Жастар - қоғамның қозғаушы күші

Жастар - қоғамның қозғаушы күші
ашық дереккөз
Жастар - қоғамның қозғаушы күші
«Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйытқы болуымен және өңірдің белсенді еріктілерімен бірге «Жаңа Қазақстанды құруда жастардың рөлі қандай?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – облыс жастарының толыққанды рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық дамуы үшін жағдай жасау әрі «Қазақстан халық партиясының» облыстық филиалы мен «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою. «Жастар қанаты, ең алдымен, жастар үшін өмір мектебі», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өз Отанына қажет және пайдалы болуға ұмтылу әрбір жастың мақсаты болуы керек. Біз жастар арасында «Жаңа жәрмеңке Қазақстан» құндылықтары мен принциптерін қалыптастыруға және бекітуге тиіспіз», – деді алғаш сөз алған Жанат Бастаубаева. Жалпы, бүгінгі нарықтық кезеңде «Жаңа Қазақстанның» қалыптасуында жастардың рөлі қандай? Жамбылдық жастар бүгін не ұсынады және жаңа Қазақстанды құрудың болашағын өз көздерімен қалай көреді? Өз елінің патриоты болу деген нені білдіреді? Жастарға өз елінде қалу үшін қандай жағдай жасау керек? Қазіргі жастар шындықты қалағанымен сол шындықты биліктегі азаматтарға айта алады ма? Осындай сұрақтар туындауы заңдылық. Бұл жайында Жастар Қанатының және «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Бейсенбай толық айтып өтті. «Бірлестік құрылған аз ғана уақыттың ішінде толағай жұмыс жасап жатырмыз десем асыра айтқаным емес. Қазіргі уақытта Тараз қаласында әлеуметтік осал топ өкілдеріне, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға арналған «Qamqor» қайырымдылық дүкенінің жұмысын жүргізудеміз. Осы дүкеннен 130-ға жуық көмекке зәру отбасы 1 тоннаға жуық тегін киім алды. Ол бірінші біздің осында отырған белсенді жастарымыздың еңбегі деп бағалаймын. Жастардың белсенділігімен нашақорлыққа қарсы акциялар өткізіліп, шағынаудандарында орналасқан есірткіні жарнамалайтын граффити жазулар тұрақты түрде жойылып отыр. Бір жылға жетпейтін уақыт аралығында облысымыздың 10 ауданында жастарға арналған репродуктивті денсаулыққа қатысты семинар-тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға арналған түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, дәстүрлі садақ атудан, турникке тартылудан және футболдан турнирлер өткізіп, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттап келеміз. Өзім жас кәсіпкер ретінде ел экономикасының негізгі күре тамыры орта және шағын кәсіпкерлік екендігін атап өткім келеді. Осы орайда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жастар кәсіпкерлігін дамытуға күш саламыз. Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында тәжірибелі кәсіпкерлермен бірлесіп, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жұмыс жасаймыз. Жастардың арасында жұмыссыздық мәселесі бар екендігі өтірік емес. Осы мәселені шешу жолында партия басшылығымен келісе отырып, өңіріміздегі ірі мекемелерге жоғары оқу орындарын үздік бітірген жастардың бірден жұмысқа орналасу механизмін жасауды ұсынамын», деген Арман Қанатұлы болашақ жастардың қолында екенін айтты. Жиын соңында өзге де қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар