Жиде тал

Жиде тал
ашық дереккөз
Жиде тал
Бала күннің әр сәті – сарғайған сағыныш. Алыс ауылдың 13-14 үйлі шағын көшесінде тұрдық. Көршім Шона – менімен құрдас, сыныптасым. Сол Шонаның есігінің алдында бір түп жиде тал болатын. Өзі көшеге жақын, кең жерде орналасқан. Жалғыз тұрған соң ба, өте биік, бұтақтары да салалы. Жидесі көп. Күзде әлгі жейделер қап-қара болып піседі. Дәмі сондай тәтті. Көшенің бүкіл баласы сабақтан бос кезде сол жиде талға барушы еді. Жиде тал табиғат-ананың бізге берген сыйындай еді. Жидесін қанша жесең де, қанша терсең де таусылмайды. Әбден пісіп, жерге түскен дәндерінің өзі көп. Оны да теріп үлгере алмаушы едік. Шонаның ата-анасы да «Бәрің мұнда неге жүрсіңдер?», – деп ашулануды білмеуші еді. Шона, әпкесі Боби, інісі Мұрат бәріміз жидені бірге теретінбіз. Жазда талдың көлеңкесінің өзі талай адамға сая. Әйтеуір, табиғат-ана осы талды біздің көшеге жақсылығын төгу үшін жібергендей. Қазір ше? Ауылда да, қала маңында да бақтар бар. Кейде адамдар сол жердегі өнімге таласып жатады. Сондайда көз алдыма ауылдағы жалғыз жиде тал түседі. Жалғыз түп тал бір көше тұрғындарына жетіп- артылып жатушы еді. Қазір сол жалғыз түп жиде талдың орны да жоқ. Талай жыл бұрын бұталып кеткен. Шоналар да Тәуелсіздіктің елең-алаңында Тараз қаласының маңына көшіп алған. Ауылға барған сайын сол берекесі мол жиде талды іздеймін. Жақында біздің көшеге асфальт төселді. Ол – әрине жақсы. Бірақ, менің есімнен сол жалғыз түп жиде тал, көшенің шаңын бұрқыратып ойын балаларының сол жерге баратыны, жидеге тойып қайтатыны елестейді. Сол күндер ойыма орала береді. Бәлкім, қайта оралмас балалығымды іздеп жүрген шығармын.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар