«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Менің әжем

Менің әжем
ашық дереккөз
Менің әжем
17 жасымда ауылдан қалаға келген жылы әкем мені орыс апайға табыстады. «Еліктей ерке қыздың етегін жинап, есін жидырсын» деген ниеті ауыл қызын қаталдығы жетіп артылар әжейге аманат етіп кете барды. Бір ауыз орысша білмеймін. Алып жердің бетінде адамды түсіну үшін тіл емес, жылы жүрек қана қажет екенін сонда ұқтым. Күн өткен сайын әжейдің қаһарлы жүзі жылып, әлемдегі ең қамқор анаға айнала бастады. Таңалакеуімнен кірген ас үйден күн бата шығатын. Оған себеп – мен тамақты аз ішемін және тым арық екенмін. Киімімді жуып, көйлектерімді үтіктеп, ас-ауқатымды дайындау да әжем үшін бір бақыт. Мені ештеңеге араластырмай, бәрін өзі істегенді қалайтын. Бөлмеміз ғана бөлек еді. Менің бөлмеме ұрлана кіріп, шиша бөтелкеге сүт қатылған шай құйып, бәліштердің сан алуан түрін маған білдірмей сөмкеме салып кету әжейдің сүйікті ермегіне айналған. Ал, кеш бата тағдыры жайлы сыр шертеді. Соғысқа қатысқан. Қан кешіп жүріп, ән салғанын, гүл тергенін айтады. Москвада жалғыз қызы бар еді. Соны сағынып жылайды. Сосын мені құшақтай алып: «Сені маған Құдай берді» деп қуанады. Сәлден соң: «Таңертең оянбасам хабарлас», – деп қызының телефонын береді. Сол сәт ең аяулы адамымды қимай «өлме» деп мен егіле жылаймын. Соңыра бір жастықта бас түйістіріп, құшақтаса ұйықтаған екі жүрек айырылысар күнді ойлап, таңға күрсініп шығатынбыз. Бірде қызы маған хат жазды. Хатында анасының бөтен қызды жақсы көретінін, қызғанып қалғанын жасырмады. «Жуырда шешемді алып кетем», –депті сағынышқа толы жазбасының соңында. Бірде әжей басқа үйге көшетін болды. Мен туыстардың үйіне кеттім. Жеңгем құрақ ұшып қарсы алса да, ойымда әжем тұрды. Таң қылаң бере үйден қашып шығып, көше кезіп, жаяулатып әжеме тарттым. Ағаш қақпаны тоқтаусыз ұрғылай бердім. Ар жақтан әжем аңырап: «Дочка, это ты?» деп жылап келе жатты. Есікті аша сала айқасқан құшақтар сол күні кеш батқанша айырылыспады. Кешке күн қызара батқанда «Туыстарың уайымдайды, қайта ғой» деп, шығарып салды. Айырылысар сәт жеткенде жолдың ортасында қайта құшақтаса кеттік. Көлік жүргізушілері тоқтаусыз ысқырып жатыр. Жиналған адамның айқай-шуы. Бірі маған, бірі әжеме жармасып, екі жаққа тартады. Бірақ, біздің айқасқан құшаққа ешкім де, ештеңе де әсер етпеді. Өйткені, адамдар тартқан сайын біз бір адамға айналып, біте қайнасып бара жатқандай ауыр күй кештік. Соңыра тағдыр жеңді. Мен әжемді тастап, ауылға кайттым. Араға бірнеше ай салып, әжемнің қақпасын қайта қақтым. Көшіп кетіпті. 20 жыл іздедім. Өлгеніне, өлеріне сенбедім. Бірде Қарттар үйіне жұмыс бабымен бардым. Әлдекімнің аңырап жылап: «Доченька» деген даусын естігенде орнымнан үш оқталып әзер тұрдым. Өмір жолындай айқыш-ұйқыш әжімдердің арғы жағынан кәрі көзі тесіле қарап: «Тамақтанып жүрсің бе?» деді ғой, әжем. Мен сені әрең таптым ғой! Ұзақ сырластық. Қызы сол күйі келмегенін айтып мұңайды. Үш күннен соң келетінімді айтып, қоштасқан едім. Уәде бойынша араға үш күн салып, есігіңді қақтым. Әттең, тағы да тағдыр жеңді. Менің қайта келгенімді күтпей, өмірден озғанын естідім. Қош, аяулым...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар