Қарасөздің қараторысы

Қарасөздің қараторысы
ашық дереккөз
Қарасөздің қараторысы
Мынау қазіргі таныс көбейген, дос азайған заманда «адал еңбек», «адал адам», «еңбек адамы» деген сөз айналымға шыға бастады. Бұрын адал еңбек еткен адамдар болмап па еді? Болғанда қандай! Соны ойлағанда менің есіме сондай жанның бірі, көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ғашықтың тілі», «Қаратаудың самалы», «Құса», «Ақ иірім» және басқа да кітаптарымен оқырманға кеңінен танылған Берік Шаханов түседі. Әлі есімде. Әншейінде біртоға қалыпта жүретін әкем бірде үйге қуанып келді. Қолында бір жұқалтаң кітап. Әкем ай сайын ауданнан мұғалімдердің жалақысын алып келетін. Ауыл мен аудан арасына бір сары пазик қатынайтын. Аялдамада автобус күтіп тұрған әкемнің алдына бір қызыл «Жигули» келіп тоқтайды да, бір кісі түсіп, амандасып: «Аға жүріңіз, ауданға барасыз ба, ала кетейін. Кеше бір шаруамен келіп едім, Алматыға қайтып барамын», – дейді. Әуелде әкемнің жыға танымағанын аңғарған ол: «Танымадыңыз ба, Берік Шаханов деген шәкіртіңізбін ғой», – деп өзін таныстырады. Содан екеуі әңгімені гөйітеді. Сол бір ерте көктемде шағаласы шулап жататын Шабақты өзені жиі тасып (қазір бір тамшы су жоқ), көпірді жұлып алып кете беретін. Алдында әкем де сол Шабақтының жағдайын естіп, үйден уайымдап шыққан адам ғой. Аялдамада «автобус келе ме, келмей ме?» деп алаңдап тұрған кісіге бұл бір күтпеген сый болады. Сол жолы қоштасарда Берік аға ұстазына «Ғашықтың тілі» деген кітабын қолтаңбасымен сыйлапты. Бала күнімізде Берік Шаханов деген жазушының атын осылай тұңғыш рет әкемнің аузынан естіп едім. Әкемнің «соншалықты танымал, дарынды бола тұра, қандай қарапайым» деп риза болғаны да есімде. Кейін Алматыға келіп, оқу бітіріп, жазу жұмысына араласқан күннен ағамен жиі ұшырасып қалатын болдық. Сондағы әкем айтқан әңгіме көз алдыма келе қалатын. Сол кездейсоқ кездесуді талай мәрте оқталып, өзіне айтып бергім де келген. Қарамайсыз ба, бұл диірменнің тасындай шыр айналған уақыт кімнің сөзін айтқызуға мұрша беріп жатыр. Анда-санда жолыға қалғанда «Қошекең қалай, әй, енді ондай ұстаздар тумайды ғой» деп қоятын. Берік Шаханов қарапайым, мейірбан адам болды. Өмірде де, өнерде де осы қалпынан еш айнымай өтті. Ол жазушылықта әлдекімдердей күрделілікке ұрынбады, өмірдің өз бояуын қалыңдатпай, өзіндегі барды өзіндей етіп көрсетіп, сендіріп, сілкіндіріп жазды. Мына орыста Шукшин, Распутиндер бастаған жазушылар бір тұста әдебиетке бірыңғай деревня әңгімелерін алып келіп, құбылыс жасап еді ғой. Біздің Берік Шаханов та сол бағытта жұмыс істеп, қоңыр жазған қаламгерлердің сойынан болатын. Өзі қандай қарапайым болса, жазуы да қарапайым еді. Қызыл сөз іздеп танаурамай, өмірдің өз болмысын сол қалпында суреттейтін. Шебер екені сондай, тіпті жағымсыз кейіпкердің өзін жағымды етіп жіберетін. Кей-кейде жариялап жүретін «Сөз сәулесі» атты шағын толғаныстарымның бірінде Бекең жайында айтылған мына бір ой ұшқындары оның шығармашылық ғана емес, кісілік келбетінен де хабар береді ғой деп ойлаймын. …Көрнекті жазушы Берік Шаханов біртоға, сабырлы, артық сөзі жоқ қоңыр кісі. Бекең де кейде көңіл құбылысына қарай ән салады. Бұл қасиетін бұрынырақ білсек те, Тынышбай Рахимовтың немерелерінің тойында Тәкеңнің Абайдың сөзіне жазылған, көп айтылмайтын романсын орындағанда тағы бір мәрте сүйіндік. Тынышбайды Тиышбай дейтін еді. Сол Тиышбайды қайсыбір жылы біреулер талтүсте талап жатқанда «Егемен Қазақстанға» «Әсем әнге араша» деп мақала жаздым. Сондағы ағаның қуанғаны көз алдымда. Тіпті шын, жасанды қуана білудің де не екенін сонда ұқтырғандай еді. …Берік Шахановтың «Қайсар» деген әңгімесі («Қазақ әдебиеті», 13.04.2018) ұнады. Талайларға қиянат жасаған қасіретті кісінің өзінен герой жасаған. Тіпті, ұнамды герой болып шыққан. Оның адам екенін ашқан. Ашқанда ішіне кіріп кеткен. Тіпті, ол ән салатын адам екен. Ондай адамды санасыз деп кім айтады? Өнерлі адам өресіз болмайды. Бұлай жазу шын жазушының ғана қолынан келеді. Ағат жасаған ісіне жай адамның өзі де өкінеді ғой, ал енді бар өмірі қасіреттен, қайшылықтан тұратын адамның өкінішін өрнектеу анау, мынау деген суреткердің оңтайына келе бермейді. Өнердің міндеті – тәптіштеп түсіндіру емес, тіксіндіру, тұшындыру. Осы тұрғыдан назар қоныстатқанда Берік Шахановтың жолы болған жазушы. Өте қарапайым жазады. Күрделілік пен қарапайымдылықтың ортасынан жол табады. Әдебиеттегі осы бір көзге көрінбес нәзік иірімдердің, терең түсініп талдана бермес көркемдік критерийлердің кілтін тапқан. Сонысымен де оның кейіпкерлері табиғи. Жалпы, Шаханов өзінің толыққанды бағасын алмаған жазушы». Осылай деппіз. Сол қарапайымдылығы ғой, бір кездескенде «Мені тіпті аспандатып жіберіпсің ғой» деді. «Қайта мен жеткізе алмаған тәріздімін, аға» дедім. Шынында да осы әңгімедегі кейіпкерді біздің ел түгел біледі. Біз білгенде ол бір қара ниетті, қаскөй, көпке тізесі батқан, қысқасы, кісі сүйер қылығы жоқ адам еді. Жүрегі жұмсақ жазушының сондай кейіпкерден адам жасап шығуы – нағыз шебердің қолынан келетін шаруа ғой. Оның да дұрыс адам болғаны, залым заманы бұзғаны, әнші болғаны, сол қасиетіне көлеңке түскеніне жазушының жазуында қатты иланып, тіпті аяп отырасыз. Ол қызмет қумады, біреудің алдына түспеді, атақ та сұрамады, адамгершілік формуласының жоғары талаптарына сай қоңыртөбел тірлік кешті. Тағы да айтамыз, оның өміріне де, өнеріне де қарапайым қисын тән еді. Содан да оқырманы, тілеулес жандар көп болды. Қоңыр қаламынан ұшқындап, оқырман жүрегінен әлдеқашан қоныс тапқан сол керемет қасиеті өмірінің соңына дейін жан серігі болды. Соған бір мысал айтайын. Өткен жылдары 100 шақты зиялы қауым өкілдеріне «Алматы ақшамын» жаздыратынбыз. Бірде Берік аға телефондап: «Айналайын, осы кезге дейін газетіңді үзбей алып тұрдым. Енді өзім жазылайын. Балалар жұмыс істейді. Өзім зейнетақы аламын, жерге қарап отырған жоқпыз. Ендігіміз ұят болады» деді. Онымен қоймай, ұқыптылығы ғой, газетке жазылған түбіртектің көшірмесін, Шерханның редакторлық шеберлігінен өрбітіп, бүгінгі қазақ баспасөзінің жайын әрі-беріден қозғаған толғанысын да редакцияға өз аяғымен алып келді. Бекең – қай кезде де «ұят болады» деген қағидамен өмір сүрген адам. Туысқанға жанашыр, бауырмал болатын. Кездесе қалсақ ауылды, ағайындарды сұрап бәйек болып жататын. Жеңгеміз Дәрежан апай өмірден озғанда бұл кісі жүдеңкіреп жүрді. Өзі тұйық адамға бұл да қиын. Жеңгеміз ағамыздың бабын жасап ғана қоймай, ел ісіне де араласуға уақыт тапқан үлкен қоғам қайраткері еді. Осы Алматыда қазақ аналарына ескерткіш қою идеясын көтеріп, онысы белгілі адамдар тарапынан қолдау тауып, іске енді кірісетін шақта өмірден өтіп кеткені де бір өкініш. Бекеңнің үйі «Алматы ақшамына» тақау орналасқан, Шевченко көшесінің бойында. Арасында редакцияға соғып, әңгімелесіп те кетеді. Бірде аға көше бойымен жаяу кетіп бара жатыр екен. Дереу тоқтай қалып, ала кетейін дегеніме «Қарағым, сен қызметте жүрген адамсың, әр сағатың санаулы, маған алаңдама. Құдай екі аяққа қуат берсін» деп, сол баяғы қарапайым қалпымен елпең қағып жүре берді. Бүгінде аузынан «айналайыны» түспейтін адамдар азайған заманда кісі баласына салмағын салғысы келмей, ел қатарлы тірлік кешкен осындай жандарды еріксіз ойға аласың. Олар да азайып барады-ау. Мына сұрқы бөлек қоғамда «қарағым, шырағым» солармен бірге кетіп тынар ма екен деген қауіптің жетегінде жүретініңді де несіне жасырайық. Уақыт қалай зырлайды? Қарасөздің қараторысының жүзін қара жер жасырғанына да үш жыл өтіпті. Жатқан жеріңіз жарық болсын, жақсы адам, жақсы жазушы!  

Қали СӘРСЕНБАЙ,

жазушы,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар