Жасөспірімдер қылмысы қайтсек азаяды ?

Жасөспірімдер қылмысы қайтсек азаяды ?
ашық дереккөз
Жасөспірімдер қылмысы қайтсек азаяды ?
Балалар мен жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алу және олардың арасындағы қылмыстың өсуіне тосқауыл қою – баршаның міндеті. Ал, мұның төте жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен және үйірмемен қамтылуын жүйелі ұйымдастыру. Себебі, бос уақыты көп жасөспірімдер қоғамдық тәртіпті бұзуға әрі қылмыс жасауға бейім келеді. Оның үстіне, отбасындағы жайсыздық пен кейбір ата-аналардың ұл-қызының болашағына немқұрайлы қарауы балаларға теріс әсер етіп, олардың ішкі істер бөлімдерінде есепте тұруына ықпал етеді. Жуырда Талас ауданында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының мекемеаралық мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудан прокуроры Жомарт Науатов және білім беру саласының қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Басқосуда балалар мен жасөспірімдердің құқықбұзушылығының алдын алу және олардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу мәселесі назарға алынды. Аудан прокуроры Жомарт Науатовтың айтуынша, қылмыстылық және дін саласындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша қабылданған шаралардың шеңберінде кейбір қылмыс санаттарының, яғни, қоғамдық орында орын алатын бұзақылықтарға баса көңіл бөлінген. Жасыратыны жоқ, қылмыс жасауға бейім 18 бен 35 жас аралығындағы жастардың бірқатары жұмыссыз. Жиын барысында бұл мәселенің шешу жолдары ұсынылып, жауапты уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың профилактикасына сәйкес қосымша жоспар құрылды. Оның негізінде барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа және теріс діни ағымдарға қарсы күресте өзара іс-қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша міндеттер жүктелді. Айта кетейік, бұған дейін қабылданған прокурорлық шаралардың нәтижесінде 83 оқушы жалпы құны 3,1 миллион теңгені құрайтын кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді. Ал, қауіпсіздікті сақтау үшін Қаратау қаласындағы 5718 оқушысы бар мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылды. Сондай-ақ, үйінде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі 13 баланың құқығы қорғалып, мемлекеттік бюджетке 904 мың теңге қайтарылды.  

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар