Ерлік пен патриотизм мектебі

Ерлік пен патриотизм мектебі
ашық дереккөз
Ерлік пен патриотизм мектебі
Тараз қаласындағы Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік пайдалану оқу орталығында салтанатты жиын өтті. Айтулы шара Әуе қорғанысы күштерінің 14157 әскери бөлімінің құрылғанына 42 жыл толуына арналды. Аталмыш мерекеге орай орталыққа қонақтар шақырылып, олардың арасында болашақ Отан қорғаушылар мен еліміздің өскелең ұрпақ өкілдері ретінде студенттерге ерекше көңіл бөлінді. Бөлімшенің құрылуының кезекті мерейтойына арналған салтанатты жиын антына адал әскери қызметшілерді Құрмет грамоталарымен марапаттаудан басталды. Айтулы марапаттарды тапсырған бөлімше командирі, полковник Шохан Мұсабеков шын мәнінде өз орталығының әрбір әскери қызметкері марапат пен мақтауға лайық екенін, өйткені жауынгерлік дайындық сапасын арттыруға және мықты әскери құрамның қалыптасуына әрбір адамның жеке үлесі әсер ететінін атап өтті. – Бұл – жауынгерлік оқу-жаттығу орталығы және ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік пайдалану алаңы. Біздің әскери бөлімнің бай және көп қырлы тарихы бар. Біз оның құрылуы мен дамуының барлық кезеңдерін мұрағатта да, жадымызда да мұқият сақтаймыз. Әрине, қазір әскери бөлімнің міндеттері мен оның техникалық жабдықталуы өзгерді. Бірақ, ең бастысы сақталды. Осында қызмет еткендерге, әскери дәстүрге және біздің ұшу кәсібімізге деген құрмет біз үшін маңызды. 14157 әскери бөлімінің тарихы 1981 жылдың қазан айында сол кездегі Жамбыл қаласында жеке көліктік-жауынгерлік тікұшақ полкінің құрылуынан басталды. Ауғанстан полк тарихына жауынгерлік беттер енді. Полктің жауынгерлік есебіне Пандшир шатқалында, Парван, Бая, Файзабад провинцияларындағы операциялар, Мазари-Шариф, Жалалабад, Кабул және Баграм аймақтарында жүргізілген операцияларға қатысу кіреді. 1984 жылдан 1987 жылға дейін тікұшақ полкінің жеке құрамы Эфиопия халқына ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарын еңсеруге көмектесті. 1986 жылы Ми-6 және Ми-8 тік ұшақтарындағы ұшу экипаждары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысты. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз Қарулы Күштерін құру кезінде тікұшақ полкі тәуелсіз мемлекеттің жас армиясының әскери-әуе күштерінің құрамындағы міндеттерді орындауды жалғастырды. Қазіргі таңда 14157 әскери бөлімі жауынгерлік даярлық пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік қолдану бойынша негізгі оқу-жаттығу орталығы, – деді 14157 әскери бөлімінің командирі, полковник Шохан Мұсабеков. Орталықтың жұмысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты студенттерінің де қызығушылығын арттырып отыр. Жалынды жастар алдағы уақытта Отан қорғауға, білім мен біліктілікті ұштастырып, ел дамуы жолында адал еңбек етуге ниетті. – Біздің оқу орт а лығы – Қарулы Күштердегі ғана емес, жалпы Қазақстандағы жалғыз оқу орталығы. Мұнда еліміздің түрлі құқық қорғау органдарының мамандары дрондармен жұмыс істеуді үйренеді. Ал, ұшқышсыз ұшатын аппараттардың ең заманауи үлгілері қызмет етуде. 14157 әскери бөлімінде жылдар бойы әскери борышын өтеген ардагерлермен тығыз және мызғымас байланыс орнатуға көп көңіл бөлінеді. Ұрпақ сабақтастығы да назардан тыс қалған емес. Әскери қызметкерлер өздерінің орнына бір күні жаңа мамандар келетінін түсінеді және оларды қазірден бастап әскери істер мен тарихты құрметтеу рухында тәрбиелеуі керек. Әскери бөлімге шақырылған Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттері ұшқышсыз ұшатын аппараттардың үлгілерін үлкен қызығушылықпен қарап, зерттеді. Әскери қызметкерлер студенттерге арнайы жасақталған әскери техника паркіне экскурсия жасады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының тактикалық-техникалық сипаттамалары, олардың жауынгерлік мүмкіндіктері мен пайдалану перспективалары туралы әңгімеледі. Мұнда техникалық тақырыпқа жақын, заманауи техникалық әзірлемелермен айналысатын және оқитын студенттер осында келуге үлкен ықылас білдірді. Сондықтан, жігіттердің қызығушылығы шынайы. Мен жастарымыздың ойларында жаңа жобалар бар екеніне сенімдімін. Сондықтан әскери бөлімге бару олар үшін өте пайдалы болды, біз әскерилерге қонақжайлылығы үшін алғыс айтамыз. Бөлімше қолбасшылығының өкілдері мен университет басшылығы мұндай кездесулер жастардың әскери- патриоттық тәрбиесін нығайтуға, әскери дәстүрді жалғастыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға септігін тигізетініне сенімді, – дейді университет оқытушысы Айнұр Сұраншиева. Іс-шара соңында 14157 әскери бөлімінің командирі, полковник Шохан Мұсабеков: «Біз ардагерлермен үнемі байланыста боламыз, жастарды қонаққа шақырамыз. Жастар Отан қорғау эстафетасын бізден шын ниетпен қабыл алғанын қалаймыз. Ал, өзіміз қашанда әскери дәстүрге адал болып қала береміз», – деп жастарды елінің нағыз патриоты болуға шақырды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар