Аға буынның абыройлы міндеті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан зиялы қауымның, оның ішінде ардагерлердің, ақсақалдардың қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратынын халыққа жолдаған әрбір Жолдауында үнемі айтып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалар туралы, жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы әрбір үлкен-кіші қазақстандықтың күнделікті құлағдар болып отыруы үшін, олардың әрқайсысының санасына ағымдағы мәселелерді тереңінен әрі түсінікті түрде жеткізу, насихаттау ісінде біздің жамбылдық ардагерлеріміздің де орны ерекше. «Ардагерлер ұйымының жұмысына қолдау жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы. Өңірімізде өткізіліп жатқан әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени-бұқаралық іс-шаралардың барлығында облыс ардагерлерінің қолтаңбасы барын ескерсек, «Халықтан қайырымдылықты, қариядан пайымдылықты үйренуге болатынын» танымдық пәлсафасымен нақылға айналдыра білген нағыз қазақылығымыздың ғұрпы да көпшілік жұртқа әуелі осы ақылман абыздарымыздан даритынын бағамдау қиын емес.
Биыл Республика күнінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын Мемлекет басшысының өз қолынан алған Бақтықожа Ізмұхамбетов мемлекетіміздегі «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігін басқаратын қайраткер тұлға. Осы ұйымның Жамбыл облыстық филиалында да өнімді жұмыс атқарылуда. Жақында Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Еркінбек Солтыбаевтың модераторлығымен облыстық ардагерлер кеңесі президиумының кезекті мәжілісі өтті. Онда Жуалы аудандық ардагерлер кеңесі мен Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің елдегі «Аға ұрпақтың өмір сүру сапасын арттыру жөнінде» кешенді жоспарды жүзеге асыру бағытында, ардагерлердің, жалпы зейнеткерлердің тұрмыс жағдайын, оларға қызмет көрсетудің мәдени- тұрмыстық, медициналық және басқа да түрлерін жақсартуға бағытталған жұмыстары туралы мәселелер қаралды.
Төралқа мәжілісіне облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасының басшылары, облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары, «Қазпошта» қызметкерлері, облыс орталығындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері және Жуалы, Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары, осы мәселеге қатысты жауапты қызметкерлері шақырылды. Жуалы және Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары С.Жұмашев пен Б.Сырлыбаевтың аталған мәселе бойынша атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды.
Жамбыл ауданының 17 ауылдық округінде 86 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 8284 зейнеткер бар. Солардың қатарында Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестірілгендер саны 91, тыл еңбеккерлері саны 159, ардагерлердің жесірлерінің саны 22, жалғызбасты қарттар саны 10, жүз жастан асқан ардагерлер саны 3. Бүгінде ауданның Айша бибі ауылында 107 жасқа келген Чолпан Адайбаева, 105 жасқа келген Айман Дүзелбаева және 105 жасқа келген Гродеково ауылының тұрғыны Сұлтан Османқызы Тавли- оглы тұрып жатыр. Осы санаттағы қарттар ауыл әкімдерінің, ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымдарының, ауыл жастарының үнемі назарында және қамқорлығында. Қариялардың тыныс-тіршілігін бақылауда ұстау мақсатында арнайы зейнеткерлік әлеуметтік карточкалар толтырылып, арнайы жинақ папкалар жасалған. Аудан ардагерлеріне әлеуметтік- тұрмыстық қызмет көрсету мәселесі аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысында үнемі қаралып отырады.
Жағдайы төмен, жалғызбасты адамдарға «Асарлатып үй салу» акциясы жалғасын табуда. Осы игі істің басында ауыл ақсақалдары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының мүшелері жүреді. Айталық, Аса ауылдық округіне қарасты Рахат ауылында 86 жасқа келген белсенді ақсақалымыз Бейсенбек Асқаровтың ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары әлеуметтік аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен Анарбекова Азиза және Салпағаров Халистың отбасыларына екі үй соғып берсе, Жасөркен ауылында ауыл ардагерлерінің ұйымдастыруымен ауыл азаматтары мен кәсіпкерлер үш баланы жалғыз өзі бағып отырған Эльмира Төлтаеваға қажеттісі жиһаздармен жабдықталған төрт бөлмелі тұрғын үйді табыстады. Қаракемер ауылында ауыл ақсақалдары ұйытқы болып Ә.Қабанбайға және Ә.Тоқбергеновке жаңа үйлердің кілтін тапсырды. Мұндай қайырымдылық істер басқа да ауылдық округтерде жүргізілуде.
Соңғы жылдары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында ауданда «Қайырымдылық дүкендері» ашыла бастады. Бұл бастама Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық ауылында, ардагерлер кеңесі және ауыл жастарының ұйымдастыруымен іске асты. Ауыл тұрғындары жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетіп дүкендерге киімдер, балалар киімдерін, оқулықтар, тағамдар өткізеді. Дүкендер әр аптаның жұма күндері жұмыс істейді. Мұқтаж адамдар сол күндері дүкендерге келіп, керек заттарын алып тұрады. Бір айта кететін жайт, осы елді мекеннің ақсақалдары ортақ шешім шығарып, Шайқорық ауылын салауатты ауыл деп жариялап, дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салды. Бұған дейін ауыл ақсақалдарының бастауымен Жалпақтөбе ауылы салауатты ауыл санатына енген болатын.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында көтерген өзекті мәселелерді жүзеге асыруға байланысты туындайтын міндеттерді, сондай-ақ Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Ережесіне және Республикалық ардагерлер съезінің, Пленумдарының қаулы-қарарларына сәйкес, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа шешімдерін, облыс әкімдерінің, аудан әкімдерінің ұстаған саясаты мен нұсқауларын басшылыққа ала отырып жыл сайынғы жоспарларына сай жүйелі жұмыстар атқарып келе жатқан Жуалы аудандық ардагерлер кеңесі де қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет түрлерінің сапалы көрсетілуіне, жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүріне баулуда, олардың ұлттық құндылықтар үрдісі мен патриотизм негізінде тәрбиеленуіне ықпал етіп отыр.
2023 жылдың 10 айлық қорытындысы бойынша 695 жуалылық ардагер стационарлық ем алып шыққан. Олардың ішінде 205-і аудандық орталық ауруханада, 455-і Жамбыл облысы деңгейінде, ал, 32- сі басқа да облыстарда, 3-і республикалық деңгейдегі ауруханаларға жолдамамен жіберілген.
Ардагерлерге және басқа да тұрғындарға, жасы, жынысы, дертінің түріне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрықтарға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі.
Екі аудан ардагерлері де мәдени-көпшілік шараларға қатысып, халықтың ұлттық руханиятын көтеруде аса белсенділік танытып келеді. Жамбылдықтарда жылда ауданда ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлерді насихаттауға, жандандыруға арналған «Ауылым – алтын бесігім» фестивалі өтіп тұрады. Биылғы фестиваль қыркүйек айынан бастау алып, 17 ауылдық округте өтті. Мерекелік іс-шара барысында қазыналы қарттар құттықтау сөз сөйлеп, баталарын берсе, ақ кимешекті әжелер шашу шашты. Арнайы тігілген киіз үйлердің маңында күбі пісіп, май алып, жүн иіріп, қол диірменін тартқан әжелер ауылдың алтыауызын айтты, көнекөз қариялар тамашалаушы көпшілікке қолөнер бұйымдарын ұсынды. Аудан ардагерлерінің белсенділігі, ұйымшылдығы маусым айында аудан топырағында өткен облыстық «Қымызмұрындық-2023» этнофестивалінде де керемет көрініс тапты.
Жуалылық ардагерлер де ауданның 95 жылдығына барлық ауылдық округтерде және аудан орталығында «Жуалы – құт мекенім» деген атпен өткізілген облыстық мерейтойға ауызбірлікпен атсалысып, өнер мен мәдениет, ұлттық-рухани құндылықтар паш етілген фестивальде зор белсенділік танытты. Алғыс айту күніне байланысты Б.Момышұлы, Қарасаз ауылдық округтерінде ұйымдастырылған «Алғысым шексіз» атты кештердің де тәрбиелік мәні зор болды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс- шара да айтулы оқиғаға айналды. Қоғамдық келісім және ұлттық бірлікті нығайту мақсатында бір шаңырақ астындағы этно-мәдени бірлестік өкілдеріне арнайы кабинет беріліп, онда әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық құндылығы саналатын тұрмыстық- мәдени жәдігерлері орналастырылды. «Тарихқа тағзым» мерекесіне орай ұйымдастырылған көрмеге «Мехрибан шаңырақ» Әзірбайжан ұлттық орталығы, «Славян», «Өзбек» ұлттық орталықтары, шешен, неміс этно-мәдени бірлестік өкілдері ұлттық тағамдары қойылған дастарқан жайылды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтілген мерекелік шараға өзбек, әзербайжан, славян, неміс, шешен өкілдері қатысып, облыстан келген аудан қонақтары мен тұрғындарын өздерінің сүттей ұйыған бірлігімен және өнерлерімен тәнті етті. Бүгінде Жуалы жерінде 11 этнос, 5 этно-мәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүріп отырғанын айта кету керек.
Алқа мәжілісінде «Қоршаған ортаны қорғау», «Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау», «Отбасы-демографиялық саясат, гендерлік теңдік, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау мәселелері туралы», «Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жетім балаларға, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға көмек», «Тарихи-мәдени мұраны қорғау», «Мәдениет пен өнерді дамыту», «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту», «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу» жайлы өзекті тақырыптар да қамтылды.
Республикалық «Ардагерлер айнасы» мен облыстық «Ғұмыр-Дария» газеттеріне және «Қарахан» журналына 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына жазылуды ұйымдастырудағы Сарысу, Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңестерінің жұмыстары сарапталды. Облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық билер кеңесінің аппараты дайындаған мәліметтер назарға алынып, аймақтағы аудандық кеңестер төрағаларының ой-пікірлері хаттамаға енгізілді. «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы, төралқа мүшесі Ж.Миллионов пен «Қарахан» журналының бас редакторы С.Досымбековтің баяндамалары мен тұрақты комиссия мүшелерінің ұсыныстары бойынша қаулы қабылданды. Талданып, талқыланған мәселелер алдағы уақыттарда облыс ардагерлеріне тән жариялылықпен іске асатын болады.
Әділ әрі озық Мемлекет құруды көздейтін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен жаһандық бастамаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға белсене атсалысу – аймақ аға буындарының да ортақ мақсаты.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді