Аудан әкімдерін алғаш рет халық сайлады
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару институттарын жаңарту туралы міндеттеме қойған болатын. Бірінші кезекте Президент сайлауы, одан кейін Парламент сайлауы өтті. Сондай-ақ, пилоттық деңгейде ауыл әкімдері де сайланды. Енді, міне, аудан әкімдерін сайлау деңгейіне шығып отырмыз. Жалпы, әкімдердің тікелей сайлауы мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі екені анық. Өткен жексенбіде елімізде пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтерге сәйкес, өңірлерде барлығы 1491 аудандық және қалалық сайлау учаскелері жұмыс істеп, сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілген. Ал, саяси додаға түскен 164 кандидаттың жартысынан көбі өзін-өзі ұсынғандар. Бұл күні біздің облыстың екі ауданында сайлау өтіп, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында әкімді алғаш рет халық сайлады.
Кеше облыстық сайлау комиссиясы 5 қараша күні Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында өткен сайлаулардың қорытындысын жариялады. Сайлау комиссиясының мәліметінше, аталған екі ауданда әкім лауазымына барлығы 15 кандидат ұсынылған. Кандидаттарды тіркеу кезеңінде олардың 5-еуі өз өтініштерін қайтарып алса, 4-еуін талапқа сай болмағандықтан комиссия тіркеуден бас тартқан. Тіркеуден өткен 6 кандидаттың 2-еуі «Amanat» партиясынан болса, қалғаны өзін өзі ұсынғандар.
Маңызды саяси науқанға дайындық барысында Жуалы ауданында құрылған 39 сайлау учаскесінде барлығы 31323 сайлаушы тіркелді. Ал, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 35 сайлау учаскесінде 40419 азамат дауыс беруге мүмкіндік алды. Жексенбіде өткен сайлауда аталған екі аудан бойынша дауыс беруге барлығы 40261 адам қатысқан, бұл сайлаушылардың 56,12 пайызын құрайды. Оның ішінде Жуалы ауданында 19720 (62,96 пайыз), Т.Рысқұловта 20541 (50,82 пайыз) адам дауыс беру мүмкіндігін пайдаланған.
Қос ауданда орналасқан 74 сайлау учаскесінде сайлаудың өту барысын 419 байқаушы бақылаған. Оның 135-і кандидаттардың сенімді өкілі, 105-і саяси партиядан, 25-і БАҚ өкілдері болса, қалғандары қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың атынан қатысқан.
Аудан әкімдерін сайлау бойынша дауыс берудің қорытындысын жариялаған облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Жуалы ауданы бойынша сайлаушылардың 1505-і өз дауысын Нұржігіт Бөлекбаевқа, 16520-сы Жалғас Мұртазаға, 1158-і Жәнібек Мырзалиевке берген. Ал, 289 сайлаушы үш кандидаттың ешқайсысына да сенім білдірмеуді жөн санаған.
Т.Рысқұлов ауданына келсек, 1804 сайлаушы Бақытбек Аблазимовты, 16179 сайлаушы Ернар Есіркеповті, 1891-і Сапар Құлмановты жақтап дауыс берген. Сайлауға қатысқандардың 309-ы барлық кандидаттарға қарсы екенін көрсеткен.
Осылайша, аудан әкімдері сайлауының қорытындысы бойынша сайлаушылардың 84,8 пайызының сеніміне ие болған Жалғас Мұртаза Жуалы ауданының әкімі, сайлаушылардың 80,1 пайыз дауысын иеленген Ернар Есіркепов Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып сайланды.
Айта кетсек, Жалғас Мұртаза мен Ернар Есіркепов бұған дейін де аталған аудандардың әкімі қызметтерін атқарып келген.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді