Бір шаңырақта төрт ұстаз

Бір шаңырақта төрт ұстаз
ашық дереккөз
Бір шаңырақта төрт ұстаз

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт- бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

Байзақ ауданы Байзақ ауылының қадірлі ақсақалы Кеулімжай Шартықбаев ақсақал мен жұбайы Кулиман апайдың шаңырағындағы төрт қыз білім беру саласында жиырма жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып келеді. Атап айтсақ, Гауһар мен Жанат №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназиясында тарих және география пәндерінен сабақ берсе, Меруерт – Байзақ ауылындағы Сыдық Абланов атындағы орта мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ал, Маржан осы мектептің директоры. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала кезден әкесінің «өз ісіңе адал бол, өтірік айтпа, үлкенді сыйла» деген қағидатымен сусындап, аналарының аялы алақаны мен шексіз мейіріміне қанып өскен қыздар шәкірттердің жүрегінен жол табуда. Мәселен, Жанат Кеулімжайқызының шәкірттері олимпиада, ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері. 2022-2023 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылары география пәнінен облыстан І орынды иеленсе, республикалық ғылыми жобалар байқауында күміс медаль иеленді. Қазіргі таңда Жанат Кеулімжайқызы өз тәжірибесін облыс көлемінде таратып жүрген педагог-зерттеуші. Гауһар Шартықбаева қала, облыс көлемінде семинарларда іс-тәжірибесін таратып, республикалық сарапшы қызметін атқарып жүрген педагог-шебер. Шәкірттері облыстық ғылыми жобалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Меруерт Кеулімжайқызының шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадасы мен аудандық лингвистикалық олимпиаданың, республикалық, халықаралық түрлі байқаулардың жүлделі орындарын иеленіп, ұстаз мерейін үстем етуде. Бүгінде ол 30 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз, педагог- зерттеуші. Маржан Шартықбаева ұстаздық жолын Сыдық Абланов атындағы орта мектебінде 1997 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін сәтті атқарды. 2021 жылдан бері мектеп директоры қызметін абыройлы атқарып келеді. Педагог-зерттеуші ретінде де көпке үлгі. Қазіргі таңда заман талабына сай мектептің дамуына өзіндік үлесін қосуда.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар