«Балқарағай» саябағына көз тіккен кімдер?

«Балқарағай» саябағына көз тіккен кімдер?
ашық дереккөз
«Балқарағай» саябағына көз тіккен кімдер?
Соңғы екі-үш айда Тараз қаласының бірқатар тұрғындары мен қоғамдық ұйымдар басшыларын, кәсіпкерлердің көңілін алаңдатқан әлеуметтік мәні бар бір мәселе орын алды. «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жоқ жерден шығарған дау-дамайына көпшіліктің өтініші бойынша менің де араласуыма тура келді. Қала басшылығына, жергілікті атқарушы билікке жасалған сын- ескертпелерім дұрыс нәтиже бермеді. Ақыр аяғында осы мәселе бойынша наразылық білдірген қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың қолдауымен ҚР Президентіне және Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық. Ол хаттың мазмұны қысқаша былай. Тараз қаласы экологиялық ахуалы төмен аймақта орналасқан шаhар. Қалаға жақын орналасқан химия кәсіпорындары облыс оралығының ауасын ластап жіберді. Бір кездері республика бойынша «жасыл қала» атанған шаһардағы тал-дарақтар соңғы жиырма, отыз жылдың ішінде «қызыл сызықтардың» үстімен бей-берекет жүргізілген коммерциялық нысандар мен әртүрлі мақсатта соғылған ғимараттардың құрылысы үшін құрбан боп, «өкпеміз» тарыла бастады. Сондықтан, қаланы жасыл желекке орап, қала ішіндегі демалыс орнына арналған саябақтардағы сирек талдарды сақтап қалу бүгінде үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Қаладағы №1 Мамыр, Теміржолшылар, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтары бүгінде күтімсіздіктің салдарынан азып-тозып, тұрғындар мен жастардың және қонақтардың, балалардың демалып, серуендеу талабына жарамсыз болып тұр. Өйткені, аттары аталған саябақтар қалалық әкімдіктің қарамағында болса да, оларды күтіп-баптауға, ұқсатып ұстауға тиісті қаражат қарастырылмаған. Қаладағы шағынаудандарға жақын орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының бір жағы тойханалар мен түрлі ойын- сауық орталығына айналғандықтан, халықтың алаңсыз демалуына ыңғайсыздықтар тудыруда. Бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметов кеткелі бері «Жеңіс» саябағының да берекесі кетіп, күтімі нашарлай бастады. Ал, қаланың қақ ортасында Тұрар Рысқұлов атындағы орталық саябақ бар. Аталған саябақ екі аймаққа бөлінген. Оның бір аймағында балаларға арналған аттракциондар мен әкімшілік ғимараттары орналасқан. Ол бөлігін жалға алған кәсіпкер бизнесін дөңгелетіп, пайда тауып отыр. Ал екінші бөлігі болып саналатын «Балқарағай» саябағы жап-жақсы жұмыс істеп тұрған жерінен біреулердің көзтүрткісіне айналып, аяқ астынан басшыларының басы дауға қалды. Сөз басындағы айтпақ болған мәселеміз де міне, осы «Балқарағай» саябағына қатысты. Тараз қаласы әкімінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 1642 қаулысының негізінде, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ мен «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» ЖШС арасындағы жасалған 27 мамыр 2019 жылғы №292 келісімшарт бойынша «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» ЖШС-на ұзақ мерзімге, 49 жылға жалға берілген (кадастрлық нөмірі 06-097-005-677) «Балқарағай» саябағы аумағында көне Әулиеата кезеңінің көзіндей боп 600-ге жуық қарағай өсіп тұр. Саябақты жалға алған жылдан бергі уақыт ішінде «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» ЖШС- ның басшысы Қадырхан Абдуллаев өз қаражатына шырша, емен ағаштарын егіп, өсіріп, күтіп-баптап отыр. Қылқан жапырақты ағаштардың арасына заманауи материалдардан тротуарлар төсеп, демалушылар отыратын ыңғайлы орындықтар, жарық шамдар орнатты. Саябақ іші мұнтаздай тап-таза. Сондықтан, «Балқарағай» саябағы қала тұрғындарының бір мезгіл таза ауа жұтып серуендейтін, демалатын, жас-кәрі демей ертелі-кеш жүгіретін, жаттығулар жасап, дене шынықтырумен айналысатын сүйікті орнына айналған. Оған қоса, «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісімшартта көрсетілген барлық міндеттемелерін толық орындап отыр. Жер салығын, коммуналдық төлемдерін уақытында төлеп келеді. Бюджет алдында ешқандай қарызы жоқ. Бірақ соған қарамастан, жоғарыда айтқанымыздай, осы саябақ төңірегінде қала тұрғындарын қынжылтқан жағымсыз оқиға орын алды. «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» мекемесінің басшысы Т.Әйменов «саябақ игерілмей жатыр» деген сылтаумен «Балқарағай» саябағын коммуналдық меншікке кері қайтарып алуға әрекет жасап, шу шығарды. Т.Әйменовтің қолына ұстап отырған «көзірі» – қала прокурорының 28.11.2022 жылғы №2-07-22-07404 ұсынысы екен. Ал аталған ұсыныста «Балқарағай» саябағы туралы мәлімет жоқ. Бірақ Т.Әйменов: «заңдылықты бұзушылықты жою туралы» қала прокурорының тағы бір ұсынысы бар» деп кәсіпкерді қорқытып- үркіткенімен, ол бұл құжатты «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» ЖШС-ның басшылығына көрсетуден тайқып отыр. Ал, қала прокуратурасы «Балқарағай» саябағын коммуналдық меншікке кері қайтару мәселесі көтерілмегені туралы айтқан. Ең сорақысы, осы мәселеге Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов қисынсыз араласып, кәсіпкер Қ.Абдуллаевты кабинетіне шақырып алып, «Сен «Балқарағай» саябағын әкімдікке өз еркіңмен қайтар, өйтпеген жағдайда әкімдік бәрібір тартып алады» деп қоқан-лоққы көрсетуі болып тұр. Халықтың, кәсіпкерлердің сөзін сөйлеп, құқын қорғайды деген қоғамдық кеңес төрағасының бұл «миссиясының» жай-жапсарын түсіне алмай дал болдық. «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің басшысы Т.Әйменовтің «саябақ игерілмей жатыр» деген сөзі де қып-қызыл өтірік. Оның бұл өтірігіне негіз болатын ешқандай дерек пен дәйек жоқ. Өйткені, «Арнайы рәсімді қызмет көрсету» ЖШС-на берілген жер пайдалану мемлекеттік актісінде «Балқарағай» саябағында құрылыс жүргізу және жердің нысаналы пайдалану мақсатын өзгертуге тыйым салынған. Соған орай, кәсіпкер Қ.Абдуллаевтың ол аумаққа қандай да бір нысандар, ғимараттар салып, ойын аттракциондарын орналастыруға құқы жоқ. Осы тұрғыдан қарағанда, Т.Әйменовтің «саябақ игерілмей жатыр» дегені бос сөз. Мемлекеттік мекеменің басшысы Т.Әйменовтің «Тараз қалалық прокуратурасының ұсынысы бар» деп кәсіпкерге ауызша талап қоюы және әлдекімдердің Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Сейдазимовті кәсіпкерге айдап салып, ал оның өз кезегінде оған қоқан-лоққы көрсетуі облыс абыройы үшін жақсы мысал емес. Оны бір сөзбен айтқанда, бірнеше адамның ұйымдасқан түрде кәсіпкерге көрсеткен қысымы, бопсалауы және рейдерлік әрекеті деп түйін жасауға болады. Қала әкімдігі саябақты қандай мақсатпен қайтарып алғысы келіп отыр? Енді осы сауалға тоқталайық. «Балқарағай» саябағы жергілікті биліктің қарауына қайтарылған күннің өзінде, саябақтағы жер телімдеріне әлеуметтік нысандар: аурухана, емхана, мектеп, балабақша және зауыт- фабрика сала алмайтындары белгілі. Сонда облыс орталығының ажарын ашып, былайша айтқанда, қаланың «өкпесі» боп тұрған жасыл желек ағаштарды қырқып, отап, ойын-сауық, тағы басқа да әртүрлі коммерциялық нысандар жасаса, одан қала тұрғындарына келетін қандай пайда бар?! Рұқсат берілсе, қала бюджетінің ақшасын ысырап қылмай, оларды Қ.Абдуллаевтың өзі де жасай алады емес пе? Сондықтан, қала әкімдігінің бұл әрекетін «Балқарағай» саябағының жер телімдерін бөлшектеп, көңілі жақын кәсіпкерлерге берудің қитұрқы жолы деп қараудан басқа қисын қалмай тұр. Мұны, қысқаша айтқанда, бюджет қаражаты есебінен ойын-сауық орындарын, әртүрлі коммерциялық нысандар салып, әлдекімдердің бизнесін дамытып, табысын, әрине, «шәпкісін» бөлісу арқылы сыбайлас жемқорлықты қолдау деп қабылдау керек. Ал, қала тұрғындары аталған саябақты өз қаражатымен күтіп-баптап ұстап отырған кәсіпкер Қ.Абдуллаевтан «Балқарағай» саябағын коммуналдық меншікке кері қайтарып алып, ондағы өсіп-өніп тұрған тал-дарақтарды отап, оның орнына әртүрлі коммерциялық нысандар мен ойын-сауық ғимараттарын салуға және қала бюджетіне саябақты ұстау үшін үлкен көлемде қаражат бөліп, онсыз да жетпей жатқан бюджетке салмақ салуына үзілді-кесілді қарсы. Біздің жолдаған хатымызға Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары А.Абдрахманов (12 қазан 2023 жылғы №ЖТ-2023-01959343) жауап хат жолдапты. Атап айтсам, А.Абдрахмановтың менің атыма берген жауабында: «2019 жылғы 22 мамырдағы Тараз қаласы әкімдігінің «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» серіктестігінің Төле би даңғылы №24 мекенжайдағы жерінің нақты көлемін бекіту туралы №1642 қаулысымен жер учаскесінің алаңы 1,4979 гектар (кадастрлық №06-097-005-677) болып бекітілген. Қаулыда нысаналы мақсаты «Балқарағай» саябағы үшін берілгені көрсетілген. Сондай-ақ, қаулының 2-тармағымен шектеу қабылданып, онда құрылыс жүргізу және нысаналы мақсатын өзгерту құқығынсыз екендігі белгіленген. Сонымен қатар, Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2023 жылғы 11 қыркүйектегі №09-945 хаты бойынша Тараз қаласының бас жоспарына сәйкес, Тараз қаласы, Төле би даңғылы бойында орналасқан кадастрлық нөмірі №06-097-005-677 жер учаскесі дендропарк және Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 09 қаңтарындағы №29 қаулысымен егжей-тегжейлі жоспарлау бойынша саябақ қарастырылғанын хабарлайды. Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 109-бабына сәйкес, қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жері жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтық жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады. Қазақстан Республикасы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңының 47-бабының 1- тармақшасына сәйкес, елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Жоғарыда аталғандардың негізінде бүгінгі күні «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» ЖШС жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша (этносаябақ) пайдаланып жатқандығын мәлімдейді» делінген. Міне, осылайша Қазақстан Республикасы көлемінде айналымдағы Жер Кодексінің талаптары бойынша заң шеңберінде пайдаланып отырған «Балқарағай» саябағы бойынша «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің орынсыз жерден дау тудырып, қызмет бабын пайдалана отырып, заңсыз іске асырмақ болған әрекеттеріне нүкте қойылды деп сенеміз. Қазіргі кезде «Балқарағай» саябағы қалыпты жағдайда жұмысын атқарып, оны ел игілігіне айналдырып, демалушыларға тұрақты қызмет көрсетіп отыр.  

Өмірбай САБЫРОВ,

облыстық «Ел болашағы» қоғамдық ұйымының жетекшісі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар