Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды
ашық дереккөз
Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның міндеті» тақырыбында өткен ашық форумға қатысты. Облыс орталығындағы «Оқушылар сарайында» өткен іс-шара өңірлік прокуратура жанындағы консультативтік кеңестің бастамасы болды. Жиын барысында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бұл мәселенің маңыздылығына айрықша көңіл бөліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екендігін атап өтті. – Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырғаны белгілі. Ел Президенті Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Жол, ғимарат, киім- кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», – деді. Жалпы, өңірімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард 765 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 238 білім беру ұйымы жедел басқару орталығына интеграцияланып, 257-сі дабыл түймесімен жабдықталды. Сондай-ақ, 151-і мамандандырылған күзетпен, оның 149-ы турникетпен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғасатын болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі де қатаң бақылауға алынуы қажет. Осы жылдың 10 айында облыста кәмелетке толмағандар арасында 78 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Осы бағыттағы шараларды тиісті құзырлы органдармен бірлесе күшейтіп, әрі қарай жандандырған жөн. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықпен бірге, оларға қарсы жасалатын қылмыстарды да назардан тыс қалдырмау керек. Осы мақсатта 2023-2025 жылдарға арналған облыстық кешенді жоспар жобасы әзірленді, – деген Ербол Қарашөкеев оқушылар арасындағы буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайлары алаңдатарлық мәселе екенін айтып, әлеуметтік желінің ықпалы аса белсенді кезеңде балаға сапалы біліммен қатар мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс екендігін еске салды. Бұдан кейін, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалардың өз мәселелерін жасыратынын, осы тұрғыда жан-жақты жұмыстар жүргізу керектігін жеткізді. Ол өз сөзінде әрбір бала жағымсыз салдар мен жариялылықтардан қорықпай, өз проблемасы жөнінде хабарлай алуын қамтамасыз етуге назар аударуды ұсынды. Сондай-ақ, ол «Жамбыл облысы прокуратурасының консультативтік кеңесінің жанынан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі штаб ашылатындығын айтты. Бұл ретте оқушылар үшін уәкілетті органдарды өз проблемалары туралы анонимді түрде хабардар ету мүмкіндігіне ие «Саған көмек!» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Сонымен қатар, басқосуда облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзин бірқатар көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы шараларды кеңінен баяндады. Ал, жиын соңында «IT Group Kazakhstan» серіктестігінің директоры Айжан Сабурова «Komek Stop Bullying» жобасын таныстырса, Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов пен психология ғылымдарының кандидаты Гульжан Вероцкая ұсыныс-пікірлерін білдірді. Айта кетейік, бүгінде психологиялық көмекті қажет ететін оқушылар мен колледж студенттері арасында дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+» пилоттық жобалары сәтті жүзеге асуда.  

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар