Сан сапаны көтереді
Мемлекет үшін маңызды мәселе – демографиялық ахуал. Себебі сол, қай мемлекеттің де дамуына, ең алдымен, халық саны әсер етеді. Кез келген елдің ішкі-сыртқы дамуы тікелей халық санының өсімімен байланысты. Халық санын көбейтудiң бір жолы – табиғи өсiм. Ал, ол үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан-жылға жанданып келеді. Биылдан бастап көпбалалы отбасыларға бөлінетін жәрдемақының көбеюі көңілге қуаныш сыйлады. Мамандар еліміздегі табиғи өсімнің оң бағытқа ие екенін тілге тиек етеді. «2022 жылғы деректер бойынша туудың жиынтық коэффициенті 3,05 пайыз болды. Біз әу бастан көпбалалы анасы көп ұлтпыз. Сондықтан біздің балаға көзқарасымызбен бұдан да көбейіп, өсіп- өркендеуімізге үлкен мүмкіндіктер бар. Әр қоғам халқының өзінің өсу, өнудегі ерекше даму заңдылықтары болады. Бізді ойландыратыны, осы заңдылықтарды зерделейтін ешқандай ғылыми мекеме жоқ. Іздесеңіз, жалаң статистика мен сандарға ғана тап боласыз. Сондықтан демография ғылымының дамуы үшін арнайы ғылыми институт қажет. Бұл институт біздің жоспарымыздағы межеге ертерек жеткізуге апарады», – дейді социолог Ерлан Қуантқанұлы.
Халық санын көбейтудің екінші жолы – шетте жүрген қандастарымыздың елге қайтып келуі. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 7 миллионның үстінде ғана қазақ болса, 2012 жылғы дерек бойынша 10 миллионнан асып жығылдық. Тәуелсіздігіміздің 21 жылында республикадағы қазақтың саны 3 миллионға жуық адамға өсті. Осы уақыт аралығында шетелдерден атамекеніне оралған қазақтың саны 950 мың адамнан асты. Ата-бабамыз аңсап өткен егемендік бізге көбеюге де мүмкіндік берді. Ал, бұл демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. Демографияның атасы атанған ғалым, марқұм Мақаш Тәтімовтің «Қазақтар 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық. Мәселен, украиндар өз халқының 17 пайызын жоғалтты және жергілікті жерлерде, яғни елдің оңтүстігінде ғана. Қазақтар бүкіл Қазақстанның территориясында 49-дан 51 пайызға дейін кеміді», – дегені бар еді. Ғалымның зерттеулері бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10- 15 пайызға көп болған. Тіпті, түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Бұл тұста демограф ағамыз «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…», – деген өкінішін де білдірген болатын. Расында да, екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиындықтардан құтқарды. Халық көбеюдің жағына шықты. Өсе бастадық. Біздің ойымызша, сырттан келетін көші-қонды айтпағанның өзінде бірінші кезекте іштегі халық санының өсуіне жағдай жасау керек-ақ.
Халық саны тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерде туу көрсеткіші жоғары деген түсінік бары рас. Бірақ, статистикаға сенсек, туу бойынша ең жоғары көрсеткішке Маңғыстау облысы ие болып отыр. Түркістан облысының да туу көрсеткіші жоғары. Еліміздегі әрбір бесінші азамат осы өңірде дүниеге келеді. Қазақстан қалаларында туу көрсеткіші жағынан Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау қалалары тұр.
Президентіміз өз кезегінде осы мәселеге ерекше мән беріп, еліміздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуге күш салып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асады. Жақында ғана ақ түйенің қарны жарылып, Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы қарқынды тоқтатпай, демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табатын болса, 2050 жылға қарай 24 миллионға да жетеміз. Ал, оңтүстік аймақтардағы тұрғын саны 5,2 миллион адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дейін асып кетуі де мүмкін. Сондықтан бізде оңтүстік халқын солтүстік аймақтарға көшіруді қолдайтын «Серпін» бағдарламасы жұмыс істейді.
Соңғы 10 жылда ана өлімі – 3,7, бала өлімі – 1,5 пайызға дейін төмендеген. Бүгінде жыл сайын елімізде 300-400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуетіне де, медициналық қызмет сапасының артуына тікелей қатысты.
Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді