«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейәдеп киноларға тыйым бар ма?

Бейәдеп киноларға тыйым бар ма?
ашық дереккөз
Бейәдеп киноларға тыйым бар ма?
«Тәрбие – тал бесіктен басталады», дейді дана халқымыз. Ата- бабаларымыз бала тәрбиесіне қатал қарағанын жақсы білеміз. Ал, бүгінде біз балаларымызды дұрыс тәрбиелеп жүрміз бе, әлде психологтар айтпақшы, баланы ұрмау керек, соқпау керек, ұрыспау керек деген сөздерін ұстанып, есіртіп жібердік пе, деген сияқты заңды сұрақтар мазалайды. Бүгінгінің балалары мен бұрынғының балаларының алған тәрбиесі жер мен көктей. Неге десеңіз, «бесіктен белі шықпай» жатып, аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығатын», боқауыз сөздерді жатқа білетін бүлдіршіндерді көргенде қандай ата-ана тәрбиелеп о т ы р екен деген тұңғиық ойға батып, көңілің құлазып сала береді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Ал, енді оны былай қойғанда тілі енді былдырлап шығып келе жатқан баласына боқтық сөзді үйретіп, онысына «Менің балам ғой!», деп мақтанып отыратын әкелердің әрекеті, тіпті, сорақы. Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақ – біздің болашағымыз. Сондықтан, оның тәрбиесіне атүсті қарағанымыз жөн болмас. Осылайша бала тәрбиесі ақсап жатқанда, боқауыз сөз қосып сөйлейтін қазақ киноларының көптеп шығып жатқанын жығылған үстіне жұдырық болуда десек, артық айтқандық емес. Атын атап, түсін түстемесек те, бастан-аяқ боқтық сөздерді қолданатын комедиялық жанрдағы отандық қазақ киноларының көбеюіне не себеп болды екен? Сонда арзанқол, мұндай ерсі фильмдер боқтық сөз қоспаса өтімсіз боп қала ма? Ертеректе өмір сүрген американдық ақын Чарльз Буковский «Экраннан сапасыз көріністі көру үйреншікті дүниеге айналды. Адамдар түкке тұрғысыз, еш пайдасыз нәрсені көріп жүргенін сезбейтін болды», депті. Міне, осы бір оймақтай сөз қазақ көрермендерін де айналып өтпеген секілді. Өйткені, отандық киноларды көріп отырып сананың уланып жатқанын ойлағанда, «Қап, әттеген-ай!», «Мұнысы несі?», деп бетіңді шымшып отырасың. Сәйкесінше, кинотуындының сапасы емес, саны артып барады. Бірақ біздің айтпағымыз киноның көптігінде емес, оның тәрбие мен тәлімнен қашықтап кеткені туралы болмақ. Кино – идеологиялық қару. Оның еңбектеген баланы да, еңкейген қартты да тәрбиелеуге қауқары жетеді. Сенбесеңіз, бала кезіңізді еске түсіріңізші. Теледидардан көрген әр кейіпкердің қылығын қайталап, соған еліктейтін едік. Мәселен, «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Алты жасар Алпамыс мектепке барады», «Тақиялы періште» сияқты тәрбиелік мәні үлкен фильмдерге ештеңе жетпейді. Оларды қанша көрсең де жалықпайсың. Осындай тарихтан сыр шертетін туындымен қазақылығымызды танитынбыз. Өзіміздің ұлтқа, салт-дәстүрге біртабан жақындайтынбыз. Тіпті, кинодан үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді санаға құйып өстік. Бұрын режиссер дегенде ойымызға қазақ кино өнерінің іргетасын қалаған Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаевтар мен кейінгі толқын Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов сынды шеберлер еске түсетін еді. Ал, қазір қайсысын атайтынымызды білмей мүдіріп қаламыз. Қазіргі таңда кино әлемінде туынды мен көрермен жеткілікті болғанымен, өкініштісі сол, бұрынғыдай дәмі мен мәні қалмады. Бұл туралы елге танымал режиссер Ермек Тұрсынов: «Әнші де, әзілкеш те бүгінгі қазақ киносының болашағына балта шауып жүр. Тек жалқау ғана кино түсірмейтін болды. Бұл кино емес, жай ғана мазақ. Қазіргі көрерменнің деңгейі өте төмен. Олар жаман киноларға әбден үйреніп қалған. Жаман кино дегенім – көрерменіне ой салмайтын, мағынасыз, адамның ойын өшіретін кино. Киноға барып, поп-корн жеп, ештеңе ойламай, күліп отырып кино көресің. Бір жарым сағаттан соң «кино не жөнінде?» деп біреу сұраса, жауап бере де алмайсың. Жеңіл туынды көрерменін демалдырмайды, уақытын зая кетіреді. Мен көрерменнің деңгейіне түскім келмейді, керісінше, көрерменнің деңгейін көтергім келеді. Ағарту жолы қиын, әрине. Мен фильмдерді «мынау кино», «мынау кино емес» деген екі топқа бөлемін. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» – бұлар кино. Ал, «Қайрат – чемпион», «Алматыда пәктікті жоғалту» дегендер кино емес», деген екен журналистерге берген бір сұхбатында. Ал, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау киноларда боқауыз, былапыт сөздер көп екенін айтып, оған заңмен тыйым салуды ұсынған. – Бір кездері кино аз дедік, ал бүгінде сапасына үңіле бастадық. Бұл – заңдылық. Соңғы кезде көрерменге ұсынылып жатқан киноларда боқауыз, былапыт сөздер өте көп және біздің ұлттық менталитетімізге сай емес, өрескел әрекеттер болып жатыр. Әсіресе,YouTube, Aitube.kz платформалары арқылы көрсетіліп жатқан қысқаметражды фильмдерден аңғаруға болады. Алғашында адамдардың құлақтарына түрпідей тиетін. Қазіргі кезде ақырындап, олардың еті үйреніп бара жатқанын, қаралым санының артуынан байқауға болады, – дейді депутат. Нұргүл Тау бұл үлкен трагедия екенін атап өтіп, бұған тыйым салуды, шектеулер енгізуді заң жүзінде қарастыру керек деп есептейді. Рас. Бірақ, депутаттың бұл көтерген ұсынысы заңды күшіне еніп, тез арада шешім қабылданса игі еді. Әрине, кино түсіру, оны сан түрлі құбылтып көрерменге жолдау оңай шаруа емес. Десе де, кино арқылы да салтты сақтап, дәстүрді дәріптесек, нұр үстіне нұр болары ақиқат. Саясаттанушы Ерлан Жұрынбаевтың айтуынша, халықтың мүддесін қорғайтын заң жоқ емес, баршылық. Бірақ, солардың іс жүзінде орындалуы, заңдағы талаптардың сақталуы тым әлсіз. Өйткені, қоғамда кейбіреулерге арзан күлкі, хайп, жеңіл жолмен, бейәдеп қылықпен танымал болу халықтың игілігі, ұрпақтың қамы, елдің ертеңі үшін жазылған, бекітілген нормалардан да маңызды болып тұр. «Енді қараңыз, 2019 жылы қабылданған қолданыстағы «Кинематография туралы» Заң бойынша ел аумағында прокатталатын фильмдерде бейәдеп сөздер дыбыстық сигналмен жойылып, көрерменге естілмеуі тиіс. Жарайды, киноөндіруші хайп қуды, көрермен жинауды көздеді делік. Сонда оған елімізде мемлекеттік фильмдер тізімінде тіркеп, прокаттау куәлігін жауапты мекеме – Мәдениет және спорт министрлігі қалай берген? Қалай болғанда да, республика көлемінде таратылып отыр ғой, демек рұқсат алынған. Бұл әрекеттен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың «иісі» шығады. Міне, заңбұзушылық», – дейді Ерлан Жұрынбаев. P.S. Бүгінде теледидарды қоса қалсаңыз, кәріс пен түрік, үнді сериалдары үзіліссіз көрсетіліп жатады. Киноның идеологиялық қару екенін түсінген олар, білек сыбана кірісіп, салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауда. Ал, біз неге солардан үлгі алмаймыз?! Қазіргі кейбір режиссер-сымақтар осы мәселелерді, ұлт пен ұрпақ тәрбиесін басты орынға қойса дейсің. Себебі, олардың қазіргі істері – ұрпақты аздыру. Болашағымызды ойласақ, бұл масқараға уақтысында тосқауыл қоюымыз керек. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар