«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көпшілікті еңбегімен мойындатқан маман

Көпшілікті еңбегімен мойындатқан маман
ашық дереккөз
Көпшілікті еңбегімен мойындатқан маман
Денсаулық саласында еңбек ету – қиын да жауапты. Бұл салаға келетіндердің бойында жауапкершілігі мол болғаны жөн. Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Айман Елеуова да өз ісінің әр сәтін бағалай білетін білікті жан. Айман Кәрімқызы 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы аталған институттың толық курсын тәмамдап шықты. Жастайынан білімге құштар, еңбекке жаны жақын болды. Өзі Атырау облысы Қызылқоға ауданының қызы болса да, тағдыр оны Жамбыл өңірімен байланыстырды. Жоғары білім иесі атанған соң студенттік өмірде танысқан жігітімен қолұстасып келіп, Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылына келін болып түсті. Еңбек жолын аудандық санитариялық-эпидемиологиялық стансасында қарапайым санитариялық дәрігер болып бастады. Мамандығын ерекше бағалап, әрбір сәтке қызығып жүрді. Өз жұмысын қызығушылықпен және барлық ынтасымен атқарды. Арада жылдар өткенде сіңірген еңбегіне қарай қызметі де жоғарылай берді. Бөлім меңгерушісі, басшының орынбасары қызмет жолдарынан өтті. Осылайша, Мойынқұм аудандық санитариялық-эпидемиологиялық стансасының басшысы қызметіне де тағайындалды. Ұзақ жылдардан бері осы қызметті жемісті атқарып келеді. Отбасы мен жұмыстың тізгінін қатар алып жүрген білікті басшы, аяулы ананың ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Атап айтар болсақ, 2000 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2005, 2012 жылдары аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2007 жылы аудандық мәслихаттың, 2008 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Мұның бәрі тынымсыз атқарған еңбегінің жемісі. 2012, 2020 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатына ие болғанын әріптестері мақтанышпен айтады. Бірнеше мәрте облыстық салалық департаменттің тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталғаны – жұмысының бағалануы. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», республикалық бұқаралық ақпарат құралының «Қазақстан медицинасының қолтаңбасы» төсбелгілерін иеленіп, «Қазақстан медицинасының қолтаңбасы» республикалық энциклопедиясына есімі алтын әріптермен жазылды. 2020 жылы «Халық алғысы» және «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталғаны еңбегіне лайық берілген құрмет. Отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ол үш немересінің тәтті қылығына тоймай жүр. – Кеше ғана осы Мойынқұмға жас келін болып түскен едім. Уақыт тоқтаусыз зымырап, енді өзіміз ене болып, немере сүйдік. Өткен жылдарыма өкінбеймін. Тағдырымның Мойынқұм ауданымен байланысқанына өте қуанамын. Мұндағы тұрғындардың көңілі кең, жаны жомарт. Қазақ халқының дархан пейілін осы Мойынқұм даласынан көремін. Сондықтан, аталған ауданда ұзақ жыл қызмет етіп, мойынқұмдықтардың алғысына бөленгеніме көңілім толады, – дейді Айман Елеуова.  

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар