Ана – мәңгі ардағың!..

Ана – мәңгі ардағың!..
ашық дереккөз
Ана – мәңгі ардағың!..
Барлық адамзат анадан туған. Сол ғазиз жанның мейіріміне бөленіп, шуағын сезіндік. Кейде біз тоғыз ай толғатып өмірге әкелген ана қадірін біле бермейміз. Шешесіне ауыр сөз айтып, ренжітетіндер қаншама? Әйелінің бір ауыз сөзін құп көріп, анасына зекитін, жәбірлейтіндер де аз емес қой. Жақында бір жағдайға куә болып, толқыдым. Бұрынғы әріптесім Әсел Жұматаеваның шақыруымен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барғанмын. Іс-шара өтті. Кенет ана туралы әндер орындалды. Орталықтың тәрбиеленушілері Ақзер, Регина, Есімжан, Диас, Руслана бәрі мекеме директоры Айжан Мейірханованы құшақтап, қоршап алған. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...», «Мәңгі жарық күн сыйлаған маған...», – деп басталатын ән ырғағы толас таппай шырқалып тұр. Балалар қамқоршылары Айжан ұстазды құшақтап, ән шырқай берді. Анаға деген мейірім мен сағыныш көздерінде ұшқындайды. «Бір адам бар, ол өзіңсің – анам», – дейді. Орталарындағы Айжан анаға мейірімдерін төге қарайды. Шындығында, отбасылық негізде тәрбие беріп отырған орталықтың басшысы бұл балалардың анасындай емес пе? Соны мектеп партасында отырған балалар сезініп, жүрекпен ән шырқайды. Барша баланың анасына айналған Айжан Дүкенбайқызының да толқыған көңілін байқадым. Балаларды бауырына қысып, аналық мейірімін төгіп тұр. Үйлесім! Мұндай сәтті тағдыр басқа салмасын. Бала жүрегі кіршіксіз таза. Ағып жатқан мөлдір бұлақтай шынайы. Осындай көңілдері тап-таза балаларды өмірге әкелген адамдар қайда жүр екен? Бұл ән сол адамдарға арналып айтылуы тиіс еді. Енді бұл балалардың көңілінде үлкен сағыныш, барша аналарға деген үлкен махаббат бар. Ананың қадірін тағдырдың сынағына түскен осы балалар біледі. Ал, біз ше? Түн ұйқысын төрт бөліп емізген, бесікте тербеткен, «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп тілейтін аналардың қадірін білдік пе? Анаңыз өмірде бар болса, әлі де кеш емес. Бір құшақтап, мейіріммен жылы сөзіңді арнап қоюға болады! Қазір «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөз жиі айтылады. Сезімсіз, суық жүрекпен айтамыз. Ал, ананы мәңгі құрметтеу керек!  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар