Елге жанашыр, еңбекке адал азамат

Елге жанашыр, еңбекке адал азамат
ашық дереккөз
Елге жанашыр, еңбекке адал азамат
Бұл кісінің есімі көпшіліктің арасында құрметпен аталады. Әдетте, атқамінерлерге айтыла бермейтін алғыс та осы кісіге көп арналады. Біз ұзақ жыл мемлекеттік қызметте тер төгіп, өңіріміздегі бірнеше ауданның әкімі болған Мәден Мұсаев туралы әңгімелеп отырмыз. Оның есімінің құрметпен айтылуы билік басында жүріп, жіліктің майлы басын ұстағанына ғана қатысты емес. Оның жеке басындағы асыл қасиеттердің бағаланғанынан деп таразылаймыз. Біз журналистика саласына жаңадан келе бастаған 2008 жылдары Мәден Мұсаев Мойынқұм ауданының әкімі еді. Байқап отырсақ, қырықтың қырқасынан енді асқан кезі екен сонда. Сол кезде аталған ауданға сапарға шыға қалсақ, Мәден Тоқтарбайұлы жайлы мойынқұмдықтардың аузынан тек жылы пікір естуші едік. Әсіресе, ауыл шаруашылығын өркендетуге күш салғаны есімізде. Аудан басшысы қызметіне дейін де Қордай ауданында кеңшарда мал дәрігері, аудан әкімдігінде түрлі қызметтер атқарғаны ел басқару ісінде ысылуына жол ашқаны анық. Шу ауданы әкімінің орынбасары болған кезінде де нағыз шыңдалу мектебінен өткен еді. Сондықтан, аудан басқарған екі жылында мойынқұмдықтар Мұсаевтың іскерлігіне куә болғаны бар. Оны ақпарат саласында жүрген біздер де байқап, сезініп жүрдік. Ең бастысы, еңбекқор адам екенін таныған едік. Мемлекеттік қызметтегі адамдар – мемлекеттің сардарлары. Қайда жұмсайды, сонда барады. 2010 жылы Мәден Мұсаев көршілес Алматы облысына қызмет ауыстырды. Іле ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып барды. Ол жерде де абыройсыз болған жоқ. Іле – жүз мыңнан астам халқы бар үлкен аудан. Міне, осы ауданда табаны күректей 5 жыл қызмет еткен ол ауыл шаруашылығын өрге бастырып, үлкен аудандағы майталман шаруашылық жетекшілерімен, кәсіпкерлермен бірге өндірісті жолға қоя білді. Бір сөзбен айтқанда, көрші облыста да іскерлігімен танылды. Іскер маманды 2015 жылы сол кездегі облыс басшылары туған жерге шақырып алып, Жамбыл ауданының әкімі етіп тағайындады. Бұл дұрыс жасалған шешім болатын. Өңіріміздегі үлкен ауданның бірін Мәден Тоқтарбайұлы абыройлы басқарды. Әсіресе, алыс Мойынқұмды жайлаған малшыларды аралап, тыным таппайтын. Білім, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт салаларына да көп көңіл бөлгенін аудан халқы осы күнге дейін сүйсініп айтады. Қай кезде де қарбалас жұмыста, қарапайым көпшіліктің арасында жүрді. Мұсаев пен халықтың арасында алшақтық болған жоқ. Аталған ауданды абыройлы басқарғаны болар, осы қызметтен облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Мәден Тоқтарбайұлы облыс әкімінің орынбасары ретінде де тыным тапқан жоқ, өзі басшылық жасайтын басқармаларға да тыным таптырмады. Бұл қадамы арқылы да Мәден Тоқтарбайұлы өзге әріптестерін қарапайым болуға, ел мен еңбекке жақын жүруге шақырғаны деп білеміз. Өңірімізде Мұсаевты білетіндер аз емес. Кезінде талай қызметтің тізгінін ұстаған абыройлы ақсақалдардан бастап, еңкейген қартқа дейін жақсы таниды. Солардың барлығының көңілінде бұл азамат жақсы қалпымен қалды. Себебі, біздің кейіпкеріміз өзінен бұрын өзгені ойлайтын, басқарып отырған халқына жанашырлық танытатын кең жүректі азамат. Оны талай рет танып, көңіліміз толып еді. Бір айта кетерлігі, Мәден Тоқтарбайұлының сонша биік қызметте жүрсе де, бауырларына, ағайын-туысына деген ыстық ықыласын жоғалтпағаны. Қазір кішкентай қызмет қолына тиген кейбір азаматтардың туысын танымай кететіндері де бары рас. Ал, Мәден Мұсаев өзінің асқар тау әкесіне деген құрметін ешқашан жоғалтқан емес. Жақында бір жиынға Мәден мырзаның әкесін ерте барып, қасына бірге отырып, асқар тауын сонша құрметтегенінің куәсі болдым. «Бұл кісі – асыл адам. Осы жасында өзі көлік жүргізіп, бәрімізге тілеулес болып жүреді» деп өбектегенде толғанып кеттік. Бұл сөздерді әсірелеп, артық қоспалар қосып жазып отырған жоқпыз. Қазіргі таңда отбасылық құндылықтар, әке мен бала арасындағы қатынас өте өзекті. Әкім болған баласы түгілі, жұмыссыз жүрген балалардың өзі әкесін сыйлай бермейді. Бұл жағынан алғанда Мәден Мұсаевтың әкесіне деген құрметі өзге адамдарға үлгі боларлық іс. «Мәден Мұсаевты біраз уақыттан бері білемін. Адалдығын құрметтеймін. Көпшіл, кез келген адаммен ашық-жарқын сөйлеседі. Қай кезде де алды кең, кабинеті қарапайым адамдарға да ашық. Өзінің ортасында құрметті. Үлкен-кішіге ізетті. Мен де бұл азаматты осы кісілік, адамгершілік қасиеттері үшін сыйлаймын», – дейді ҚР Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты, елімізге танымал кәсіпкер азамат Шамсат Исабеков. Облыс әкімінің орынбасары қызметінен 2018 жылы Мойынқұм ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл – Мойынқұмға әкім болып екінші мәрте баруы. Осы жолы Мәден Мұсаев аудан-ауылдарды суландыруға ерекше мән берді. Сол тұста Мойынқұм ауданында суармалы жердің көлемі артып, шаруалар табысқа кенелді. Әсіресе, Айдарлы, Бірлік, Биназар, Күшаман, Құмөзек ауылдары жүгері өсіруді қайта қолға алып, табысқа кенеліп жатты. Мойынқұм ауданында жүргенінде Мәден Мұсаев өнер мен спортқа, оның ішінде ақындар айтысына да ерекше көңіл бөлді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық тойын Мойынқұм жерінде дүркіретіп өткізіп, облыстық ақындар айтысының жоғары деңгейде өтуіне де өзі атсалысып еді. Өзге өнер өкілдерімен бірге айтыскерлер де Мәден әкімнің жанашырлығын танып, құрметін көрген болатын. Ол қай ауданға барса да айтыс өткізіп, атамұра өнерге құрметін көрсетіп жүрді. Мәден Мұсаев Қордай ауданын да абыройлы басқарды. Ол ауданда да өнер мен мәдениеттің жанашыры болды. Ол қайда жүрсе де, қай ауданды басқарса да абыройға бөленді. Барған жерінде жас мамандарды, іскер азаматтарды жақсы қызметке көтеріп жүрді. Біз өзіміз білетін Мәден Тоқтарбайұлының жақсы қасиеттері жайлы, оның мемлекеттік қызметтегі белестері жайлы қысқаша айтып өттік.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар