Наубайхана наны – ол да елдің қамы

Наубайхана наны – ол да елдің қамы
ашық дереккөз
Наубайхана наны – ол да елдің қамы
Бұл сапарымызда «Бірлік – Биназар – Хантау» бағытындағы асфальт жолға салып, жағалай салынған кафелерді көрдік. Бәрін де Биназар ауылының азаматтары салған. Бұл тұста жеке кәсіпкер Ботагөз Маншееваның наубайханасы туралы айта кетуге тиіспіз. Ол «Ауыл аманаты» жобасының кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағыты бойынша 6,5 миллион теңге несие алып, наубайхана ашып отыр. Нан пісіруге арналған арнайы жабдықтарды Алматыдан 5 миллион теңгеге алдырыпты. Бағасына қарай оның сапасы да жақсы. Мұнда бөлке наннан бөлек, тәтті бәліштер, бауырсақтар, батон, самса пісіріліп жатады. Тәулігіне орта есеппен 250 дана бөлке нан пісіріліп, әрқайсысы 160 теңгеден сатылып кетіп жатыр. Тіпті, көршілес Хантау ауылынан тапсырыс беретіндер бар. Жағалай қызмет жасап тұрған кафелерге де үнемі бөлке нан керек. Бұл наубайхана 3 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Ботагөз Маншееваның жары Манарбек Мұстафаев жеке көлігімен нан тасымалдаса, балалары Әлішер Манарбек те осы шаруаның бір жағына болысып жүр. Бір мәселе, хантаулықтар нанды екі күнде бір алып жүр екен. Бұрыннан да тапсырыс беріп жүрген жерлері болғандықтан, екі тәулік сайын қайырылады. Бұл нан дайындау цехы келешекте Хантауға да күн сайын нан жөнелтуді көздеп отыр. Ал, Манарбектің жүргізушілігінен бөлек домбыра, гитара тартып, ән салатыны бар екен. Наубайхана ішінен түрлі өнер аспаптарын көріп, кәсіпкерлік пен өнердің жарасым тапқанына риза болдық. Айтпақшы, Ботагөз Маншееваның да бір мезгілде 80-100 адамға қызмет ете алатын кафесі бар. Мұнда туған күндерді, мерейтойларды, құдалықтарды өткізе беруге болады. – «Ауыл аманаты» жобасы біз үшін өте қолайлы болды. Қаржымызды ала салысымен мақсатты жұмсап, наубайхана аштық. Біздің ауылда әр үйдегі келіндер өздері нан пісіре береді. Дегенмен, бір ауылға бір наубайхана керек. Пісіп жатқан ыстық нанымыз – береке мен молшылық. Ол да көпшіліктің қамы, сонымен қатар біздің табыс көзіміз. Жұмыс сәтті жалғасын тапса, алдағы уақытта наубайхана ауқымын кеңейтуді де жоспарлап отырмыз, – дейді жеке кәсіпкер Ботагөз Аманқұлқызы.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар