Енелер институты – тағылым ошағы
«Қайран, біздің аналар арды ойлаған», – деп Мұқағали ақын айтқандай, қазақ қоғамында аналар мен енелер институтының маңызы ерекше. Бұл ретте гендерлік саясаттың арбасын алға сүйреп жүрген белсенді әйелдер де қомақты үлес қосуда. Біз бұл ойымыздың дұрыстығын Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығы ұйымдастырған «Бақыт кілті» атты ене мен келін форумында байқадық. Орталыққа жиналған енелер арасында ғылымның шамын жаққан танымал профессорлар, белгілі кәсіпкерлер де бар екен.
Жиналғандар алдында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мен облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали көпшілікке форумның мәні мен мағынасы жөнінде айтып берді. Бұл іс- шараға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова мен облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева қатысты.
Елге құрметті Нұрсифат Салықова: «Ене мен келін тату болса, келін мен бала да тату болады. Жас отбасылардың татулығы – басты мәселе. Бұл құндылық жолында баршамыз үлес қосуымыз керек. Оған бүгінгі жиынның, сіздер ұйымдастырып отырған бағдарламаның әсері мол. Әр шаңыраққа бақыт пен татулық тілеймін. Мұндай тағылымы мол жобалар жалғасын таба берсе отбасы тәрбиесіне оң әсерін береді деп ойлаймын», – деді.
Айта кетсек, осы кезге дейін облыстық «Анаға тағзым» орталығы мен облыстық «Jambyl» телеарнасы бірлесіп, «Бақыт кілті» атты бағдарламаны бірнеше ай бойы эфирден көрсеткен болатын. Әрине, қазіргідей ана мен қыздың, әке мен ұлдың арасындағы құрмет азайып бара жатқан уақытта ене мен келіннің арасындағы сыйластыққа сызат түсіп жатқаны жасырын емес.
Іс-шара барысында «Анаға тағзым» орталығының қызметкері, тәжірибелі тележурналист, аталмыш «Ене мен келін» бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Қаржауқызы енелер мен келіндерді таныстырып өтті. Енелердің қатарында ұстаз Карима Орманова, ардақты әже Бейсенкүл Түгелбаева, ауылдарына ардақты Бибіхатша Ералиева, Ғалия Момбекова бастаған аналар бар. Ал, келіндердің арасынан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншісі Айгүл Есекееваны, «Болашақ-Тараз» колледжінің негізін қалаушы Пернебай Асқаровтың келіні Айнұр Жексенбинованы, елімізге белгілі спортшы Ғалымжан Жақсыбектің жұбайы Айнұр Баяуованы, екі енеге қабақ шытпай қарап отырған Гүлнұр Дәулетқұлды атап өтуге болады.
Форумда жас келін Айгүл Есекеева, «Мейіржан мен Нұргүл» дуэті аналар жайлы ән шырқаса, республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының жүлдегері Айғаным Қайрат «Әкем мен анам» өлеңін жатқа оқыды. Сондай-ақ, ол ақын Үміт Битенованың да өлеңдерін ел назарына ұсынды.
Жиын соңында ардақты әже Нұрсифат Салықова енелер мен келіндерге ақ батасын берсе, Гүлдана Жауынбекова, Эльмира Мырза-Ғали форумның белсенді қатысушыларын марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді