Маңайына шұғыла шашқан Шәріп
Шәріп Дәулетбаев ақсақалды біз танығалы біраз жылдың жүзі болды. Әсіресе, жастарға тәрбиелік мәні бар жиындарда көбірек төбе көрсететін. Кейде ардагерлер кеңесінде кездесіп қалатынбыз. Ол 2021 жылы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Ақпарат саласының өкілі ретінде қоғамдық ұйымның облыстық деңгейдегі белсендісіне айналған ақсақалмен жиі ұшырасатын болдық. Шәріп ақсақал қай кезде де жайдары қалпынан айныған емес. Жиында сөйлесе туралығын айтып, жастардың тәрбиесіне, имандылық мәселесіне ерекше мән беріп отыратынын байқадым.
Бұл кісінің өмір жолына үңілсеңіз, тұнып тұрған тәрбие. Сонау 1963 жылы 8-сыныпты бітіріп, қарттық жасқа жеткен ата-анасына қарайлап, ауылда біраз жыл әртүрлі жұмыс істепті. Арада төрт жыл өткенде әскери борышын өтеуге аттанады. Екі жыл бойы Отан алдындағы міндетін өтеп келіп, 1970 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институына кешкі бөлімге түсіп, күндіз жұмыс істеген. 1971 жылдан мамандығы бойынша Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық қаржы бөліміне қатардағы инспектор болып жұмысқа орналасады. Әрине, 23 жастағы жігітке мұндай жұмысқа қабылдану үлкен қуаныш. Бағына орай, Шәріптің алдынан шұғыласын шашқан жақсы адамдар өте көп жолықты. Сол жылдары Ықсан Керімқұлов деген кісі қалалық қаржы бөлімінің басшысы екен. Міне, осы кісінің өмір жолын енді бастаған жас маман Шәріпке шапағаты көп тиеді. Шәріп Дәулетбаев аталған бөлімде инспектор, экономист, аға экономист, бөлімше басшысы, орталық аудандық қаржы бөлімі басшысының орынбасары, қаржы бөлімінің басшысы қызметтеріне сатылап жоғарылады. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік сақтандыру басқармасының басшысы, облыс әкімдігі мемлекеттік тапсырыстарды қадағалау басқармасы басшысының орынбасары, облыстық сыртқы инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы болды. Облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Ол өмір жолында Тілеуқабыл Төребеков, Халил Бейсеев, Хатжан Спанбетова секілді алдыңғы толқын аға-әпкелерінің жақсылығын көп көргенін айтады.
Шәріп Дәулетбаев 2011 жылы абыройымен зейнетке шықты. Алайда, қарап отыра алмай түрлі қоғамдық жұмыстарда жүрді. 2014 жылы облыстық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Көп ұзамай төралқа мүшелігіне өтті. Облыстағы барлық ардагерлер мен зейнеткерлердің мәселесі қаралатын кеңестің төралқа мүшесі болу – үлкен жауапкершілік.
Шәріп ақсақал облыстық ардагерлер кеңесі төраға орынбасары қызметін де абыройлы атқарып келеді. Бұл ұйымның міндеті – қала, аудан, жергілікті жердегі ардагерлерге көмек беру. Қарт кісілердің уақтылы емделуіне, шипажайларға баруына жағдай жасау да – ауқымды іс. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің ықпалымен емханаларда қарттардың денсаулығын қарайтын бөлек терезе ашылды. Бұрынғыдай жасы үлкен кісілер сарылып кезек күтіп отырмайды. Емхананың қызметіне тез, жылдам жүгіне алады. Облыстық ардагерлер кеңесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары ардагерлерге жасалған қамқорлық туралы есеп беріп тұрады. Соңғы жылдары ардагерлер кеңесі осындай мүмкіндікке қол жеткізсе, оның ішінде Шәріп Дәулетбаевтың да белсенді еңбегі жатыр. Соңғы уақыттарда Шәріп ақсақалды біз орталық мешіттегі тәрбиелік жиындардан, жоғары және арнаулы оқу орындарында, руханият орталықтарында өткен жастар тәрбиесіне қатысты жиындардан көбірек көреміз. Үнемі өмір жолынан сыр шертіп, жастарды жақсы қасиеттерге, білімді және тәрбиелі болуға шақырып отырады.
Құдай қосқан жары Қалбек екеуі 5 перзент тәрбиелеп, олардан 16 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.
– Ақсақал деп ел сыйлайтын жасқа жеттік. Жаратқанға сансыз шүкіршілік. Өзім де талай жақсы адамдардың шапағатын көрдім. Енді өзіміз ақсақал болған уақытта жастарға білгенімізді айту, өнегелі жолға бағыттау – парызымыз. Ардагерлер жұмысының сан салалы тармағында тәрбие мәселесі бірінші орында тұрады. Аудан, ауылдармен үнемі байланысып, жастардың талабы мен жұмыстарына мән береміз. Жас толқынның жақсы бастамаларына қолдау білдіреміз. Біздің кеңестің төрағасы, тәжірибелі кісі Еркінбек Солтыбаевпен бір мүдде жолында тер төгіп келеміз. Айналып келгенде өңірдің өркендеуіне, береке мен бірліктің сақталуына, жасөспірімдерге берілетін тәрбие жұмыстарына өзге ақсақалдармен бірге өз үлесімді қосып жүрмін, – дейді Шәріп Дәулетбаев.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді