалыптасты. Бұл күнде елу жыл бұрын бастау алған жолды Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов, Ноян Сейділдаевтар «Тараз» атауымен жалғап жүр. «Баласағұн» орталық концерт залында «Тараз» триосы 50 жылдық мерейтойларына орай концерт берді. Өнер кешіне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы келіп қатысты. Аталған трионың қоржынындағы әндер де әсерлі. Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Бастау» әндері де көп көңілінен шыққан туындылар. Мэлс Өзбековтің «Келші, айым!», Кеңес Дүйсекеевтің «Ойлан, балам!» әндері жүрекке жететін шығармалар. Мұнан басқа да «Балқадиша», «Ой, көк», «Арба келеді», Желбір жекен» әндері елдің көңілінен ерекше орын алған шығармалар екені анық. Сахнада К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның жанынан құрылған «Жамбыл» триосы да өнер көрсетті. Жас өнерпаздар көпшілікке «Тараз» үштігінің жалғасы іспетті әсер қалдырды. Көпшіліктің алдында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мейрамбек Беспаев өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болды. Мейрамбек Беспаев та елге ізетті сөзін арнап, әйгілі трионы мерейтойымен құттықтап, ақын Ерлан Жүністің сөзіне жазылған «Сағынып үлгердім сені» әнін орындап берді. Трионың мерейтойына дайындық жүріп жатқан кезде аталған триоға ерекше еңбегі сіңген азамат Мұхтар Рахманқұловтың кенеттен өмірден өткені өкінішті. Концерт барысында осынау талант иесінің ерен еңбегі айтылып, өнер әлемінен жинақталған суреттері экраннан көрсетілді. Бұл – өмірін өнерге арнаған азаматқа лайықты жасалған құрмет. Сахнаға «Желбір жекен» әнімен Алтынбек Қоразбаев, Берік Қалиев бастаған үштік шыға келгенде ерекше әсерге бөлендік. Мұнан соң Пернебек Оспанов, Есенбек Сәтбаев, Дүйсенбек Өмірәлиевтер де ел алдына шықты. Осы концертте әндерін «Тараз» үштігі орындап жүрген Алтынбек Қоразбаев, Әбиірбек Тінәлі, Аман Малдыбаев, Салима Мешітбаева секілді композиторларға да алғыс айтылды. Концерт соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» триосының ұжымын елу жылдық мерейтойымен құттықтады. – Бүгін ерекше күн. Жарты ғасыр бұрын жамбылдықтарға жаңалық болып құрылған «Тараз» триосына елу жыл толып отыр. «Алатау» болып ашылған трио бүгінгі буынмен жалғасып келеді. Бұл ғажайып үштіктің құрылу тарихының бастауында Алтынбек Қоразбаев ағамыз тұр. Ол – тағылымды тарих. Сіздердің өнерлеріңіз, мазмұнды әндеріңіз халықты ізгі сезімдерге тәрбиелейді. Сондықтан, өнерлеріңіз өрге жүзе берсін. Өздеріңіз де өнер жолында өрлей беріңіздер, – деді Ербол Шырақпайұлы. Мұнан соң облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Қазақстанның Халық артисі Алтынбек Қоразбаев аталған үштіктің елу жылдық тарихына арналған Амангелді Әбілдің «Алатаудан» басталған әуен» атты кітабының тұсауын кесті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар