Берекесі артқан Биназар ауылы

Берекесі артқан Биназар ауылы
ашық дереккөз
Берекесі артқан Биназар ауылы
Биназар ауылдық округі жылдан жылға экономикалық жағынан өркендеп келеді. Бұл ауылға тұрғындар көшіп келмесе, сыртқа қоныс аударуды тоқтаған. Мұның өзі жасалып жатқан қадамның дұрыс екенін көрсетеді. Биназар ауылдық округі 1981 жылы құрылған. Қазіргі таңда округте 1410 адам тұрады. Яғни, 252 шаңырақ бар. Ауылдың негізгі бағыты – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы, кәсіпкерлік. Төрт түлік малдан да соңғы жылдары едәуір өсім бар. Мәселен, округ бойынша жылқы саны 1163, мүйізді ірі қара саны 3250 басқа жетіп отыр. Қой мен ешкі 24 650, түйе 40 басты құрайды. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының ықпалы жоғары. Ауладағы құстардың саны да артып келеді. Ауылдық округ аудан орталығынан 58 шақырым шалғайда жатыр. Ауылшаруашылық мақсаттағы жер 2641 гектарды құрайды. Ауылдағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте 275 оқушы білім алып жатса, 55 бүлдіршін «Балдәурен» балабақшасына барып жүр. Аталған ауылдық округтің фельдшерлік акушерлік пунктінен, клубы мен кітапханасынан адам үзілмейді. Ауыл халқына білікті мамандар қызмет көрсетіп, көптің көңілдерінен шығып жүр. Бір мезгілде 50 кісі құлшылық жасай алатын «Қасымбек ата» мешітіне баратын жамағаттың да қарасы көп. Наурыз мерекесінде, ораза кездерінде, Айт күндерінде бұл ауыл қуанышқа кенеледі. Биназар ауылдық округінің әкімі болып 2022 жылдың қазан айында Қамбар Атабаев деген азамат сайланған. Біздің бір байқағанымыз, Қамбар Сманғалиұлының қимылы ширақ. Ол ауылдың экономикасын өсіру үшін ауыл шаруашылығымен қатар кәсіпкерлікті жолға қоюға күш жұмсап жатқанын байқатты. Округ әкімі бізге бірнеше кәсіпкерлік нысандарын аралатты. Оның алға қойған жоспарларынан Биназар ауылдық округінің жарқын болашағын көргендей болдық.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар