Жақсылардың жолын жалғаған
Қоғамға үлесін қосып, белсенділігін көрсетіп жүрген нәзікжандылар көп емес. Сол санаулы көшбасшы қыздар өзгелерге жол көрсететін бағдаршам. Сондай жандардың бірі – Гүлбаршын Құланбаева. Гүлбаршын Қайратқызы 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология факультетін жақсы үлгеріммен аяқтады. Тіпті, университеттің соңғы курсында жүріп-ақ, өзін жақсы қырынан танытқан ол 2005 жылы облыстық «Jambyl» телеарнасына редактор-жүргізуші болып қабылданды. Журналистикадағы еңбек жолын облыстық деңгейден бастағаны да Гүлбаршынның талғамы жоғары екенін көрсетсе керек. Ал, 2006 жылы жоғары білім иесі атанғанда аға редактор қызметіне жоғарылады. Аға редактор деген – біраз маманға, біраз жұмысқа жауапты адам. Осындай жауапты жұмысты 7 жыл бойы абыройлы атқарды. Мұнан соң бір жыл шеф-редактор қызметінде жемісті жұмысын көрсетіп, облыс әкімінің баспасөз қызметіне бас маман болып ауысты. Баспасөз қызметін ілгерілетуге де барын салды. Бұл ретте телеарнадан жылдар бойы жинаған тәжірибесі өз жемісін берді. Қай ауданға барса да, таныс ауыл, таныс адамдармен ұшырасып, жұмысты жұмыла атқарды. Арада бір жыл уақыт өткенде облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалды. Сол кездегі облыс әкімі жұмысымен көзге түсіп жүрген Гүлбаршын Қайратқызына сенім артты. Гүлбаршын осынау тынымсыз әрі жауапты жұмыста өзін жақсы қырынан көрсете білді.
Мұнан соң облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасында мониторинг және талдау бөлімінің басшысы қызметінде де жұмысқа жауапты екенін көрсетті. Тіл басқармасының сан алуан жұмыстары да «инемен құдық қазғандай» ептілікті қажет ететіні анық. «Zhambylnews» ақпарат агенттігінің бас редакторы қызметінде де Гүлбаршын Қайратқызы өзін жаңашыл, бастамашыл, ұйымдастыру ісіне шебер басшы ретінде көрсетті. Жылдар бойы ақпараттың қазанында қайнаған білікті маманға бұл белес те оң ықпал етті. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, сол мекемеге басшы іздестірілгенде таңдау Гүлбаршын Құланбаеваға түсті. Таңдаудың бұлай түсуі заңдылық дер едік. Ақпарат саласында және мемлекеттік қызметте біраз шыңдалған Гүлбаршын Қайратқызы аталған мекемені абыройлы басқарып, жұмысты жандандырды.
Аталған мемлекеттік мекемені басқарған екі жылы сәттілікке толы болды. 2022 жылдың қыркүйегінде облыстық «Jambyl» телеарнасына директор болып тағайындалды. Бұрын қызмет атқарып келген саласы десек те, облыстық телеарнаға бірінші басшы болудың жауапкершілігі өте жоғары. Гүлбаршын Құланбаева осы жауапкершілікті сезініп, жаңа маусымда бірнеше жаңа бағдарламалар әзірледі. Аталған саланың майталман маманы екенін танытты. Облыстық телеарнадағы «Қаламдастар клубы», «Ене мен келін», «Серпіліс» бағдарламалары көрермендер тарапынан қызу қолдауға ие болды. Қазіргі таңда аталған телеарнаны қызыға тамашалайтындар, көк жәшік көтерген мәселелерден ой түйгендер көбейді.
Гүлбаршын Қайратқызы өз отбасының берекесі. Үш перзентке ұлағатты тәрбие беріп отырған ана.
Ол ұзақ жылдар атқарған жемісті жұмыстарының нәтижесінде бірнеше марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, Гүлбаршын Құланбаева Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл мерекелік медалімен, Қазақ хандығына 550 жыл төсбелгісімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Қазақстандық салалық, мәдениет, спорт, туризм және кәсіптік одағының Құрмет грамотасы – Гүлбаршын Қайратқызының еңбегіне берілген әділ баға. Мұнан бөлек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хаты, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алғыс хаты, Азаматтарға арналған үкіметтің Алғыс хаты, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы – оның еңбегінің еленген сәттері.
Гүлбаршын Қайратқызы облыстық гендерлік саясатына да белсенді үлесін қосып келеді. Облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығы және облыстық «Анаға тағзым» орталығымен бірлесіп, жұмыс атқарады. Облысқа еңбегі сіңген алдыңғы толқынмен де байланысын үзген емес. Бүгінгі таңда Гүлбаршын Құланбаева аймақтық ақпарат саясатына ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысып келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді