Қорғанысты күшейту - қауіпсіздікті арттыру

Қорғанысты күшейту - қауіпсіздікті арттыру
ашық дереккөз
Қорғанысты күшейту - қауіпсіздікті арттыру
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Серік Бегалиев,«Оңтүстік» өңірлік  қолбасшылығы  әскерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев, Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин, облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Болат Жылқыбаев «Мүңке» әскери полигонында өткен «Меркі-2023» тексеру жиынының жабылуына қатысты. Мемлекет басшысының «Аумақтық қорғанысты ұйымдастырудың жалпы міндеттері мен жүйесін бекіту туралы» Жарлығына, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес өткен шара облыстың аумақтық қорғанысын дайындау мақсатына негізделген. Жиынға Меркі ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген барлығы 79 әскери міндетті қатысты. Олар 8 күн бойы әскери дайындықтан сабақтар өтіп, арнайы тактикалық оқу жаттығуда аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық-барлау топтарымен күресті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасты. - Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болып саналады. Ал заманауи әскери техника мен кару-жарақты жоғары деңгейде меңгерген әскери қызметші - еліміздің Қарулы Күштерінің қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып табылады. Аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Аумақтық қорғаныс әскерлерінің ерекше кезеңдегі негізгі міндеттерінің бірі жергілікті жерде маңызды нысандарды қорғау және күзету болып табылады. Ел іргесі берік болуы үшін Қазақстанның Қарулы Күштері, оның ішінде, аумақтық қорғаныс әскерлері кез-келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы тиіс. Бұған тек үздіксіз дайындықтың арқасында ғана қол жететіні анық. Әскери жиынға қатысқан баршаңызға аумақтық қорғаныс әскерлерінің оқу жаттығу жиынына қатысып, әскери білімдеріңізді шыңдап, жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, әскери жиынның тиісті деңгейде өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіре отырып, отбасыларына амандық, дендеріңе саулық тілеймін. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгі болсын,-деді Ербол Қарашөкеев. Бұдан соң аймақ басшысы палигондағы бірқатар нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ, бірқатар әскери техникалармен, оқу-жаттығу барысымен танысты. Әскери тексеру жиынының үздік қатысушылары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Дәл осындай жиындар ағымдағы жылдың сәуір, тамыз айларында Жуалы, Қордай аудандарында да ұйымдастырылып, жоғарғы деңгейде өткізілген болатын.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар