«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Интернет-алаяқтық: айлакерлерге арбалып қалмаңыз

Интернет-алаяқтық: айлакерлерге арбалып қалмаңыз
ашық дереккөз
Интернет-алаяқтық: айлакерлерге арбалып қалмаңыз
Биыл елімізде қаржы пирамидаларын құру бойынша 15 қылмыстық iс қозғалған. Оның үшеуi сотқа жiберілсе, он екiсi сотқа дейiнгi өндiрiсте жатыр. Әрине, бұл – ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткiш. Иә, қай-қайсымыз да қаржы пирамидасынан хабардармыз. Анығында, нақты білмесек те, естігеніміз мәлім. Жалпы, қаржы пирамидасы деген не? Бұл жүйеге кіргендер заңмен қудалана ма? Әркімнің ойын сан-саққа жүгіртіп, қоғамдық пікір қалыптастырған осынау тақырыпты зерделеп көрейік.

ЖАЛҒАН УӘДЕГЕ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ

Рас, көптеген тұрғындар әлi күнге дейiн қаржы пирамидасы деген атауды естiгенiмен, оның қандай жүйе екенiнен толықтай хабарсыз. Қаржылық пирамида (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни, пирамиданың бiрiншi қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды. Ал, қаржы пирамидасының белгiлерi қандай? Пирамидадағылар жаңа қатысушы тартқанда жоғары табыстылықты, кез келген жағдайда ақша кiрiстiлiгiн, мансаптық сатыда жылдам көтерiлу туралы уәде бередi. Таныс адамдар арқылы жарнама жасап, түрлi тренингтер жүргiзедi. Соңғы уақытта олар интернетте белсендi жұмыс iстеп жатыр. Өздерiнiң қаржылық пирамида екенiн бүркемелеудiң жаңа әдiстерiн де ойлап тапқан. Мысалы, олар өздерiн онлайн ойындар деп атайды, онда ағаш отырғызу және өсiру қажет немесе жануарларды сатып алу, оларды өсiру және кейiннен сату, өзара көмек кассасы, ақша тумбочкалары және тағы сол сияқты. Алайда, бiрiншi кезеңде нақты ақша сомасын салуды, ал, екiншi кезеңде жаңа қатысушыларды шақыруға құрылған әдiстердi ұсынады. Яғни, қаржылық пирамида жүйесiмен жұмыс iстейдi. Елімізде қаржылық пирамидаға қарсы заң бар. 2014 жылдың 17 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметiне қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданды. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және оның қызметiне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершiлiкке т артылып, Қазақст ан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң 217- бабы бойынша мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оның қызметiн жарнамалаған адамға әкiмшiлiк жаза да қарастырылған. Ол жеке тұлғаға 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi айыппұл. Қорыта айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi – қаржылық-кредиттiк заңнама с а ласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұст ау мәдениетiнiң төмендiгi, сондай-ақ, азаматтардың ақша жинауы мен инвестициялауынан болып отыр. Айта кетейiк, бүгiнгi таңда қаржылық пирамидалар заңсыз деп танылып, дүние жүзiнiң көптеген елiнде тыйым салынған. Осы орайда қаржы министрлiгiнің Мемлекеттiк кiрiстер комитетi халыққа абай болуды ескертедi.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АЛАЯҚТЫҚ ҚҰРАЛЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Жуырда Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресі өтті. «Инновация орнықты дамудың негізі ретінде. Қаржы нарықтарының жаһандық өзгеруі» деген сессия шеңберінде жасанды интеллектті дамыту және оны қаржы секторында қолдану бойынша пікірталас өтті. Талқылауға Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова, сондай-ақ Қазақстан банктері мен Visa және Mastercard төлем жүйелерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар жасанды интеллектті дамытудың және оны енгізу мен реттеу жөніндегі бірлескен іс- қимылдардың өзектілігіне тоқталды. Өйткені, қаржы секторы бүгінгі күні инновациялардың флагманы саналады. Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, жасанды интеллектті қолдану және қаржы ұйымдарының бизнес-модельдерін трансформациялау мәселелерінің ара-жігін ажырату маңызды. Қазақстанда барлық операцияларды өз балансында ұстамайтын бизнес-моделі бар платформалық модельдер мен экожүйелерге көшкен банктер де, өздерінің қаржылық экожүйелерін құратын дәстүрлі банк орталықтандырылған моделі бар қаржы институттары да дамуда. Сонымен қатар, ірі банктердің көпшілігінде сақтандыру ұйымдары, активтерді басқару компаниялары бар және қазір FinTech компаниялары белсенді түрде дамуда. «Біздің реттеуші ретіндегі міндетіміз – ең алдымен қаржы ұйымдарының әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету. Банк секторында – Базель III, сақтандыру саласында – IAIS, бағалы қағаздар нарығында – IOSCO», – деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы. Реттеуді халықаралық стандарттарға келтіру рейтингтік агенттіктер мен қаржылық қызметтерді тұтынушылар, сондай-ақ шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанның қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға және олардың Қазақстан нарығына келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Мәдина Әбілқасымова қазіргі уақытта банк конгломераттарына шоғырландырылған қадағалауды енгізу бойынша дайындық жұмысы аяқталғанын, ол капитал мен өтімділікке ғана емес, сонымен қатар корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару жүйелеріне де қойылатын талаптарды белгілейтінін хабарлады. Бұл банктердің бизнес- модельдерін трансформациялаумен байланысты бірқатар тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Инновацияларды дамыту үшін қаржы институттарына стандартты реттеуге ұшырамай- ақ жаңа технологияларды сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін реттеу ортасын енгізу бойынша құқықтық орта құрылды. Банктерге IT және Fintech компаниялар активтерінің 10 пайызына дейін инвестициялауға мүмкіндік беретін шаралар жүзеге асырылды. Мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс шеңберінде қаржы ұйымдарының мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізу мүмкіндігі іске асырылды. Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп Open API және Open Banking дамыту үшін жағдайлар жасады. Атап айтқанда, қатысушыларды аккредиттеу және клиенттердің келісімін алу үшін бірыңғай платформа әзірленді. – Өз кезегінде клиенттермен жұмыс істеу, скорингтік модельдер немесе клиенттермен қарым-қатынас орнатуға арналған чат-боттар болсын, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуде қаржы ұйымдары флагман қызметін атқарып келеді. Біз реттеуші ретінде реттеудегі ықтимал олқылықтарды тез арада жоя аламыз немесе нарық үшін қосымша ынталандырулар жасай аламыз. Бұл ретте қаржылық тұрақтылық үшін жасанды интеллектті пайдалану кезінде жүйелік тәуекелдер жоқ. Бірақ, операциялар көлемі ұлғайған сайын олар туындауы мүмкін. Біз оларды реттеу үшін алдын алу және бірдей шаралар қолдануымыз керек, – деді Мәдина Әбілқасымова. Атап өтерлігі, қаржылық алаяқтық тәуекелдерін азайту үшін қаржы ұйымдарының ақпараттық және киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Бұдан басқа, бағалы қағаздар нарығында күдікті мәмілелерді өңдеу үшін жасанды интеллект пайдаланылатын арнайы Scilla қосымшасы қолданылады. «Қаржы ұйымдары да өз жауапкершіліктерін түсініп, инновацияларды енгізуге байланысты тәуекелдерді басқару жүйелерін құруы керек. Сонда біз реттеуде теңгерімге қол жеткізе аламыз», – деп қорытындылады қаржы реттеушісінің басшысы.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҚҰРҒАНДАР СОТТАЛДЫ

Жуырда ел-жұртты зар жылатып, жалпы сомасы 4 миллиард теңгені қалтаға басқан қаржы алаяқтарының әрекеті елді елең еткізіп, жаға ұстатқан еді. Көп ұзамай полицейлердің қолына түскен әлгі алаяқтар уақытша тергеу изоляторына қамалған болатын. Жуырда сол қаржы пирамидасын ұйымдастырған топ мүшелеріне сот үкімі шықты. Айта кетейік, Ақтөбедегі қаржы пирамидасын құрған екі адам төрт жарым мыңнан аса адамды алдап кеткен. Тарқатып айтсақ, олар «Выгодный займ», «Гарант24 ломбард», «Эстейт Ломбард» деп аталған қаржы ұйымдарын құрған. Тұрғындардың сеніміне кіріп, Ақтөбе облысында үш мыңнан аса, Қызылордадан мыңнан аса адамның қалтасын қаққан. Тұрғындар 25 мың теңгеден бастап, 62 миллион 672 мың теңге аралығында қаржы салыпты. Жалпы, шығын көлемі 4 миллиард теңгені құрап отыр. Сот үкімі бойынша олар алданған тұрғындарға қаржыны толық өтеуі тиіс. Ал, айыпталушылар 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, 7 жыл бойы қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

13 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АЙЫРЫЛДЫ

Ел тұрғындары интернет-алаяқтарына 13 миллиард теңгесін санап берген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев айтты. Оның мәліметінше, жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 миллиард теңгесін жоғалтқан. – Әлі де алаяқтардың ең көп таралған әдісі – онлайн сауда. Онлайн саудамен байланысты 7 мың алаяқтық жасалды. Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн қарыз рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелген. Азаматтар ақшаны тез көбейту үшін, олардың күмәнділігіне қарамастан әртүрлі схемаларға қатысуды жалғастырып жатыр. Бір жыл ішінде 1200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болды. Олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салған. Кейбір жағдайларда осы мақсаттар үшін несие алғандар бар, – деді ол. Рүстем Дүйсетаев алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды қызықтыратынын да атап өтті. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір реттік дивиденд төлейді.

АЛДАП-АРБАУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛДАРЫ

Полицейлер интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрі туралы айтты. Алматы қалалық криминалдық полициясы арнайы техника интернет-трафикті пайдалана отырып, басқа елдерден келген қаскөйлер виртуалды нөмірлерге ие болатын белгілі бір сайтқа қосылатынын айтты. –Олар әртүрлі веб-сайттарда, әлеуметтік желілерде және қызмет көрсету платформаларында тіркелу үшін жеке деректері мен абоненттік нөмірлерін жасыру мақсатында физикалық түрде SIM-box ұяшықтарында болады. Алаяқтар виртуалды SIM-box нөмірлерін пайдаланып, аңғал азаматтарды алдайды. Олар жеке кабинетті тіркей отырып, кез келген өнімді сату туралы әртүрлі жарнамаларды жариялайды. Содан кейін сатып алушы қызығушылық танытса, шетелдік банк карталарын ұсына отырып, алдын ала төлем жіберуін сұрайды. Алайда, ақшаны алған бойда олар жасырынып, жарнаманы өшіреді, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

TELEGRAM-БОТТАР БҰҒАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтардың құпиялылығын және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігін бұзатын Telegram-боттардың қызметін тоқтатты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы азаматтарының дербес деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін Telegram- боттардың заңсыз қызметінің жолын кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Telegram әкімшілігімен өзара іс-қимыл кезінде 8 Telegram-боттың қызметі бұғатталды. Мамандар дербес деректердің таралып кету қаупін азайту және оларды заңсыз жинау және өңдеу фактілерінің жолын кесу мақсатында азаматтарды мұндай Telegram- боттарды пайдаланбауға және насихаттамауға, сондай-ақ өздерінің дербес деректерін жалпыға қолжетімді көздерде және әлеуметтік желілерде қалдырмауға шақырады. Олардың айтуынша, мұндай Telegram-боттарды пайдалану олардың иелеріне ID, аты, тегі, лақап аты, «өзі туралы» бөлім және қосымшада орнатылған тіл сияқты жеке деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл аккаунтты бақылауды жоғалтуға немесе жазбаға қол жеткізу және пайдаланушы атынан хабарлама жіберу мүмкіндігі сияқты параллельді пайдалануға алып келуі мүмкін.

ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕЛЕР

Жуырда Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді және басқа да интернет- сервистерді пайдаланушы балаларға арналған ұсыныстар мен нұсқаулар жарияланды. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және жалпы интернет желісінде көп тараған құқықбұзушылардың құрбаны болмау үшін балалар төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтауы керек. – Ешбір жағдайда өз дербес деректеріңізді, сондай-ақ ата-аналардың, туыстардың, достардың деректерін (яғни, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, оқу орны, телефоны, фотосуреттері және тағы басқа) желінің басқа пайдаланушыларына хабарлауға болмайды. Бұл пайдаланушылар сіздің достарыңыздың тізімінде болса да; – интернет-сайттар мен әлеуметтік медиа пайдаланушылары ойдан шығарылған, оның ішінде басқа адамдардың суреттері немесе тіпті балалардың деректерін пайдалана алатынын есте сақтау керек; – интернет қолданушылары тарапынан қауіп- қатерден қорқудың қажеті жоқ, шындығында олар сізге және сіздің жақындарыңызға да ештеңе істей алмайды. Олар әдетте балаларды бақылауға алу үшін оларды қорқытады. Бірінші қауіп төнген кезде сіз бұл туралы ата-анаңызға, ағаңызға, әпкеңізге, мұғалімге және өзге де туыстарыңызға дереу айтуыңыз керек, одан ұялуға болмайды; – ешбір жағдайда әлеуметтік желі, мессенджерлер және интернет-ресурстардың басқа пайдаланушыларының тапсырмаларын немесе нұсқауларын орындамаңыз; – ең қарапайым нәрсе–олардың парақшаларын бұғаттау. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және басқа да онлайн- сервистерде белгісіз адамдардан түсетін достықты қабылдамаңыз; – өзіңізге қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатпаңыз. Оларды орнатпас бұрын, бұл қосымшаның қаншалықты қажеттігі туралы интернеттен оқыңыз.  

Есен ӨТЕУЛІ.

   

Ұқсас жаңалықтар