Кемшіліктерге көз жұмып қарауға болмайды
Енді бір айдан соң қылышын сүйретіп қыс та келеді. Оңтүстік өңірлер жылы аймақ саналса да, қыс мезгілі мінезін көрсетпей қоймасы белгілі. Оған облысымыздың дайындығы қандай? Әсіресе, бұған дейін дәл суық күндерде жылыту жүйелері сыр берген Сарысу ауданы және әлі күнге газ тартылмаған, көмір жағып күнелтетін Мойынқұм ауданы қыс мезгіліне қаншалықты дайын? Ал, әлеуметтік нысандар ше, отыны жеткілікті ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп, тиісті мекеме мамандарымен сөйлескен едік. Облыстың барлық аймағындағы жылу жүйелерінің жұмыстарын ұйымдастыратын облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу бойынша өңірлік штаб құрылған. Облыс нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі бекітілген. Жоспарға сәйкес, штаб отырысы ай сайын өтіп тұрады. Жергілікті жерлердегі дайындық жұмыстарына мониторинг тұрақты жүргізіледі.
Облыста 9 негізгі жылу энергетика кешендері және 593 автономды қазандықтар бар, олармен жалпы 1739 әлеуметтік нысан мен 1646 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Биыл отын-энергетика кешендерімен 1250 миллион текше метр газ тұтыну жоспарланып, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының филиалымен шарт жасалған. Отын-энергетика кешендерінде 15039 тонна резервтік мазут отыны бар.
Сонымен қатар, облысқа қажетті 24438 тонна әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталып, бүгінгі таңда Энергетика министрлігімен бекітілген графикке сәйкес тасымалданып жатқан көрінеді. Мұндай дайындық жылда жасалады. Сөйтсе де, қыс қаһарына мінген сәтте халықты тоңдырып, жылу жүйесі істен шыққан немесе аязға шамасы келмей қалған жағдайлар бұған дейін орын алған болатын.
Айталық, 2021 жылдың аязды ақпанында Жаңатас қаласында орталық қазандық істен шығып, тұрғындарды қыс қысқаны әлі есте. Ол жағдайды мамандар сапасыз отынды пайдаланудың салдарынан техникалық ақаулық орын алғанымен түсіндірген еді.
Тіпті, биылғы жылдың басында да ауа райының қолайсыздығынан жылу мен жарық жүйелері істен шығып, тағы да қаңтардың қытымыр аязында Жаңатастағы жиырма мыңнан астам тұрғын жарыққа да, жылуға да жарымай қалғаны ұмытыла қойған жоқ. Сол секілді Мойынқұм ауданының кей мектептерінің де жылу жүйелері биылғы қаңтардың аязына шыдас бермей, ғимарат ішін жылыта алмағанын газет бетінде көтергенбіз. Қыс түспей тұрып даярлық жасалса да «ауруды өлім әшкерелейтіні» секілді кеткен кемшіліктерді қатты қысқан аяз әшкерелеп жататыны бар. Орын алған олқылықтар келешекке сабақ болуы керек деген оймен алдағы қысқа аталған аудандардың дайындығын зерделеп көрдік.
«Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінің директоры Абуталип Абиловтың айтуынша, бұл кәсіпорыннан 6345 абонент жылу алады.
– «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнымен 97 көпқабатты және 72 жеке тұрғын үйлер, 41 бюджеттік ұйымдар және 372 заңды тұлғалар жылытылады. Ал, 3 бу қазандығы, 3 су қазандығы бар, жылудың қолданыстағы қуаты сағатына 86,6 Гкал құрайды. Қарамай (мазут) шаруашылығы ағымдағы жөндеуден өтті. Қазіргі таңда қазандықта 3542 тонна мазут бар. Мазут кестеге сай келіп жатыр. Мазуттың тұтыну көлемі тәулігіне қазіргі жылы уақытта 60 тоннаны құрайды, ал қыста ауа райы қатты суытқанда 85-90 тоннаға дейін барады, – дейді Абуталип Тұрсынбекұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл «Жаңатас қаласының орталық қазандығын газдандыру» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін 620,4 миллион теңге қаралған. Оның 455,309 миллион теңгесі Ұлттық қордан болса, 103,087 миллион теңгесі аудандық, 62,044 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Бүгінде мердігер «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасалып, жобада қаралған жабдықтарды сатып алу, газ желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджеттің 2024 жылғы нақтылауында 2,284 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жобаның жалпы құны 4,184 миллиард теңге, жобаны аяқтау үшін қосымша 1,280 миллиард теңге қажет екен.
Аталған аудандағы әлеуметтік нысандарға да тоқтала кетсек, білім бөліміне қарасты 46 білім беру ұйымдары бар. Мұндағы 27 мектептің үшеуі орталықтандырылған, 16-сы көмірмен, тағы үшеуі табиғи газбен және бесеуі сұйық отынмен (дизель) жылытылады. 9 қосымша білім беру ұйымдарының үшеуі орталықтандырылған, төртеуі көмірмен, біреуі электр қуатымен және біреуі мектептің жылу жүйесіне қосылған. Ал, 8 бөбекжай-бақшасының біреуі орталықтандырылған, төртеуі көмірмен, біреуі электр қуатымен, тағы біреуі мектептің жылу жүйесіне қосылған және біреуі қосымша білім беру ұйымының жылу жүйесіне қосылып, жылытылады. Аудандағы бір коррекциялық түзету кабинетінің жылу жүйесі орталықтандырылған, 1 қосымша білім беру ұйымының бөлімшесінде көмір жағылады.
– Білім беру ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес 5898 тонна көмір, 300 тонна сұйық (дизель) отынмен толық қамтамасыз етілді және 8 орталықтандырылған білім беру ұйымдары орталықтандырылған жылу жүйесіне және 3 мектеп табиғи газ жүйесіне қосылды. Жылу қазандықтарда жұмыс істейтін от жағатын мамандар мен операторлары «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінің тарапынан арнайы оқу курстарынан өткізілді. Сарысу ауданы әкімінің 2023 жылғы 10 қазандағы №445-ө өкіміне сәйкес, 14 қазан сағат 00:00-ден жылыту маусымы басталды. Қазіргі таңда, барлық білім беру ұйымдарына жылу толық беріліп тұр, – дейді бөлім басшысы Ілияс Баймағамбетов.
Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, облыстағы барлығы 783 білім нысандарының 778-і қазіргі уақытта жылу жүйесіне қосылған. Қалған 5 білім нысанын жылу жүйесіне қосуды күрделі жөндеу жұмыстарының есебінен алдағы қараша айында аяқтау жоспарланыпты. Дәл осы қысқы жылыту жұмысы қаралған облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев:
– Баяндамада барлығы дайын деп есеп бересіздер. Бірақ, демалыс күндері Тараз қаласындағы мектептерді аралағанымда, бірқатарында әлі жылу жоқ екенін көрдім. Сондықтан, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қарамағындағы нысандарды арнайы аралап, кем-кетігін түзеп, жылуды дұрыс беруді қадағалаңыздар, – деп ескерткен болатын.
Облыстағы әлі көгілдір отын жетпеген жалғыз аудан Мойынқұмда жылыту маусымы 15 қазаннан басталған. Қазіргі таңда ауданда білім саласында 45, денсаулық сақтау нысандарында 25, №19 спорт кешенінде, мәдениет және әлеуметтік сала бойынша 34 қазандық бар. Оның ішінде қуаттылығы 100 Гкалдан жоғары немесе төмен 38 қазандық орналасқан. Мойынқұм аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғани Тілешовтің айтуынша, қажетті көмір түсірілген.
– Алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына аудандағы барлық білім, денсаулық, әлеуметтік-мәдениет нысандарына қажетті 12655 тонна көмір отыны толығымен түсірілді. Білім бөліміне қарасты 24 мектеп, 15 балабақша, мектептен тыс 6 мекеме, барлығына 11656 мың тонна көмір дайын. Аудандық орталық ауруханаға қажетті 575 тонна көмірге 15,5 миллион теңге қарастырылды. Мәдениет үйіне 264 тонна көмірге 7,9 миллион теңге, №23 Спорт кешеніне 160 тонна көмірге 2,4 миллион теңге жұмсалды. Аудан әкімшілігіне қажетті 90,2 тонна дизель отынының 25 тоннасы жеткізілді. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту бөліміне қажетті 40 тонна дизель толығымен түсті. Аудандық орталық ауруханаға қажетті 240 тонна дизель отынының бүгінде 20 тоннасы әкелінді. Жалпы, аудан бойынша 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында жеке секторларға 19,5 мың тоннаға жуық көмір қажет. Бүгінгі күні жеке секторларға 10 мың тоннасы түсірілді. Жылыту маусымы кезеңінде тұрғындарға көмір Шу қаласынан тасымалданады. Тасымалдау жұмыстарын кәсіпкер Дүйсен Жунусов жүргізуде. Сонымен қатар, аудан 10 мың текшеметрге жуық сексеуіл отынымен қамтамасыз етілуде, – дейді Ғани Якияұлы.
Биылғы қаңтардағы аязда жылуы сыр берген осы аудандағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай іске қосылыпты. Қаражыра және Қарасай көмірлері қажеттілігіне қарай түсірілгенін айтқан жауаптылар алдағы уақытта қадағалауда болады деді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың сөзінше, өзекті мәселе Шу ауданында болып отыр. Мұндағы резервтік көмір отынымен жұмыс істейтін қазандықтың түтін мұржасы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Ол үшін өткен жылы жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны 217,2 миллион теңгені құрапты. Жобаға сәйкес, биіктігі 45,9 метр темірбетонды түтін құбырын толық бөлшектеп, қайта салу керек. Сонымен қатар, аталған ауданда қолданыстағы газдың қысымы төмен болып отыр.
– Өткен жылы Шу ауданы әкімдігі тарапынан жылыту маусымы кезінде түтін құбырының құлауын болдырмау үшін қатты зақымданған 20 метр биіктіктегі құбырдың бөлігін бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Егер, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газдың берілуі шектелген жағдайда Шу қаласының орталық қалалық қазандығы резервтік қатты отынмен (қоры – 696 тонна) жұмыс істеуге мәжбүр болады. Түтін құбырының қазіргі жағдайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндіктен уәкілетті органдармен тиісті әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Бұл жобаны қаржыландыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне 217,2 миллион теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Аталған мәселе Премьер-Министрдің облысымызға келген іссапары кезінде берілген хаттамалық тапсырмаларына енгізілді.
Шу ауданы «Қордай» автоматты газ тарқату станциясы (АГРС) арқылы газбен жабдықталған. Жалпы қуаты 12 кгс/см2 болса, Шу қаласында газдың қысымы 4,5 кгс/см2 дейін, Бірлік, Көктөбе ауылдарында 0,8 кгс/см2 дейін төмендеуде. Шу ауданының елді мекендерінің тұтынушыларын тұрақты газбен жабдықтау мақсатында «Қордай-Шу» жоғары қысымды газ құбырының қолданыстағы гидравликалық өткізу қабілеті қысқы жылыту маусымы кезінде сыртқы ауа температурасы -1500С-тан асқан жағдайда ең жоғары шекті деңгейде болып отыр. Осыған байланысты, биыл ауданда 12 әлеуметтік нысан қазандығының газға қосылуын ескере отырып, қазіргі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалымен бірлесіп газдың қысымын ұлғайту мәселелері зерделенуде. Қыс маусымы кезінде коммерциялық, өндірістік мекемелерде баламалы отын түрін пайдалану арқылы газдың тұтыну деңгейін төмендету арқылы газдың қысымын ұлғайту шаралары қарастырылуда. Қазіргі таңда 12 әлеуметтік нысанның қазандықтары көмір отынымен жұмыс істеуде. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Шу ауданындағы Қонаев ауылына «Шу» АГТС құрылысының жобасын іске асыру қажет. Бұл ретте, энергетика басқармасының тапсырысы бойынша мердігер «GasEnergyConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде, нысан 2024 жылға өтпелі, – дейді Құдайберген Нұрсерікұлы.
Айта кетейік, биыл Тараз қаласындағы 15-шағынауданның жылу желілерінде жылудың қысымын ретке келтіру мақсатында қуаттылығы сағатына 1600 текше метр құрайтын насос станциясының құрылысының жобасы әзірленген. Жобаның құны 800,833 миллион теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының рәсімі ұзақ болуына байланысты мердігер «Строй Монтаж Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жекелеген объект бойынша төтенше жағдай жариялау арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Аяқтау мерзімі алдағы қараша айының соңы болып белгіленген. Бүгінгі күнге қажетті материалдары сатып алынып, насос станциясының ғимаратына орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте насос станциясы 15-шағынауданның қолданыстағы магистралды жылу жүйесіне қосылып, задвижкасы орнатылыпты.
– Атап өтетін бір мәселе – көп жағдайда әлеуметтік нысандарда баламалы электр көзі дизельдік генераторлары іс жүзінде ақаулар орын алған кезде дұрыс деңгейде жұмыс істемейді. Мәселен, дизельдік генераторлар қуатының жеткіліксіз болуы орын алуда, жылу айналдыруды қамтамасыз ететін насостардың қуаты 380 кВт болса, қуаттылығы 220 кВт болатын дизельдік генераторлар орнатылған. Бұл қажетті жағдайда насосты іске қосуға мүмкіндік бермейді. Биыл жыл басында Сарысу және Талас аудандарында табиғи техногендік сипатта орын алған апатты жағдайды ескере отырып, шұғыл іс-әрекет жасау үшін жылу энергетика кешендерінде қажетті материалдардың авариялық запасын құру, қуаты 6000 вольтті дизельді генератор орнату ұсынылған болатын. Бұл ретте басқарма тарапынан облыстық бюджеттің нақтылауына Сарысу ауданына қажетті қуаттылықта 4 бірлік дизельді генератор сатып алу үшін 230,5 миллион теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, өкінішке қарай қолдау таппады. Бұл жабдықтар, төтенше жағдай кезінде насос станциялары мен су ұңғымаларының және орталық қазандықтың тоқтаусыз жұмыс істеуіне зор септігін тигізеді. Сонымен қатар, 2015 жылы әзірленген «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының РК-4 қазандығының жүктемесін кеңейту арқылы қайта жаңғырту жобасын түзетуден өткізуді қажет етеді. Жоба бойынша қосымша қуаттылығы сағатына 100 Гкал құрайтын 1 дана КВ-ГМ-100-150 маркалы су жылытқыш қазаны орналастырылатын болады. Ол үшін келесі жылғы облыстық бюджеттің нақтылауына жобаны түзетуге және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін 100,9 миллион теңгеге бюджеттік өтінім осы жылдың қараша айына дейін ұсынылады, – дейді басқарма басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Қазан айының басында күн суытып, жылу берілгеннен кейін қайта жібіп, Жаратқанның өзі алдағы қысқа дайындықты пысықтауға мүмкіндік беріп тұрғандай. Олай дейтініміз, жылда жылу берілгенде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерінен түрлі ақаулықтар шығып жатады. Биыл да жылу жүйесіне қосу кезінде Тараз қаласындағы 7 білім нысанында ақаулықтар орын алған. Бүгінде №1, 5 мектептердің ішкі жүйелерінде жылудың циркуляциясы реттеліп, №8, 34, 43, 44, 45 мектептердің жарылған жылу құбырлары қалпына келтіріліпті. Ал, №28 мектеп пен №9 балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, жоспарға сәйкес 20 қарашада пайдалануға берілмек. Кестеге сәйкес, 5 күн ішінде тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу кезінде Тараздағы 16 тұрғын үйдің жертөлесінде жылу желілерінің жарылуы, тиісті задвижкаларының істен шығу жағдайлары орын алған. Тұрғындардың шағымдары негізінде жұмыс топтарымен жертөледегі жылу жүйелеріне зерделеу жүргізіліп, көмек ретінде тұрғын үйлердің элеваторлық тораптары, дроссельдік құрылғылары (сопло) тазаланып, пәтерлердегі ішкі тікқұбырлар мен жылу радиаторларынан ауа шығару жұмыстары жүргізілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді