Спорттық нысандар көбейіп келеді

Спорттық нысандар көбейіп келеді
ашық дереккөз
Спорттық нысандар көбейіп келеді
Мемлекеттің басты капиталы халқы болғандықтан, тұрғындардың саламатты өмір салтын сақтауда бұқаралық спортты дамытудың рөлі орасан. Ел ішінде бұқаралық спорттың дамуына билік те ерекше көңіл бөліп келеді. Қазір тек қалада ғана емес, елді мекендерде де спорт кешендері мен көше воркауттары көптеп салынуда жатыр. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында 184 спорт нысаны бар. Оның екеуі спорт кешені болса, 1 стадион, 107 спорт алаңшасы, 21 футбол алаңы, ал 48-і спорт зал және бесеуі басқа да спорттық нысандар. Биыл бұл салаға 147,7 миллион теңге бөлініпті. Биыл да бұл ауданда Ақыртөбе, Көгершін және Р.Сәбденов ауылдарында дене шынықтыру, сауықтыру кешені салынып жатыр. Р.Сәбденов ауылында салынып жатқан дене шынықтыру, сауықтыру кешенін «Бек строй» жауапкершілігі шектеулі с ерікте стігі жүргізіп жатыр. Серіктестіктің прорабы Әлімжан Миятовтың айтуынша, мұндағы құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталған. Биыл қазан айының аяғына аяқталып, пайдалануға берілмекші. «Өзім осы ауылда туып-өскенмін және бала күнімнен спортпен айналыстым. Сондықтан, ауыл-аймақтарда спортқа қызығатын балалар баршылық екенін көріп те жүрмін. Осыған дейін ауыл балалары мектептің спорт залында жаттығып келді. Негізінен балалар футбол, волейбол, күреспен көбірек шұғылданады. Өзім де күреске көп қатыстым. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстардан ауылымыздың спортшылары құр алақан қалған емес. Біздің замандас спортшылар да талай жүлдені олжалағанбыз. Мысалы, Есдәулет Құрмантаев күресші еді, кейін боксқа бет бұрды, қазір ауданда бала тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы. Жаңа айтқанымдай, мектептің спорт залын пайдаланып келдік. Онда ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануымен қатар мектептің дене шынықтыру сабақтары да өткізіледі. Сондықтан, күреске арналған кілемшелері, басқа да құрал- жабдықтары тез тозады. Міне, енді ауылымыздан осындай спорт кешенінің салынуы тұрғындарды қуантып отыр. Ауылымызда 3781 тұрғын бар, соның көпшілігі жастар, бәрі де спортқа қызығушылығы басым. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен саябақ салдырдық. Соның ішінен көше воркаутын демеушілердің көмегімен орнатпақшымыз», – дейді ауыл әкімдігінің бас маманы Алмағанбет Байғожаев. Ақыртөбедегі спорт кешенін тұрғызушы «Авторемстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Айдар Бөгенбаевтың айтуынша, мұнда волейбол, баскетбол, футбол ойнауға арналған зал және жаттығу залы бар, сонымен қатар қыздар мен ұлдарға арналған жеке санитарлық тораптар, душ қамтылған. Сыртқы абаттандыру жұмыстарын да осы компания жасайды. Бірақ, жазғы алаңшаларды басқа мердігер компания салады. Көгершін ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да биыл аяқталып, Конституция күнінде пайдалануға беріліпті. – Ауылда спортқа қызығатын балалар көп. Осындай кешенге қажеттілік барын айтып, тиісті орындарға хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде ауылымыздан сәулетті спорт кешені бой көтерді. Тұрғындар дән риза. Осыған дейін біздің балалар аудан орталығына такси жалдап, барып-келіп, спорттық дәрістерге қатысып жүрген еді. Енді ешқайда барып, әуре болмай-ақ өз ауылымызда жаттығып, ойнауға мүмкіндік туды. Мұнда баскетбол, футбол, волейболға арналған зал, тенниспен қатар, еркін күреспен жаттығуға да орын қарастырылды. Бұған дейін ауылдың мектебінен ыңғайластырылған бір бұрышын алып, балаларды күреске дайындап жүрген жаттықтырушымыз дәрістерін осы кешеннің ішінде өткізетін болды. Қазір ауылдарды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанына куә болып жүрміз. Мысалы, біздің ауылдан осы спорт кешенімен қоса 90 орындық мәдениет үйі де салынды. Ол жақында ғана ауданның мәдениет күндері өткізілген үлкен іс-шара аясында салтанатты түрде ашылды. Ауылымызға 2020 жылы көше воркауты да орнатылған болатын. Ауылымыздың мақтанышы Нұржан Асан Бішкек қаласында өткен байрақты бәсекеде грек-рим күресінен жеңімпаз болып, жақында туған жеріндегі ізбасар іні-қарындастарымен ашық сұхбаттасып, жігерлендірер кеңесімен бөліскен болатын. Болашақта да шағын ғана ауылымыздан талай жеңімпаздың шығары анық, – дейді ауыл әкімдігінің жетекші маманы Бақытжан Қалдыбай. Мұндай кешен салу бұл ауданда 2027 жылға дейін жалғаспақшы. Келесі жылы Жаңатұрмыс, Құлан, Қорағаты ауылдарында спорт кешендерін салу және Құлан ауылындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ал, одан арғы 2025 жылы Өрнек, Тереңөзек, Абай ауылдарында, 2026 жылы Қарақыстақ, Қайыңды, 2027 жылы Құмарық, Көкдөнен ауылдарында салынбақшы. Бұл 10 кешен ауылды дамыту бас жоспарына сәйкес тұрғызылмақ. Елді мекендерде көше воркауттарының, кіші футбол алаңшаларының және заманауи балалар ойын алаңдарының қажеттілігі бары зерттеліп, 2027 жылға дейін 14 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Биыл 4 жоба Малдыбай, Абай, Д.Қонаев және Алғабас ауылдарында жасалған. Келесі жылы Қайыңды, Ақыртөбе және Жалпақсаз ауылдарынан заманауи кіші футбол алаңшалары салынбақ. 2025 жылы Сөгеті, Әбжаппар және Шөңгер, 2026 жылы Жарлысу, Қаракемер ауылдарында салынады. 2027 жылы Сәлімбаев, Пірманов және Шолақ қайыңды ауылдарында кіші футбол алаңшаларының жасалынуы жоспарланған. Он мыңнан аса тұрғыны бар Луговой ауылында да спорттық нысандар салу ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде жүргізіліпті. – Былтыр ауылымыздан үлкен спорттық кешен ашылды. Соның ішінен балалар мен жасөспірімдер клубы мемлекеттік мекеме ретінде ашылып, 4 жүзден аса жеткіншекті спорттың 6 түрінен жаттықтыру ісі басталған болатын. Қазір жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Анығырақ айтқанда, волейбол, футбол, еркін күрес, қазақ күресі, бокс, дзюдодан балаларымыз жаттығып жүр. Бұл спорт кешенінде жасөспірімдер кешкі сағат 18-ге дейін жаттығып, ойнаса, сол уақыттан кейін ол жерде ауылдың ересек тұрғындары доп теуіп, өзара жарысады. Бұған қоса, ауылдағы саябақтың қасынан 2012 жылы салынған футбол алаңы содан бері тозған еді, биыл күрделі жөндеу жасалды. Бұл алаңда ауыл жастары, ересектер арасында жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Мекемелер арасында кіші футболдан жарыс басталған еді, қорытындысы Республика күнінде шығарылып, салтанатты марапаттау іс-шарасын өткіздік. Саябаққа халық дене шынықтыру жаттығуларын жасауға арналған құрылғыларды, сәндік құрылғылар, теннис үстелін де орнаттық. Осының бәрі де халықтың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, бұқаралық спортты дамытуға жасалып жатқан жұмыстар, – дейді Луговой ауылының әкімі Мұратбек Сванов. Бұл аудан жастарының спорт саласындағы жетістіктері де аз емес. Айталық, биыл 14-18 жас аралығындағы спортшылары облыстық чемпионаттарда 46 алтын, 34 күміс, 76 қола медаль жеңіп алса, республикалық жарыстардан 6 алтын, 4 күміс, 9 қола медаль олжалаған. Атап айтқанда, Абай ауылынан Дана Дидай Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатынан бокстан 3-орынды жеңіп алса, тағы да осы ауылдың күресшісі Ержет Жарылқасын Испания мемлекетінің Лу-Нусси қаласында өткен халықаралық турнирде грек-рим күресінен 53 килограмдық салмақта 1-орынға ие болған. Қорағатылық Аружан Бақытбек жасөспірім қыздар арасында Италия мемлекетінде өткен бокстан халықаралық турнирде 2-орынның биігінен көрінді. Луговойлық 6 жасар шахматшы Айару Каипова Қырғызстанда ұйымдастырылған додада қарсыластарына дес бермей, топ жарып, чемпион атанды. Спортты сүйіп, өз денсаулығын қорғаумен қатар, бәсекелі жарыстарда елінің абыройын асқақтатар жастар әлі де көптеп шығарына сенеміз. Себебі, спортпен шұғылдануға елімізде жасалып жатқан жағдай аз емес. Мәселен, біз сөз етіп отырған ауданда спорт саласын қаржыландыруға 2021 жылы 77 миллион теңге бөлінсе, былтыр 117,2 миллион теңге қарастырылған. Ал, биыл 147,7 миллион теңге бөлініпті. Биылғы жоспар бойынша, аудан тұрғындары арасында спортпен шұғылданушылардың санын 2852- ге жеткізу көзделген. Тамыз айына дейін 2571 жас спортқа тартылған. Жалпы, аудан тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен шұғылданушыларының қатары 26763 адамға, яғни 39,6 пайызға жетіпті. Аудан бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары 355 адам, яғни 33 пайызды құраған. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мүгедектігі бар адамдарға арналған «Боча» спорттық үйірмесіне 15 бала қамтылған. Халықтың мың адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 32 пайызды құрап отыр.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар