Жалған ақпарат: ҚҰТЫРУ МЕН ТҰТЫЛУ БІР-АҚ СӘТ

Жалған ақпарат: ҚҰТЫРУ МЕН ТҰТЫЛУ БІР-АҚ СӘТ
ашық дереккөз
Жалған ақпарат: ҚҰТЫРУ МЕН ТҰТЫЛУ БІР-АҚ СӘТ
Технология мен техника дамып, түрленген сайын көрінеу жалған ақпарат таратушылардың саны көбейіп барады. Әрине, замананың озығының игілігін көрген дұрыс-ақ. Дегенмен, көп жағдайда оқырман сауатсыздықтың, ақпараттың жалған-растығын ажырата алмағаннан опық жеп жатады. Оның үстіне, бүгінде не көп, блогер көп. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған «қоғам белсенділері» шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді. Бұрын тек ойын-сауық құралы ретінде қабылданған әлеуметтік желілердің қазіргі таңда мәртебесі мен әлеуетінің өскені соншалық, қарапайым халық онда жариялаған мәлімдемелерге мойынсынуда. Бұдан бөлек, WhatsApp мессенджерінде: «Белгісіз біреулер балаларға мектеп, дүкен, көшелерде есірткі қосылған конфет таратып жатыр. Соның әсерінен балалар уланып, ауруханаға түсіп, қайтыс болыпты» деген аудиохабарлама таралғаны тағы бар. Шын мәнінде, бұл – жалған ақпарат. Еліміздің Ішкі істер министрлігі осынау жалған ақпарат таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан болатын. Рас, дәл қазір жан-жақтан ағылған ақпаратта шек жоқ. Олардың жалған болуы әбден мүмкін. Ал, ақпараттың көптігінен оларды қорытып та үлгере алмай жатамыз. Тіпті, кейде ақ- қарасын ажыратпастан сол күйінде таратып жіберетіндер де кездеседі. Қазір әлемге бір ақпараттың таралуына 10 секундтың өзі жеткілікті. Өйткені, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аламыз. Мұның өзі техниканың жетістігі. Десе де, зияны да жоқ емес. Мұндай жалған ақпаратты қасақана тарату азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс- әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірері сөзсіз. Сонымен қатар, мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін жайлар туындауы өз алдына бөлек әңгіме. Жасыратын несі бар, бұл күнде ойнап жүріп от басқан талай жанды көріп жүрміз. Өкініштісі, жалған ақпарат тарататындар бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Олар мұндай ісі үшін жауапкершілікке тартылатындарын біле бермейді.

ТАБИҒИ ҚОРҒАНЫС ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?

Біраз уақыттан бері әлеуметтік желі қолданушылары т анымал тұлға Галина Червонскаяның сөзін талқылауда. Оның айтуынша, вакциналар зиянды және қауіпті, сондай-ақ бес жасқа дейін вакцинацияланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше табиғи қорғаныш дамиды. Әрине, бұл олай емес. Ендеше, түсіндіріп көрейік. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Галина Червонская вакцинацияға қарсы тұлға ретінде кең танылғанынан хабардармыз. Ол мамандандырылған медициналық білімі бар екенін дәлелдемей-ақ мыңдаған ата-ананы, балаларды вакцинациялаудан бас тартуға көндіре алды. Ол ақылы дәрістер мен семинарлар өткізіп, белгілі бір төлем үшін телефон арқылы да кеңестер берген. Десе де, жаңа ғасырдың басында Червонскаяның танымалдығы бәсеңдеді. Бірақ, COVID-19 пандемиясы кезінде оған деген қызығушылық қайтадан арта түсіп, ол тағы да танымалдылыққа ие бола бастады. Ал, 3 жыл бұрын Червонская жалған ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «ВРАЛ құрметті академигі» сыйлығына ие болды. Оның бес жасқа дейін вакцинацияланбаған балаларда ауруларға төтеп беретін ерекше қорғаныш дамиды деген пікірі өтірік. Бұл мәлімдеме шын болса, онда 1796 жылға дейін яғни, Эдвард Дженнер шешекке қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаны ойлап тапқанға дейін, барлық адамдарда аурудан ерекше қорғаныш болуға тиіс еді. Алайда, олай болмағаны айдан анық. Жоғарыда аталған табиғи шешектен жыл сайын шамамен 5 миллион адам қайтыс болса, оның ішінде балалар да бар. Бірақ, көптеген мемлекеттерде шешекке қарсы вакцина міндетті болып енгізілгеннен кейін, бұл ауруды жұқтыру ықтималдығы азайды. Жалпы, 1980 жылдан бастап ауру басылды деуге болады. Өйткені, сол кезден бері бірде-бір адам онымен ауырмаған. Бұл полиомиелитке де қатысты. Онымен көбінесе бес жасқа дейінгі балалар ауырады, сондықтан ересек балаларды егу нәтижесіз. Айта кетейік, полиомиелитке қарсы екпе әзірленгенге дейін балаларда полиомиелиттен қорғайтын табиғи механизм болмаған. Вакциналар әлемде осы аурумен сырқаттанушылықты 99 пайыздан астамға төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жыл сайын вакцинацияға қарсы адамдар санының артуына байланысты қызылша ауруының ошақтары тіркелуде. Бұл ретте науқастардың басым бөлігі – вакцинацияланбаған балалар. Бұл оларда табиғи қорғаныш дамымағанын көрсетеді. Вакцинация – бұл балаларға «шағын ауруларды» жұқтыру деген тұжырым ойдан шығарылған. «Шағын ауру» терминін Червонская енгізген. Оның вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ. Екпеден адамға ауру жұқпайды, ол адам ауру жұқтырса да, иммундық жүйеге патогендерді тануды және оларға аурулардың дамуына жол бермейтін антиденелер қалыптастыруды «үйретеді».

«ҒАЖАЙЫП ҚАСИЕТТЕРГЕ» ИЕ ДИМЕКСИД

Жуырда Instagram әлеуметтік желісінде димексид препаратының «ғажайып қасиеттері» жөнінде ақпарат тарады. Мәліметке сүйенсек, димексид препараты қатерлі ісік, қант диабеті, инсульт, деменция және ауыр инфекцияларды емдейді екен. Оны ішуге, көктамырға және бұлшықетке салуға және ингаляциялар жасауға болады. Расында, бұл ұсыныстар жалған әрі денсаулыққа аса қауіпті. Қатерлі ісік пен басқа ауруларды емдеудің халықтық әдістерін насихаттайтын аккаунтта димексид көптеген ауруларға панацея деп жазылған. Жоғарыда айтылғандардан басқа, ол шизофренияның өткір кезеңінде, соның ішінде алкогольдік психоздарда және аутизмде көмектеседі. Бұл препаратты қандай дозаларда немен араластырып ішу керек және оны қалай қолдану керектігі түсіндірілген. Ресейлік химик Александр Зайцев диметилсульфоксидті (димексид, DMSO) 1866 жылы синтездеген. Ғалымдар бұл химиялық зат қағаз өнеркәсібінде және ағаш өңдеу кезінде жанама өнім екенін анықтады. XIX ғасырда препарат туралы зерттеулер болған жоқ. Димексидтің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылғаны белгілі. Ауруханаларда онымен жара ларды, сынықт арды және жарақаттарды емдеген. Ал, 1958 жылы химиктер диметилсульфоксидтің жақсы еріткіш қабілеті бар екенін анықтады. Екі жылдан кейін препараттың өнеркәсіптік өндірісі басталып, ғылыми-зерттеу қолға алынды. 1963 жылы АҚШ-та димексидке алғашқы клиникалық зерттеу жүргізілді. Бүгінгі күні препарат қабынуға қарсы және анальгетик зат ретінде қолданылады. Димексидті қолдану жөніндегі нұсқаулықта тірек-қимыл аппаратының қабыну ауруларын кешенді емдеуге жарамды деп жазылған. Атап айтқанда, соғылған жерлерді, ревматоидты артритті, іріңді жараларды емдеуде қолданылады. Қолдану аясы – тек сырттай ғана, компресстер немесе тампондар үшін. Қарсы көрсетілімдер – инсульт, атеросклероз, стенокардия және глаукома. Димексидтің нұсқаулықта көрсетілмеген басқа ауруларды емдеуде дәрі ретінде тиімді екендігіне ғылыми дәлелдер жоқ. Америкалық қатерлі ісік қоғамы димексидтің қатерлі ісікті емдеудегі пайдасын растамайды. Дәрігерлер қатерлі ісік ауруы кезінде балама медицина өлімге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Оның жақсы еритінін біле тұра, автомобиль әуесқойлары димексидті қозғалтқыш бөліктерін тазарту үшін пайдаланады. Алайда, кірден басқа, ол бояу мен резеңкені ерітіп жібереді. Сондықтан, тазалаудың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Қорыта айтқанда, димексидті ішуге де, инъекция салуға да, ингаляция жасауға да болмайды. Препараттың қатерлі ісік немесе қант диабетін емдейтініне ешқандай дәлел жоқ. Ендеше, дүмше дәрігерлерге сеніп, денсаулығыңызға қауіп төндірмеңіз.

ВАКЦИНАЦИЯ АУТИЗМНІҢ ПАЙДА БОЛУЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

25 жылдан бері екпелер аутизм тудыратыны жөнінде қауесет тарап келеді. Мәселен, бірер ай бұрын Қазнетте осындай жарияланым жарық көрді. Хабарламада: «Аутизмнің таралуы мен вакцинация арасында нақты өзара байланыс бар» деп жазылған. Десе де, фактчекерлер бұл ақпарат фейк деп хабарлауда. Атап өтерлігі, аутизм спектрінің бұзылуының (ASD) себебі біреу ғана емес. Негізгі қауіп факторларының ішінде дәрігерлер тарапынан генетикалық бейімділікті айтуда. Ал, вакцинация аутизмнің пайда болуына әсер етпейді. Британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилд 1998 жылы The Lancet беделді медициналық журналында Англиядағы қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы стандартты MMR вакцинасын аутизммен байланыстырған зерттеу жариялады. Экспериментке барлығы 12 бала қатысты. Олардың ішінде 9 жасөспірімнің ата- анасы Уэйкфилдке балалардың мінез-құлқы мен сөйлеу бұзылыстары MMR екпесінен кейін пайда болғанын айтқан. Мақалада осы сөздерден басқа ешқандай дәлелді негіз келтірілмеген. Ал, қорытынды біржақты болды. Яғни, үш компонентті вакцина балалар үшін қауіпті. Кейіннен дәрігердің қаржылық қызығушылығы болғаны анықталды. 1996 жылы Уэйкфилд ағзада қызылша вирусының іздерін анықтауға мүмкіндік беретін экспресс-тестті патенттеді. Ол аутизммен ауыратын балаларды осы әдісімен тексермек болды. Егер тест нәтижесі оң болса, ата-аналар вакцина өндірушілерін бірден сотқа бере алар еді. Көптеген ғылыми-зерттеулерден кейін Уэйкфилдтің мақаласы ғылыми тұрғыдан да, этика тұрғысынан да қате деп танылды. 12 жылдан кейін жарияланым журналдан алынып, Уэйкфилд алдағаны және алаяқтық жасағаны үшін лицензиясынан айырылды. Көптеген дәрігерлер мақаланы жалған деп атады. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, Уэйкфилдтің қате тұжырымдары әлемде скептицизм мен вакцинациядан бас тарту толқынын тудырды. Осы уақыт ішінде қызылша ауруының ошақтары Еуропада, АҚШ-та және Австралияда тіркелді. Билік кейде антиваксерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Вакцинация міндетті болып табылады. Ал, кейбір елдерде одан бас тартқаны үшін айыппұл салынады.

РАДИОЛОГ РАС АЙТТЫ МА?

Канадалық дәрігер Уильям Макис Telegram- да жарияланған видеода «турбо қатерлі ісік» деп атаған жаңа аурудың жастардан анықталуына алаңдаушылық білдіреді. Оның сөзінше, адам баласы қысқа уақыт ішінде бұл аурудан көз жұмады екен. Шындығында, бұл жалған. Біріншіден, «турбо обыр» деген термин медицинада қолданылмайды. Жалпы, бұл аурудың белгілері, себептері мен салдары жоқ. «Турбо қатерлі ісік» туралы алғашқы фейктердің тарағанына бір жылдай болды. Канадалық дәрігер Чарльз Хоффе COVID-19 қарсы вакциналар иммундық жүйеге зиян келтіреді, соның салдарынан өтпелі қатерлі ісік пайда болады деп мәлімдеді. Мысал ретінде ол өзінің 61 жастағы пациентін келтірген. Вакцинациядан кейін бір жыл өткен соң одан өкпе мен омыртқа қатерлі ісігі анықталған. Науқастың бұған дейін ісіктердің бар-жоғына тексерілген-тексерілмегені белгісіз. Нәтижесінде, Колумбияның дәрігерлер мен хирургтар колледжі Хоффені жалған ақпарат таратты деп айыптады. Кейін ол жұмыстан шеттетілді. Хоффе ісін эпидемиолог Харви Риш жалғастырды. Йель қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің эпидемиология профессоры коронавирусқа қарсы екпе тез өршитін қатерлі ісікке серпін береді деп мәлімдеді. Дәрігерлер бұл мәлімдемені ақылға қонымсыз деп, дәлелдемелерді талап етті, бірақ ештеңе табылмады. Риш бұған дейін COVID-19- ды гидроксихлорохинмен емдеуге болады деген. Жүргізілген зерттеулер бұл тұжырымды толығымен жоққа шығарды. Ал, жақында «турбо обыр» идеясын канадалық радиолог Уильям Макис насихаттай бастады. Өткен жылы фактчекерлер оның сөздерін жоққа шығарды. Уильям Макистің жастар арасында «турбо қатерлі ісік» таралып жатқаны туралы ақпаратына АҚШ-тың онкологиялық хирургі Дэвид Горски назар аударады. Уэйн университеті медицина мектебінің хирургия профессоры Макистің өзін онколог деп атағанына таңғалды. Ол радиолог, сондай-ақ медициналық лицензиясынан айырылған. Оның барлық мәлімдемелері ғылымға қарсы және дәлелсіз. Бүгінгі таңда қатерлі ісіктердің баяу дамитыны дәрігерлерге белгілі. Мысалы, дәрігерлер байқамайынша, сүт безі мен ішектегі қатерлі ісік жасушалары скрининг немесе қабылдау кезінде 10 жыл бойы өседі. Заманауи технологиялардың арқасында дәрігерлер онкологиялық аурулар туралы көп ақпарат алуда. ДНҚ-ны оқу болашақта ісіктерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, көптеген адамдардың өмірін ұзартады. Чарльз Хоффе, Харви Риш және Уильям Макис вакцинация қатерлі ісіктердің дамуына түрткі болатынын растайтын зерттеулерді бірге де, бөлек те жүргізбеген. Осылайша, антиваксерлердің «турбо қатерлі ісік» жөнінде мәлімдемелері ойдан шығарылғаны белгілі болды.

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ НЕ СЕБЕПТІ ӨРШІП КЕТТІ?

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде қызылшамен ауырғандар санының артуын талқылауда. Осындай хабарламалардың бірінде Қазақстанда қызылшаның өршуіне ел аумағында орналасқан «АҚШ биозертханалары» себеп болған делінген. Қауіпті мекемелер аурудың таралуы тіркелген жерлерде орналасқан екен. Тағы бір хабарламада, Шымкентте вирус шашатын автобус жүр. Кейбір желі пайдаланушылардың айтуынша, мектептерде міндетті түрде маскамен жүру қажет. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұл қауесеттерді жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған қызылшаның таралуы АҚШ зертханаларымен байланысты екендігі, сондай-ақ Шымкентте вирус шашатын автобус жүргені туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды. Сондай- ақ, білім беру мекемелерінде қызылшаның таралуына байланысты маска тағу режимін енгізу қарастырылмаған. «Қазақстанда балалар арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде жоспарлы егулерді өткізіп алумен, медициналық шеттетулермен, ата-аналардың вакцинациядан бас тартуымен және вакцинацияның зияны туралы жалған теріс ақпараттың таралуымен, соның салдарынан вакцинамен басқарылатын инфекцияларға бейім адамдар санының көбеюімен байланысты. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен барлық азаматтардан ресми ақпарат көздерінен алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуді сұраймыз», деп хабарлады аталған министрліктің баспасөз қызметі. Жалпы, қызылша ауа тамшылары арқылы берілетін және ауыр асқынуларға, сондай-ақ өлімге әкелуі мүмкін жедел жұқпалы вирустық ауру. 2000-2021 жылдары қызылшаға қарсы вакцинациялау нәтижесінде 56 миллион адам аман қалды. Елімізде 2023 жылы 1 қарашада Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық- профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы шықты. Осы жылдың 6 қарашасында қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 6 айлық баладан 10 ай 29 күндік балаларға екпе салынуда. ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Бұл жолы сіз бен біз әлемдік және отандық желідегі денсаулыққа қатысты дақпырттардың бірсыпырасын ой елегінен өткіздік. Жалпы, адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық, одан асқан қымбат құндылық жоқ. Сондықтан кім де болса, денсаулыққа қатысты материал оқыса немесе ақпараттық сайттардан контент көре қалса имандай сеніп қалары белгілі. Расында, тәннің саулығы бәрінен қымбат қой. Алайда, әлгіндей ақпараттардың арасында адамның ойын сан-саққа жүгіртіп, сарсаңға салатын жалғанға жақын, ақиқаттан алыс ақпараттар да толып жүреді. Сол себепті, жылт еткен жаңалықтың бәрін шындық деп есептемей, бір сәт оны қисынға келтіріп, өзге де ресми ақпараттармен, статистикамен салыстырған жөн.  

 Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар