Жомарт жанның жақсылығы
Сарысу ауданындағы Жаңаталап ауылында бұрынғы саябақ қазір басқаша сәнге енген. Көркі көз тартады. Заманауи үлгіде жасалған биік қақпаның арғы жағында жолына өрнекті тас төселіп, көгалдың жағаларында шыршалар қатар сап түзеп тұр. Демалушылар үшін қойылған әдемі ағаш орындықтар да өзінің лайықты орнын тапқан. Осы ауылдан шыққан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында мерт болған қаһармандарға арналған ескерткіш-монумент тұрғызылып, алдынан «Құрметті азаматтарға» арналған аллея салынған. Бұл осы Жаңаталаптан шыққан кәсіпкер, «Sunservis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кеңесбек Егізбайдың ауылдастарына арнаған сыйы. Жомарт кәсіпкердің демеушілігімен қайта жасалып, жаңаталаптықтардың сүйікті орнына айналған саябақтың жер көлемі 0,4850 гектар. Жоба құны 40 миллион теңге болған саябақтағы аллея жанынан 110 метр ұңғыма құдық қазылып, 40 киловатт трансформатор қойылып, оған аллеяның жарықтануы қосылған. Аумағына 1335 шаршы метр брусчатка (200х100) төселіп, 12 дана қоқыс шелегі, 12 саябаққа арналған орындықтар және үлкен сахна орнатылған. Мұндағы жасыл алаңның аумағы 3700 шаршы метрді алып жатыр. Түнгі жарық үшін 35 шам және 5 бейнебақылау камерасы қойылған. Сәмбі талдан 15 дана және 150 түп шырша отырғызылыпты. Қазір өзі Шымкент қаласында еңбек етіп, сонда тұрып жатса да туған ауылына осындай ауқымды демеушілік жасаған іскер азаматқа ауылдастары риза пейілмен алғыс айтып жүр.
– Ауылдық округке 138 жеке кәсіпкер, 92 шаруа қожалығы тіркелген. Осындай кәсіпкерлеріміздің демеушілігімен бірқатар істер нәтижелі жүзеге асып жатыр. Мысалы, «Жомарт түлек» жобасы бойынша округтегі Жаңаталап және Ұйым ауылдарындағы көше атаулары берілген азаматтардың ұрпақтары мрамор тастан жасалған көше бағыттағыштар орнатты. Басқа да көше бағыттағыштар жаңа үлгіде демеушілер арқылы қойылды. Жоба аясында егістік жерде орналасқан зиратты үй жануарлары араламау үшін демеушілер тарапынан айналасы 1,2 гектар көлемге 3Д панель қоршауымен қоршалды. Кей кәсіпкерлеріміз жария қылмай да қайырымдылық істерді атқарып жүр.
Шүкір, ауылымыздың жағдайы жақсы. Шаруа қожалықтарымыздың 12-сі мал бағумен айналысса, 80 қожалық егіншілік мақсатында тіркелген. Оның ішінде жүзі «Аманат жобасы» аясында беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиеге тіркелген. Округте 7 азық-түлік дүкені, 1 монша, 1 желімдеу орны, 1 Қазпошта, кәсіпкерлік нысандары қызмет көрсетеді. Егін шаруашылығы бойынша жалпы 1847,9 гектар егістік жер көлемі бар. Оның 1791 гектар жер учаскесіне егістік отырғызылды. Атап айтқанда, 400 гектар дәндік жүгері, 100 гектар көкөніс дақылдары, 119 гектар бақша дақылдары, 15 гектар картоп, 1157 гектарға көпжылдық шөп егілді. Жоспар бойынша жерді игеру көлемі 96,9 пайызды құрайды. Ауылымызда 1464 бас мүйізді ірі қара, 27589 уақ мал, 690 жылқы бар. Ауыл тұрғындарының төрт түлігін бағу үшін ауылдық округ әкімі аппаратының теңгеріміне 6318 гектар көлемінде жайылымдық жер алынып, 1 құдық қазылды. Жалпы, мемлекеттің қолдауымен шаруа қожалықтары 9 құдықты жайылымдардан қаздырып, шаруаға пайдалануда. Білім саласы бойынша округте 1 колледж, 2 мектеп орналасқан. Онда 4 бағыт бойынша 233 студент, 351 оқушы дәстүрлі білім алып жатыр. Мәдениет саласында 2 клуб, 2 кітапхана бар. Ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Денсаулық саласы бойынша 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараттары 2018-2019 жылдары 10 келушіге арналып жаңадан салынған. Сондай-ақ, ветеринариялық пункт, учаскелік полиция пункті жұмыс жасайды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға берілетін көмек туралы айтсақ, жалпы ауылдық округ бойынша 2022 жылы 17 отбасының 107 адамы үшін 3,4 миллион теңге игерілді. Биыл 4 отбасына 1 183,7 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Бүгінде округте бір ғана отбасы әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркелген. Осының өзі ауылдағы ахуалдың жақсарып келе жатқанын байқатады, – дейді ауыл әкімі Темірлан Абдраев.
Бұл округте 259 аула, 1902 халық бар. Оның ішінде 1077 адам Ұйым ауылында тұрса, 825 тұрғын Жаңаталапта қоныстанған. Биыл ауылдық округте салық түсімдері 961 мың теңге болып жоспарланған. Жоспар 1786,7 мың теңгеге артып, 185,9 пайыз орындалыпты. Яғни, 825,7 мың теңге артық түсім түсірілген. Көлік салығы 203,3 пайыз (1 626,7 мың теңге), мүлік салығы 99,3 пайыз (160 мың теңге) орындалған.
«Ауыл аманаты» жобасына округтен 111 аула қатысқан. Жеңілдетілген несие алған азаматтар 165 мүйізді ірі қара, 1003 қой, 140 жылқы, 33 түйе сатып алған. Жобаның 4-бағыты – кооперативтерді жабдықтау және құру бойынша «Жаңаталап 23» ауылшаруашылық кооперативі құрылып, қазіргі таңда аталған кооператив 2 трактор алыпты. Жобаның 5-бағыты бойынша тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыруға 1 көлік жөндеу орталығын, 1 газоблок кірпіш өндіру цехын және 2 шағын сауын сиырлар ұстау базын ашуға құжаттар жинақталып жатқан көрінеді. Бүгінде бұл ауылда 18 жұмыссыз тіркелген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді