Ердәулеттің жобасы жеңіске жетті

Ердәулеттің жобасы жеңіске жетті
ашық дереккөз
Ердәулеттің жобасы жеңіске жетті
«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында рухани мұрамызды түгендеп, жаңғыртып, озығын саралаудың өзектілігі жоғары. Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, ұлттық ас мәзіріне бай халық және әрбір ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәні мен маңызы терең. Ұлтымыздың салт-дәстүрлері ұрпақты өнеге мен білімге, елжандылыққа, ізгілікке, бауырмалдық пен өнегеге шақыруымен құнды. Тараздағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Ердәулет Болатжанның «Асыққа жаңа көзқарас» зерттеу жоба жұмысының мақсаты – қазақтың ұлттық ойынын балалар арасында дәріптеу. Ол үшін Ердәулет асықтан қазіргі заманға сай ойындар ойлап табу бойынша жұмыстар жүргізді. Ердәулет өз жұмысын батыр атамыз Б.Момышұлының сөзімен бастап: «Асық ептілікке, мергендікке баулиды. Бұл – үлкен халықтық тәрбие», – деп, ұлттық ойын мәнін түсіндіре білді. Ердәулет өзінің жобасы туралы: «Осы жұмысымның жетекшісі, өзімнің сынып жетекшім Разила Қыдырханқызы әр уақытта қолдау, бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Асықты залалсыздандыруға анам Арайлым көмектесті. Асықты 12 сағаттан аса қайнатып, күнге әбден кептірдік. Кепкен асықтарды қара, ақ түстерге боядық. Балаларға ұсынылатын асық дорбам дайын болды. Бұл асықтармен үзілісте жарыса ойын ойнаймыз. Осы асықтар арқылы санау мен есептеуді, дыбыстық талдаулар жасауды үйренуге болады. Сонымен бірге балалар ойыншықтармен ойнап уақыт өткізіп ғана қоймай, денсаулығын да жақсарта алады. Миды жұмыс істетеді, қол моторикасын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады, аяқ-қол бұлшықеттерін жаттықтырады. Осы еңбегім арқылы мен асықтарға «жаңа өмір» сыйлағым келді десем болады. Осы жобам бойынша жұмысым жоғары бағаланып, облыстық кезеңнен жеңімпаз атандым. «Бес асық», «Бес табан» асық ойынын дамытып отырмыз. Енді республикалық зерттеу жобасына дайындық үстіндемін, – дейді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар