Тәрбие ұлт құндылығынан басталады

Тәрбие ұлт құндылығынан басталады
ашық дереккөз
Тәрбие ұлт құндылығынан басталады
«ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры Сәуле Мешітбаева «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты республикалық экспедициясы аясында №30 мектеп-гимназиясында кездесу өткізді. Ұстаз мәртебесі қайтсе биіктейді? Әрбір бала зерек, білімпаз болуы үшін не істеу қажет? Ел болашағы еңселі, ел іргесін қалайтын ұрпақтың ертеңі айқын болуы үшін қайтпек керек? «Ұядан не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала тәрбиесі – болашақ баянды болуы үшін, бүгіннен бастауды талап ететін ең басты мәселе. Жаулығының ұшына баласының жанын түйген ана атаулы бесігін тербетіп отырып, әлемді әлдилейді. Әкелердің де бала десе шығарға жаны бөлек. Тәрбие дұрыс болғанымен, тұлымшағы желбіреген баланың үлкенге берер құрметі мен кішіге көрсетер ізеті кейде ақсап жатады. Ондайда қандай ақыл қосуға, не істеуге болады? «Қыздың өзі – үйде, қылығы – түзде» деген сөз бар. Қырмызы қыздың от басып, қателікке бой алдыруының алдын алу үшін қандай, нендей үлгі көрсетіліп, ақыл айтылуы тиіс? Осындай тәлім-тәрбиенің негізіне құрылып, ұрпақ тәрбиесі атты басты мәселеге мән беріліп, отбасы ынтымағын сақтап қалу бағытындағы сұраққа жауап іздеген жиында ұстаз бен ата-ананың айтары мол болды. Ата-ананың бірі Айша Алиханова «Бала – болашағымыз. Бар жақсыны да сол балаға береріміз анық. Осы тұрғыда балаға үлгі көрсету үшін, ұлттық құндылық жөнінде сабақ өткізуді ұсынар едім. Заманауи ұрпақ ұлттық тәлім- тәрбиені тереңдеп түсінгенде оның ой- өрісі кеңейіп, бойына бар жақсы қасиетті сіңіреді деген сенімім мол» десе, енді бірі «Өзін-өзі тану» пәнін қайтаруды ұсынды. Сондай-ақ, жиын барысында ұялы телефоннан балаға келетін қауіптің зор екендігі айтылып, смартфоннан баланы алшақтатудың әдіс-тәсілі қарастырылды. Телефонның орнына қолына кітап ұстатып, баланы рухани байыта түсіп, оқушыларды білімге, әдеби кітаптарға қызығушылығын арттырудың берері мол екені айтылды. – Қоғамдағы барлық жат қылықтан бойымызды аулақ ұстау арқылы, балаға үлгі-өнеге көрсетеміз. Біз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Қазіргі заманғы әлеуметтік желінің пайдасы болғанымен, бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Жас ұрпақты мейірімділікке, инабаттылыққа, бауырмалдыққа бағыттауымыз керек. Ұлттық құндылық әр отбасынан бастау алуы шарт, – деген Сәуле Мешітбаева басқа да өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан жат қылықтардың теріс әсеріне тоқталып өтті. Кеш соңында әрбір жиынға қатысушы да өз тарапынан түрлі тақырыпты талқылап, өз ойын ортаға салды.    

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар