Экологиялық ахуалды жақсарту жайы қаралды
Облыстық мәслихаттың атқарған жұмысы туралы мәслихат төрағасының есебі, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы туралы, өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі, міне, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясының күн тәртібінде осындай мәселелер қаралды. Облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, облыстық департаменттер мен басқармалардың, тиісті мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, қала және аудан әкімдері мен қалалық, аудандық мәслихаттар төрағалары қатысқан жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізіп отырды. Алдымен алдағы үш жылға арналған облыстық бюджеттің жобасы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева хабарлама жасады.
– 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттің кірістері 2024 жылға күтіліп отырған бюджет кірістері түсімдерінің, облыстың маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерінің және 2024-2028 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік- экономикалық даму болжамының негізінде есептелді, – деді баяндамашы. – Алдағы жылға арналған облыстық бюджет кірістері 578 миллиард теңге сомасында жоспарланды, бұл 2023 жылғы нақтыланған сомадан 22,1 миллиард теңгеге немесе 4 пайызға артық.
Өзіндік кірістер бойынша жоспар 65,2 миллиард теңге сомасында жоспарланып, 2023 жылғы нақтыланған сомадан 12,1 пайызға артық қарастырылды.
Оның ішінде салықтық түсімдер 57,5 миллиард, салықтық емес түсімдер 7,6 миллиард, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 25 миллион теңге сомасында жоспарланды. Келесі жылы облысқа республикалық бюджеттен 512,8 миллиард теңге бөлу қарастырылған, бұл 2023 жылғы нақтыланған сомадан 15,1 миллиард теңгеге немесе 3 пайызға артық. Оның ішінде нысаналы даму трансферттері 66,3 миллиард теңге, субвенция сомасы 426,4 миллиард теңгені құрап отыр. 2024 жылға бөлінген кредиттер сомасы 30,8 миллиард теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді ескермегенде, облыстық бюджеттен 453,3 миллиард теңге шығындар жоспарланды.
Бюджет шығындарының 74,5 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда. Денсаулық сақтау саласына 13,2 миллиард, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 28,1, мәдениет саласына 4,9 миллиард теңге қарастырылды. Спорт саласына облыстық бюджеттен 14,8 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаржыландырудың барлық көздерін қосқанда, 2024 жылға бекітілген даму бюджеті 82,3 миллиард теңгені құрайды. Білім, денсаулық сақтау, спорт нысандарын, тұрғын үй құрылысын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдау шараларына тиісті қаражаттар бөлінді.
Сессияда облыста қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев пен экология департаментінің басшысы Арсен Латыпов баяндама жасады. Олжас Елебекұлы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, құрылыс қалдықтары, тарифтер, кездейсоқ қоқыс орындары, су объектілерінде қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу, қас ақылықпен күре с, аңшылық шаруашылығы бойынша іс-шаралар кезең-кезеңмен іске асырылып жатқанын хабарлады. Ал, он бір айда атқарылған жұмыстарға тоқталған Арсен Хасенұлы мекеменің сынақ зертханасы 43 зертханалық зерттеу жүргізіп, онда 123 сынама алынып, 638 талдау мен анықтама жасалғанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 126 стихиялық қоқыс орны тазартылғанымен, Шу ауданында 33, Тараз қаласында 11 стихиялық қоқыс орны әлі тазаланбаған.
Мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Бегалы Ералиев жұмысшы тобы көз жеткізген бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды. «Соның ішінде полигондарда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жұмыстарында Байзақ ауданынан басқа әкімдіктер әрекетсіздік танытып отыр», – деді комиссия төрағасы.
Депутат Серік Қойбақов сессияның күн тәртібіне өңірдің экология мәселесінің қойылуын облыстағы экологиялық ахуалды жақсартуға, қоршаған ортаны қалыпты ұстауға және сақтауға үлкен мән беріліп отырғандығының көрінісі деп бағалап, өзінің бірқатар ұсынысын айтты. Серік Мамыртайұлының айтуынша, ормандарды өсіру және молайту жұмыстарына қажетті іс-шаралар үшін тұқым себетін агротехникалар, шынжыр табанды тракторлар, өрт сөндірушілерді тасымалдайтын автокөлік, жол талғамайтын көліктер және қасақылықтың алдын алуға ұшқышсыз ұшу дрон аппаратының қажеттілігі туындап отыр.
Сессияда депутаттар Гүлжан Тілеубердиева, Оралхан Дәуіт, Бақытжан Қалымбетов, Мейрамбек Дөненбаев, Керімқұл Бегалиев, Серік Қойбақов, Айман Әшімова облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және басқа да салаларға қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Ал, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде аймақ басшысы қолайсыз ауа райының әсерінен облыста орын алып отырған жағдайға тоқталды.
– Кеше біз Күйік асуында тоқтап тұрған көліктерге көмектесуге қатысты мәселені шештік, ал, Қордайда проблема күрделілеу болып жатыр. Кеше кешке ауданнан жабық тұрған трассаға ауыл маңынан шығып кеткен жедел жәрдем көлігі тұрып қалып, ішінде адамдар қалып қойғаны туралы хабарлама жетті. Дереу жедел штаб құрылып, «Оңтүстік» әскери қолбасшылығынан ауыр техника сұрадық. Қазір ғана хабар жетті, адамдар аман-есен табылды. Осындай жағдайда тиісті мекемелерді арнайы ауыр техникамен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Көлік министрімен сөйлесіп, бізге қуаттылығы өте жоғары, қалың қарды бұзып өтетіндей 4-6 техника сатып алу туралы келістік. Аймақтағы ахуал бақылауда, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сессияда облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу, инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған өңірлік кеңестің құрамын бекіту туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді