Шағалалыда – газ, Өндірісте – мәдениет ошағы

Шағалалыда – газ, Өндірісте – мәдениет ошағы
ашық дереккөз
Шағалалыда – газ, Өндірісте – мәдениет ошағы
Осыдан оншақты жыл бұрын «Aq jol» газетінде «Амангелді газы» Мойынқұм ауданы аумағында шығып, құбыры Талас, Байзақ аудандарының жерінен өтіп жатқанымен «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп тақырып қойып, мәселе көтеріп едік. «Көгілдір отын» тартылған желіден қол созым жердегі ауыл тұрғындарына мүмкін болмағанда газдың рахатын көру Таластан ары жатқан сарысулықтарға арман болатын. Облыстың бас басылымы көтерген ауылдықтар үшін аса өзекті мәселеге билік назар аударып, әр жылдары Байзақ және Талас аудандарының ауылдарына, тіпті Сарысу ауданының Тоғызкент өңіріне дейін газ тартылды.

От жағып, күл шығарудан құтылды

«Жақын жатқан мекендерге келген газдың игілігін біз қашан көреміз?» деп шағалалықтар да бұл мәселені жиі қозғап келді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» десек те от жағып, күл шығарудың азабын ауылдықтар жақсы біледі. Аналарға, қыз-келіншектерге обал. Оның үстіне құм іргесінен бастап сіресіп тұратын сексеуіл де бұрынғыдай тұнып тұрған жоқ, барын рұхсатсыз отауға тағы болмайды. Шалғай елді мекендерге көмір жеткізудің машахаты өз алдына. Республика күні көптен күткен қуаныш – Шағалалы ауылына тартылған газды пайдалануға арналған салтанатты шара өтті. Онда аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз алды. – Бүгінгі ұлық мереке күні игілікті істің куәсі болып отырмыз. Биылғы мамыр айынан бері осы елді мекенге газ тарту жұмысы басталған еді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Досбол, Тоғызкент, Майлыкөл, Әбілда ауылдарына газ құбыры тартылып, тұрғындар игілігін көруде. Жоба бойынша 89,3 миллион теңгеге тартылған газ құбырының құрылысын мердігер – «Тараз- Даниял К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тыңғылықты атқарып шықты. Осынау игілікті істің басы-қасында болған барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін!» деп, салтанатты шараға қатысқан ауыл тұрғындарын, мердігер мекеменің жұмысшы-қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, ізгі тілегін арнады. «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Талас аудандық шаруашылығының басшысы Әбдірахым Көшерұлы, ауыл қариясы Оңлыәшім Дүйсенбеков шараға қатысушыларды мерекемен, қуанышпен құттықтап, аудан басшылығына, мердігер мекеменің ұжымына алғысын жеткізді. «Көгілдір отын» желісін қосу көтеріңкі көңіл-күй үстінде ду қол шапалаққа ұласты. Ауданда газдандыру жұмысы одан әрі жалғасуда. Бүгінде «Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы» және «Ауданның 14 елді мекеніне газ құбырын салу мен газдандыру» жобасы да кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

Күрделі жөндеуден өткен ғимарат мәдениет ошағына айналды

1957 жылы бірнеше ұжымшар іріленіп, «Коммунар» кеңшары шаңырақ көтереді. Еңбектің тайқазанын қайнатумен қатар, өр өнерге жақын ауылдықтарға арнап кеңшар орталығынан зәулім мәдениет ошағы салынды. Ауылдарды былай қойғанда, ол кезде аудан орталығында жоқ кең сарайдай болған Коммунардың клубының үлкен сахнасында қазақтың қай дүлділі мен бұлбұлы жыр оқып, ән салмады десеңші! Аудандағы алқалы жиындарда бүгінде Саудакент аталатын ауылдан Мәдениет үйі салынғанша осында өтетін. Кешегі жекешелендіру науқанында аудандағы алдыңғы қатарда болған кеңшар тарады, клуб үйі жекеге сатылып кетті. Республика күні бұрынғы кеңшардың екі қабатты кеңсесін 223,6 миллион теңгеге «Ақ-Айсер Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеуден өткізіп, мәдениет ошағына ыңғайлап, ине жіптен өткендей етіп, ауылдықтардың игілігіне пайдалануға берді. Аудан әкімі Сәкен Мамытов ауылдықтарды мерекемен құттықтап, мердігер мекеменің жұмысшылары мен басшылығына ризашылығын жеткізді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында еңселі ғимараттың мәдениет ошағына айналғанын сөз етті. Игілік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қойшыбай Жүсіпәлиев салтанатты шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған аудан басшылығына жерлестері атынан алғыс айтты. Клуб үйінің лентасы салтанатты жағдайда қиылып, көпшілік мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. – Ауылға мәдениет ошағы аудай қажет еді. Бұл мәселені тұрғындар әркез көтеріп келді. Аудан әкімі Сәкен Мамытов өндірістіктердің орынды өтінішіне назар аударып, мына ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге ықпал етті. Сыртта жылу қазандығы орнатылды. Концерттік бағдарламалар ұсынуға барлық жағдай жасалған. Сәтін салса, мәдениет ошағы ауылдың өнерлі жастарының думанды ордасына айналады, – дейді Игілік ауылдық округінің әкімі Жандос Жанайдаров.  

 Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар