Тұрғындардың талап-тілегі орындалады

Тұрғындардың талап-тілегі орындалады
ашық дереккөз
Тұрғындардың талап-тілегі орындалады
Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесу өткізуі және азаматтарды жеке қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының №7 аумақтық округі тұрғындарымен кездесті. Жиынға қатысқандар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарына жауап алды. Аймақ басшысы әуелі облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр өңірде халықпен жалпы 2126 кездесу ұйымдастырылса, оның ішінде облыс әкімі 35, қала және аудан әкімдері – 479, ауылдық округ әкімдері 712 кездесу өткізген. Биыл осы күнге дейін 1409 кездесу ұйымдастырылған. Оның ішінде, облыс әкімі халықпен 57 мәрте кездессе, қала және аудан әкімдері 552 кездесу өткізген. – Облыста атқарылып жатқан жұмыстар ретін қысқаша сөз етсек, биыл қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен экономикалық өсім 101,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі 3,7 пайыз болса, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі – 16,4, ал өңдеу өнеркәсібі 3,2 пайыз болып отыр. Қазіргі уақытта өңірге инвестиция тарту жағынан облыста жаңа реформалар қолға алынып жатыр. Біздің ең негізгі мақсатымыздың бірі – тек Тараз қаласына ғана емес, облыстың барлық аудандарына инвесторларды шақыру. Өндіріс орындарын көптеп ашып, іргелі жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру көзделуде. Облыс бойынша бірқатар өзгерістер, жаңашылдықтар орын алмақ. Қазіргі таңда облыста жаңадан зауыттар салып, жұмыс орындарын көптеп ашу және басқа да жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Мәселен, Тараз қаласының барлық аумақтық округтерін күнделікті таңертең аралап, ондағы мәселелерге жіті қаныққанмын. Қалаға 2011 жылы қосылған «Шөлдала», «Құмшағал», «28 саяжай», «Казарма» шағынаудандарында да шешімін күткен мәселелер жетерлік. Оның ішінде, екеуін келер жылы ауыз сумен қамту жоспарланған еді. Бірақ біз осы мәселені қосымша қаржы көздерін қарастыру арқылы жоспардан тыс, жыл аяғына дейін шешуді қолға алдық. Өйткені, ол шағынаудандардың қалаға қосылғанына 12 жыл болған, – деген облыс әкімі биыл жыл аяғына дейін Тараз қаласы жарықтандырылатынын сөз етті. Сондай-ақ, өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемінің 7 пайызға төмендеуі су тапшылығынан болғанын, зардап шеккен шаруалар өтемақы алып жатқанын, келер жылы жаңадан салу арқылы су қоймалардың санын көбейту жоспарланғанын айтты. Осындай іргелі істер қатарында жерасты суын пайдалану арқылы ағын су тұтынуда өңірдің көрші елге деген тәуелділігін 85 пайыздан 50 пайызға дейін түсіру, суды көп қажет ететін дақылдарды егіп, оны ылғалдандыру үшін 700 ұңғыма қазу, қазылған ұңғыма үшін шаруалардың жұмсаған қаржысын 80 пайызға дейін субсидиялау, алқапты жаңбырлатып, тамшылатып суаратын технология қолдануда заманауи құрылғы жасап шығаратын зауыттар салу да бар. Осы шаруалар сәтімен жүзеге асса, Әулиеата өңірінің ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтерілетіні анық. Кездесу барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков есепті баяндама жасап, осы аумақтық округке қарасты бұрын атқарылған жұмыстар мен алда орындалуы тиіс міндеттерге жеке-жеке тоқталды. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, халық арасында «За линией» аталып кеткен аумаққа барар Абай даңғылы бойынан көпір және жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы қарастырылып, жоспарланған. Бұл ретте қала әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі тарапынан мемлекетке қайтаруға жататын жер учаскелерінің тізімі дайындалып, барлығы 65 нысан анықталған. Қазір аталған меншік иелерінен жер учаскелерінің бір бөліктерін немесе толықтай мемлекет мұқтажына қайтаратыны туралы сауалнама алынып жатыр екен. Әзірше 18 жер учаскесінің иелері толықтай мемлекет мұқтажына қайтаруға ниеттерін білдірген. Бұдан бөлек, Бақытжан Әмірбекұлы су ұңғымалары мен кәріз сорап стансаларының тозығы жетіп, істен шығу қаупі бар болғандықтан, қажетті сусорғыны ауыстыруға, су жүйесін жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, тұрғын үй саласы, абаттандыру, қоғамдық көлік, қаңғыбас ит-мысық, тазалық секілді әр салада атқарылған жұмыстар жайын егжей-тегжейлі баяндады. Айта кетсек, қаланың №7 аумақтық округінде көпқабатты 136 тұрғын үй, 3865 жеке үй бар. Халық саны 32482 тұрғынды құрайды. Аумақтық округ 59 көше, 43 бұрылысты қамтиды. Бұдан кейін, кезек сұрақ-жауапқа беріліп, тұрғындар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Мәселен, Гүлнәр Жантаева есімді зейнеткер «көпшіліктің уақытын алмайын» деп, өзін толғандырған мәселелерді алдын ала жазып келген қағазын облыс әкіміне ұстатты. Ербол Шырақпайұлы хатта көрсетілген мәселелермен оқып, танысатынын, жағдайды назарда ұстайтынын жеткізді. Содан соң сөз алған Гүлдар Арыстанова қоғамдық көлік, аялдама, кәріз су жүйесі мәселелерін шешіп беруді сұрады. Бұл сауалдарға жауап берген шаһар басшысы қала аумағының 40 пайызында кәріз су жүйесі жоқ екенін айтып, оның себебін Тараз қаласында кәріз суын тазалайтын кешеннің жоқтығымен байланыстырды. Қазіргі таңда кәріз суын тазалау кешенін салу қолға алынып, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын, келер жылдың аяғында кешен құрылысы басталатынын түсіндірді. Бақытжан Әмірбекұлы жыл соңына дейін №38 бағыттағы автобустардың жаңасына ауыстырылатынына уәде берді. Сондай-ақ, биыл қалада 56 аялдаманы ауыстыруға қаражат бөлінген. Жиында тұрғындар тарапынан тұрғын үйлерді жаңғырту, балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу, бағдаршам орнату, кәріз су жүйесін жаңалау, ауыз сумен қамту, заңсыз құрылысты тоқтату секілді бірқатар мәселелер көтеріліп, оған нақты жауаптар берілді. Ал, кейбір мәселені шешу сол жерде жауаптыларға тапсырылды. Жиын соңында аталған округ бойынша атқарылған жұмыстарға көңілі толатындықтан әкімдерге алғыс айтқан тұрғындар да болды.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар