Ауызбіршіліктің алтын қазығына айналған әулет
Диқан ауылындағы бұл әулет жайлы біз сырттай әбден қанық болдық. Танып-білмей жатып-ақ, тамсанып, бірлігі бекем бауырларға бас шайқадық. Әңгімені әріден бастасақ, Базаркүл Кебекбаева (Олжабаева) 41 жасында 6 ұлмен жесір қалған екен. Жолдасы Нұрмахан Олжабаев теміржолшы болып еңбек еткен. 45 жасында ауырып, өмірден озыпты. Рас, ол заманда шиеттей баламен жастай жесір қалса да, өмірдің түрлі сынағына мойымай, шаңырағының түтінін түтетіп отырған қазақ аналары аз болмады. Дегенмен, 6 бауырдың бәрі де бір ауылда шаңырақ көтеріп, шаруа қожалықтарының шаруаларын бірге жүргізіп, кез келген жүкті жұмыла көтеретін ұйымшыл шаңырақ бүгінде кемде-кем.
Біз бұл әулетке атбасын тіреген күні қуанышты сәтке тап болдық. Ағайындылар бірігіп, үлкен ағалары Талғат Олжабаевқа су жаңа көліктің кілтін тосынсый жасап табыстап жатыр екен. Әдетте мерейтойда, туған күн секілді даталы күндерде ұл-қыздарының әкелеріне, аналарына бағалы сый жасап жатқанын жиі көреміз. Бауырлардың себепсіз-ақ игілікті істе ауызбіршілік танытулары ашығын айтқанда, некен-саяқ екені рас. Ал, әулеттегі әр отбасына тиесілі қожалықтардан түскен табыс тек бір адамның қолына жинақталып, сол табыстың басын қосып, әр жылда әр бауырдың біріне зәулім үй тұрғызған ағайындыларды ше, көрген бе едіңіз?! Ынтымақ-бірліктің арқасында 6 бауырдың барлығы да небәрі алты жылда екі қабатты зәулім үйдің қоныс тойын тойлаған. Тағы бір айта кетерлігі, аталған әулетте бүгінде 1 «Алтын алқа», 3 «Күміс алқа» иегері, 6 көпбалалы ана бар.
Қара шаңыраққа әулеттің ұлдары мен келіндері, немерелері әп-сәтте-ақ жиналып қалды. Әулеттің үлкені Талғат Нұрмаханұлы әңгімені әріден бастады. Айтуынша, үлкен аталары Олжабай Өтегенов Ұлы Отан соғысының ардагері. Кейіннен «Талапты» ұжымшарына 15 жылдай, Диқан бөлімшесіне 20 жылдай төраға болған.
Олжабай соғысқа аттанарда жұбайының аяғы ауыр екен. «Сәбидің тегін менің атыммен жаздырыңдар. Майданда қаза тапсам, есімім аталып жүрсін», – деп аманат айтып кеткен екен. Содан өмірге келген сәби «Нұрмахан Олжабаев» атаныпты. Қуанышқа орай, Олжабай майдан даласынан аман-есен оралып, 9 ұл-қыз сүйіп, өсіп-өніпті. Біз әңгімелесіп отырған ұлдар осы Нұрмаханның перзенттері екен.
Әкелері дүниеден озғанда үлкен ұл – Талғат 21 жаста, кіші ұлы Бақтияр 8 жаста болған екен. Жаратушының көмегімен алтын асықтай ұлдарын береке-бірлікке баули білген, отбасының ұйытқысы болған Базаркүл апаны осыдан үш жыл бұрын 75 жасында ұлдары арулап ақтық сапарға шығарып салыпты. Ағайынды 6 ұлдың екеуі де өкінішке қарай, бүгінде бақилық. Көңілге демеу болары, екеуінің де отбасы және ұрпақтар бар. Жаратушының сынағын бастан кешіп отырған қос абысын Райхан мен алты баламен қалған Нұризат бүгінде шаңырақтарының отын сөндірмей келеді.
Әлгінде айтқанымыздай, әулеттің үлкені – Талғат колхозда 42 жыл механизатор болған азамат. Әуелі «Сталин» ұжымшарында, беріректе өздерінің «Олжабай» шаруа қожалығында тракторшы болған. Бүгінде өздерінің шаруа қожалығының бас инженері. Жары Назгүл екеуі 4 перзенттен 16 немере сүйіп отыр.
Бақилық болған Марат бауырлары біраз жыл мектеп директоры қызметін абыроймен атқарған, шағын ауылдың жаңадан ашылған мектебін облысқа, қала берді республикаға танытқан білікті басшы болған екен. Жары Райхан да сан жыл бойы оқушыларға математика пәнінің қыр-сырын үйретіп жүрген ұлағатты ұстаз.
Ал, Әсет Нұрмаханұлы – әулеттің «Асылхан» шаруа қожалығының төрағасы. Осы әулеттің де, қожалықтың да шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыратын Әсет. Жұбайы Қорлан аталған ауылдағы мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беріп, отағасымен 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде.
Одан кейінгі Рахым ауылдағы аула клубының шаруашылық меңгерушісі болса, алты баланың анасы Айнұр – кітапханашы.
Әулеттегі барша малдың есебі, күтімі, жем-шөбіне жауапты Нұрмат та келіншегі Гүлзахира екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп отыр. Кішісі Әбдулхамит 1 жасқа да толмаған. Осылайша, Нұрмахан атадан қазіргі таңда 27 немере, 26 шөбере тарап отыр.
– Негізінен әулетімізде «Олжабай», «Асылхан» атты екі шаруа қожалық бар. Біз барлық бауырлар мен немерелер бірлесе, ақылдаса отырып, соның жұмысын жүргіземіз. Атамыз Олжабай қариядан көп тағылым алдық. Әкеміз Нұрмахан өмірден ертерек озса да, бізді адалдыққа, татулыққа тәрбиелеп кетті. Анамыз Базаркүл де сондай көпшіл, ақжарқын, әрі мінезді, талапшыл жан еді. Біз бұл күнге осындай жандардың арқасында жетіп отырмыз. Біздің ендігі негізгі мақсатымыз, балаларымыз, немере-шөберелеріміздің де осы қалыптан танбай, өмірде басты құндылық – ынтымақ екенін ұғындыру, – дейді Талғат Олжабаев.
Берекелі әулетпен жақынырақ танысып болған соң, суретке түсіруге оқталдық. Бірақ, сол сәтте Талғат ағамыз: «Менің екі інім Рахым мен Нұрмат шаруалармен кешігіп жатыр еді. Суретке түспей қалатын болды. Күте тұрсақ жақсы болар еді», – деп шыр-пыр болды. Уақытымыз қанша тығыз болса да, жүрек жылытар бауырмал бауырлардың басы қосылғанын қалай күтпейсің, мұндайда?
Бұл отбасының өсіп-өніп, береке мен бірлікте ғұмыр кешіп келе жатқандары да осындай жылылықтың, бауырмалдықтың, татулықтың арқасы деп түсіндік. Ал, бұл ізгі қасиеттер барда әулеттің мерейі қашанда үстем болып, бақ даритыны сөзсіз.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді