Әр бастамасы берекелі отбасы
Бүгінгідей нарық заманында әркім өз бетінше жұмыс істеп, кәсібінен нәсіп теруге әдеттенген. Әсіресе, жерлестеріміздің басым бөлігі жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін өрге домалатуға күш салуда. Оның үстіне, қазіргі таңда ел Үкіметі шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мол мүмкіндік қарастырған. Мемлекеттің қолдауына ие болған азаматтың бірі – Руфат Мурадов. 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген Қарасай ауылының тұрғыны бұл күнде Шопан ата түліктерін бордақылаумен айналысады. Жас жігіт үйінің маңынан шағын қора жасап, 1 қошқар мен «Еділбай» тұқымды 33 аналықты семірту ісіне құлшына кіріскен.
– Қазіргі күнде мал бағу оңай шаруа емес. Неге десеңіз, жем-шөп қымбат. Сондай-ақ, бұл істің машақаты да көп. Дегенмен, пайдасы мол. Жалпы, мал бағудың берекесі бар ғой. Қазақ халқы «мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір», деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда әкем Хызыр кәсібіме қолғабыс етуде. Ол кісі қойларды ауыл маңында жаяды. Бұл күнде біраз уақыт бұрын сатып алған қозыларымыз тоқты болды. Бұйырса, төл алуды жоспарлап отырмыз, – дейді жас кәсіпкер Руфат Мурадов.
Айта кетейік, кейіпкеріміз қой бағумен қатар, тауық өсіру ісін қолға алған. Тіпті, оның тауықтары ерекше. Мәселен, ол баптаған «Дакан» тұқымдас тауықтар нарықта өте бағалы. Руфат келешекте бұл тауықтардың санын көбейтуді де жоспарлап отыр. Жалпы, қарасайлықтар Мурадовтар отбасын өте еңбекқор отбасы ретінде таниды. Себебі, бұл отбасының меншігіндегі бау-бақшадан бос жер табу қиын. Мұнда түрлі жеміс-жидек пен көкөністер молынан өсіріледі.
Иә, тәуекелге бел буып, өзін дамытқысы келетін адам ғана белгілі бір кәсіппен айналыса алады. Ал, ерінбеген жан еңбектің қай түрінде болмасын ризық табары сөзсіз. Шаруаңыз шағын болса да, береке дарыса кез келген істің алға жылжитыны анық. Сондықтан, өзі жас болса да, кәсіпкерліктің көшін бастап отырған Руфаттың еңбегі көпке үлгі. Кәсіпкерліктің алғашқы баспалдағынан аттаған оның ісі берекелі болғай!
Есен ӨТЕУЛІ
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді