Ысырап

Ысырап
ашық дереккөз
Ысырап
Дін өкілдері қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ішіңдер, жеңдер. Ысырап етпеңдер», – деп ескертетінін жиі айтады. Демек, ысырапшылдықтан сақтандырып отыр. Имамдар айтып жүрген осы сөзден сабақ алатын уақыт жетті. Ал, қазіргі таңда жайып жүрген дастарқанымыз қандай?   Қазір тойдағы ысырапты айта-айта шаршадық. Ал, кісі қайтыс болғандағы, жетісі мен қырық күндігіндегі дастарқанды да тойдан кем жасамайтын болдық. Тіпті, топырақты өлімнің үстінде жасалған дастарқанның бетінде қасық қоятын жер табылмайды. Бұл жерде, әрине, біреудің дастарқанына билік жүргізуден аулақпыз. Дегенмен, ысыраптың жақсы қасиет емес екенін естеріне салғымыз келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын ауылда жасы жетпіске жетпеген кісі жүрегі ұстап, аяқ астынан өмірден өтті. Таңертең тұрып, сиырын кезекке қосып келген кісі 30 минут ішінде қысылып, нашарлап, арғы әлемге кете барған. Таңертең дүние салған кісінің балалары түс қайта дастарқанды жайнатып жасап қойды ғой. Сонда басқа жағдайдан бұрын дастарқанға мән беретін болып кеткенбіз бе? Бір жолы анамызға Құран оқытарда қарашаңырақтағы жеңгем де дастарқан мәзірінің жақсы болуын ескерткен. Осыдан 7-8 жыл бұрын облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті кісі қайтыс болған жаназа, қырық күндік дастарқанын қарапайым мәзірлермен өткізу туралы бастама көтерген еді. Оны облыстық ардагерлер кеңесі қызу қолдаған. Сол уақытта бір-екі жиында дастарқан қарапайым жайылып жүрді де, кейіннен ағын-төгін дастарқан қайта жалғасын тапты. Осы күні имамдар: «Біреудің үйінің дастарқанына билік айта алмайды екенсің», – деп ол бастаманың да баянсыз болғанын мойындағандай күй кешіп отыр. 7-8 жыл бұрын азық-түлік бағасы бүгінгіден төмендеу еді. Қазір 10 кісіні үйіңе қонаққа шақырсаң, ұялмай дастарқан жаю үшін 80 мың теңге кетеді. Шыны керек, үйге қонақ шақыра алмай қалдық қой. Себебі, азық- түлік бәрі қымбат. Ал, бірақ, Құран оқытуға келгенде дастарқанды аямай жаямыз. Байлар да жаяды, кедейлер де олардан қалмай әзірлейді. Байлар қиналмай мақтанып жайса, кедейлер несие алып жаяды. Сондағысы жалған намыс. «Анау бай менің дастрақаныма күліп кетпеуі керек», – дейді. Осындай бәсекеде өмір сүріп келеміз. Ал, шариғат ысырапты, аста-төк шашылған дастарқанды құптамайды. Осы жағын ойлана жүрсек екен, ағайын! Құран оқыту деген – той емес. Өмірден озған марқұмға қарапайым дастарқанмен де Құран бағыштауға болады. Осыны естен шығармағанымыз абзал. Сіз не дейсіз?  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар