Өнерге адал азамат

Өнерге адал азамат
ашық дереккөз
Өнерге адал азамат
Ауылдардағы мәдени жұмыстарды ұйымдастыруда клуб меңгерушілерінің еңбегі ерен. Оларға қандай қиын жұмыс бар дейтіндер де болуы мүмкін. Бірақ, ұйымдастыра білгенге клуб жұмысы шаш-етектен. Сондай шаруалардың бел ортасында жүрген іскер клуб меңгерушісі – Кемел Дабылбеков. Кемел Кеңесұлы 1993 жылдан Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. «Әулиеата» университетін тарих, құқық, экономика факультеті және Тараз педагогикалық институтын музыка мамандығы бойынша тәмамдаған. Биыл 50 жасқа толуымен мәдениет саласында қызмет еткеніне 30 жыл болғаны тұспа-тұс келіп отыр. Әуелі мәдениет үйіне сүйемелдеуші болып жұмысқа кіріскен ол әдіскер, көркемдік жетекші қызметін атқарып, аз жылда жан-жақты маманға айналды. 2000 жылдан бастап мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Осы аралықта домбыра оркестрін, вокалды аспапты ансамблін дамыту жолында және ел ішінде еленбей жүрген өнер иелері мен мүмкіндігі шектеулі жандарды сахна өнеріне дайындау жолында көп еңбек етті. Сонымен бірге талай жас таланттарды облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға дайындап, шыңға шығарды. – Әр дарынды баланың өз жолы, өз мүмкіндігі бар. Шерхан Мұртаза ағамыз: «Талантты тану – қиын, танымау – қиянат» деп бекер айтпаған. Оны еңбек жолымда байқадым. Талантты таңдау бөлек, тәрбиелеу бөлек екеніне көзім жетті. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жалғас Айтқұлов, Ұлдана Еркебек секілді дарын иелерін және өзгелерді талай облыстық, республикалық байқауларға апардым. Ол кездегі сапар қиындығы мен қызығы өз алдына бір әңгіме. Ондай сапардың жауапкершілігі де оңай емес. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет үйінің меңгерушісі ретінде де өз міндетімді адал атқарып жүрмін. Жерлесіміз, талантты композитор Нұрлан Байгөзовпен байланыста болуымның мақсаты – ағаны арқа тұтып, ауылдан талантты балаларды шығару болды, – дейді Кемел Дабылбеков. Ол қазақ эст радасының маэст ро сы, композитор, дирижер Нұрлан Байгөзовпен шығармашылық байланыста болып, сазгердің әндерін және басқа да жерлес сазгерлердің әндерін жас ұрпаққа үйретуден жалыққан емес. Есімі елге танымал ақын-сазгерлермен үнемі шығармашылық байланыста. Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Аруна Керімбек, Жәния Амангелді, Нұрдәулет Сағаділда сияқты дүлдүлдер шыққан ауыл ел арасында «Тереңөзек – таланттар мекені» деп аталып кеткені белгілі. Сол таланттардың көпшілігі Кемелдің шеберханасынан өткен. Осы күні алыс шыңдарға қанат қағып кеткен, республикалық айтыстардың жүлдегері Аруна Керімбек: «Біз ауылда жүргенде ауылдық мәдениет үйінде жиі іс-шаралар өтіп тұратын. Мәдениет үйінің есігі жабылмайтын. Біз сол іс-шараларға қатысып, шыңдалдық. Сондықтан, Кемел ағайға айтатын алғысымыз мол», – дейді. Кемел Дабылбеков 2016 жылы еңбегіне қарай «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Отбасында үш ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы Анар – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ауылдың қуанышты тойлары, іс-шаралары Кемелдің өнерінсіз өтпейді. Ол Тереңөзек ауылына мәдениеттің мәйегін сыйлап, тағылымын таратып жүрген азамат.  

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар