«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірқатар тауардың бағасы қымбаттаған

Бірқатар тауардың бағасы қымбаттаған
ашық дереккөз
Бірқатар тауардың бағасы қымбаттаған
Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір аптада екі тауар түрінің бағасы көтерілген. Атап айтқанда, күріш 403 теңгеден 406 теңгеге, тауық жұмыртқасы 440-тан 444 теңгеге өсті. Ал, керісінше, қырыққабат 4,3 пайызға, яғни 162 теңгеден 155 теңгеге, сәбіз 162-ден 161 теңгеге арзандаған. Бұл туралы «Amanat» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының өткен кезекті отырысында бақылау комиссиясының мүшесі Керімқұл Бегалиев баяндады. Аймақтағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының барысы туралы өткен жиынды «Amanat» партиясы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Гулам Умаров ашып, жүргізіп отырды. Қазіргі уақытта бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының ұдайы өсуіне байланысты өңірімізде резонанстық мәселелер жиі көтерілуде. Осыған орай, партияның облыстық және аудандық филиалдары жанынан 109 мүшеден тұратын мониторинг топ құрылған. Оның ішінде облыстық деңгейде 12, ал аумақтық деңгейде 97 мүшеден тұратын топтардың құрамында партияның аумақтық филиалдарының төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Арнайы құрылған топтар биыл 1 сәуір мен 5 қараша аралығында өңірдегі 87 сауда орындарына мониторинг жұмыстарын жүргізген. Мониторинг жұмыстары барысында топ мүшелері облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан берілген азық-түлік тауарлары бағасын өңірдегі сауда орындардағы бағалармен салыстырып шықты. Нәтижесінде сауда орындарында халыққа қажетті өнімдер жеткілікті екені анықталған. Жалпы, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің барлығы қалыпты бағада тұр. Сондай-ақ, статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір айда 4 тауар түрінің бағасы көтерілген. Рожки 1,8 пайызға, яғни 280 теңгеден 285 теңгеге, тұздалмаған сары май 3191-ден 3238 теңгеге, күріш 346 теңгеден 350-ге, айран 323-тен 326 теңгеге өсті. Тағы бір мәселе, облыста нан бағасының 120 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты қала тұрғындары тарапынан шағым түскен болатын. Бұл туралы: – Осы аталған мәселеге байланысты партияның облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері, осы салаға жауапты облыс және қала әкімдігінің өкілдері мен ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылық құқықтарын қорғау департаменті өкілдерінің қатысуымен қаладағы дүкендерге мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 1 қарашасы күні бірқатар наубайханалар өз бетінше нан бағасын 120 теңгеге көтергені анықталып, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, облыс әкімдігінің жауапты басқармасы және осы салаға жауапты мекемелердің араласуымен нан бағасы бүгінгі күнге бұрынғыша 95- 100 теңгеге дейін қайта қалпына келтірілді. Жоғарыда аталған кемшіліктерді жою бойынша партия филиалы жіті қадағалайтын болады, – деді Керімқұл Мамырұлы. Ал, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі облыс бойынша сауда және тұтынушылық құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевтың мәліметінше, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарының нәтижесінде, жыл басынан бері 36 сауда мекемесіне тексеріс жүргізілген. Оның ішінде, 23 шағын сауда желілеріне ескерту беріліп, бұзушылықтар жойылса, үшеуіне айыппұл салынған. Өз кезегінде, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Мұхтар Ботабаев тұрақтандыру қоры бойынша, қазіргі таңда қорда 3260 тонна қант, 200 тонна сәбіз, 1390 тонна картоп, 66,3 тонна қарақұмық, 155,7 тонна сұйық май, 48 тонна күріш пен 3,2 тонна ас тұзы бар екенін айтты. Алдағы уақытта бұл тауарлардың көлемін арттыру мақсатында бірқатар өңірлермен және мекемелермен келісімшарттар жасалып жатқан көрінеді. Жиында Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жауапты мекеме өкілдеріне бағаны тұрақтандыру мен қордағы тауарларды ұстап тұру бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, сауда нүктелеріне қадағалауды күшейту туралы пікірлерін де білдірді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар