Қалдықтан кәдесый, жиһаз жасамақ

Қалдықтан кәдесый, жиһаз жасамақ
ашық дереккөз
Қалдықтан кәдесый, жиһаз жасамақ
Табиғатты қорғау, экологияны сақтау бүгінгінің өзекті мәселесі. Әлем ғалымдары осы тақырып төңірегінде құнды ойларын, ғылыми жаңалықтарын ұсынып келеді. Эколог мамандар, табиғат жанашырлары күнделікті қауіп пен қатер жайын хабарлап, дабыл қағуда. Экологияны жақсарта отырып, студенттердің ғылыми жобаларын қолдауды мақсат еткен ENACTUS Әлем чемпионаты жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл байқау экология, бизнес, әлеуметтік тақырыптарды қамтиды. Еліміздің командасы әр жылы қатысып, озық жобаларын ұсынып жүр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Сән дизайны» мамандығының 3-курс студенті Зере Сламбек жуырда ғана Ұлттық ENACTUS команда құрамында болып, Нидерланды елінің Утрехт қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысты. Еліміздің командасы екі жоба ұсынған болатын. Жерлесіміз қалдықты қайта өңдеп кәдесый, әшекей, жиһаз жасау бойынша жоба жұмысын қорғады. Келесі жылы ENACTUS Әлем чемпионаты еліміздің бас қаласы Астанада өтеді. Соған орай дайындық жұмысы биылдан басталып кетті. Қарашаның ортасында мектеп оқушылары, студенттер арасында форум өтеді. Форумға ең үздік жобалар ұсынылатын болады. Ауқымды шараға Зере де қатысып, өз мүмкіндігін сынамақшы. – Келесі жылы еліміз Әлем чемпионатының ұйымдастырушысы болғандықтан, үлкен жауапкершілік жүктеледі. 32 мемлекеттен келген қатысушыларды қарсы алып, біздің ел туралы жақсы ой қалыптастыру үшін чемпионатты абыроймен атқаруымыз керек. Оған дейін еліміздегі үздік жобаларды іріктеу мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Ең озық жобаларды іріктеп, ұсынатын боламыз, – дейді жас өнертапқыш. Білім, ғылым, өнерде шекара жоқ. Озық ойлы, ғылымды игерген жастарымыз мұхит асып ел аралап, жер көріп, таным-түсінігін кеңейтіп жүр. Осындай мүмкіндікке ие болу үшін тіл меңгеріп, оқуда озат болу керек. – Нидерландыға барғанда Франция еліне, Париж қаласына жол түсті. Ерекше архитектурасы, сән- салтанаты мені баурап алды. Алдағы уақытта дизайн мамандығы бойынша сол қалада тәжірибеден өтсем деймін. Сала мамандарынан тәжірибе жинақтап, мамандық бойынша білім деңгейімді тереңдеткім келеді, – дейді арманы асқақ Зере. Қалдықты қайта өңдеу, тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлау – бүгінгі заман талабы. Тағам түрі, оларды қаптап, сақтайтын құты, қорап түрі көбейген сайын күнделікті қоқыс та артып, қоршаған ортаны улап жатыр. Зере Сламбек осы мақсатта табиғат жанашыры әрі жас ғалым ретінде қалдықтарды өңдей отырып, қажетті дүниені ойлап тапқаны көңіл қуантады. Табиғат тазалығына алаңдайтын, экологияның түйткілді мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын ұсынатын жастар ел болашағының нағыз жанашырлары екені айтпасақ та түсінікті. Келесі жылы елімізде ұйымдастырылатын ENACTUS WORLD CUP 2024 чемпионатында үздік жобалар ұсынылып, мықты командалар жеңіске жетеріне сенеміз. Ең бастысы – адамзат үшін пайдалы, қажетті жобалар жүзеге асып, өмір сапасын жақсартатын жаңалық қанат қақса дейміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар