Кәріз тазарту нысандарының жұмысы талқыланды

Кәріз тазарту нысандарының жұмысы талқыланды
ашық дереккөз
Кәріз тазарту нысандарының жұмысы талқыланды
Тараз қаласының кәріз жүйесі 1962 жылдан бастап жұмыс істейді. Кәріздік тазарту құрылыстарын салуға Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 4,5 километр қашықтықта орналасқан жерлер бөлінген. Жалпы ауданы 42,44 гектарды құрайды. Оның ішінде 14 гектары уақытша тұндырғыштарды қамтиды. Кейіннен ағынды суларды апаттық ағызу үшін пайдалану жоспарланған. Жалпы ауданы 217,07 гектарды құрайтын негізгі сүзу алаңдары кәріздік тазарту құрылыс учаскесінен солтүстік-батысқа қарай 3-3,5 километр қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар, диаметрі 1000 және 1200 милиметр болатын екі бетон коллекторы бар. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен кәріз суларын тазарту құрылыстарын салу, реконструкциялау, жаңғырту жобаларын іске асыру, жобаларын іріктеу, қарау, келісу және мониторингілеу әдістемесі бекітілген. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті кеңес отырысында кәріздік тазарту қондырғысы құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әкімдік «ХҚҰ-ның водоканалдарға кепілдікпен қарыз алуы» тетігі бойынша кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларының Жол картасын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. – Қазіргі таңда әкімдік Тараз қаласындағы кәріз суларын тазарту құрылыстарын жобалау, салу және қаржыландыру мәселелерін пысықтау үшін жұмыс тобын құрып, техникалық-экономикалық негіздеменің техникалық тапсырмасы әзірленді. Сонымен қатар, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамымен келісілді. Техникалық-экономикалық зерттеу және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін Еуропалық қайта құру және Даму банкі 340 мың еуро көлемінде гранттық қаражат бөлді, – дейді Мұрат Оразбайұлы. Сондай-ақ, ол техникалық-экономикалық зерттеуді, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін биыл 23 қаңтарда Еуропалық қайта құру және Даму банкінің электрондық мемлекеттік сатып алу алаңында конкурс өткізіп, жеңімпаз «СЕСТ Consulting» компаниясымен осы жылғы 4 мамырда келісімшарт жасалғанын мәлімдеді. Бекітілген Жол картасына сәйкес, кәріз суларды тазарту кешендерінің құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп күтілуде. Жиын барысында баяндамашының баяндамасын назарға алған өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы айтылған мәліметтерді саралай келе, жауапты тұлғаларға біршама тапсырмалар жүктеді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар