Киелі сөздің қасиеті

Киелі сөздің қасиеті
ашық дереккөз
Киелі сөздің қасиеті
Дін – тек қана құлшылық жасау емес. Дін дегеніміз – тағылым мен тәрбиенің ордасы. Ұрпақ тәрбиелі болса, ізгілікке деген қадамы көп болады. Жаны ізгі адамдар имандылықтан алыс кетпейді. Имам тәжірибелі болса, тәрбие тұрғысынан айтары мол болады. Сол тәрбиенің бірі – бойымызға қажетті құндылықтарға мән беру. Соның бірі – обал. Шариғат баршаны ізгілікке тәрбиелейді. Қасиетті Құранда: «Жақсылықта жарысыңдар», – дейді. Жақсылықта жарысу дегеніміз не? Оның аясы өте үлкен. Мәселен, обал сөзінің мағынасына терең үңіліп, қиянаттан қашып, жақсы қадамдарға жақын жүрсек, оның өзі – жақсылық жолдағы жарысу болып саналады. Обал – айтуға жеңіл сөз. Еш ойланбай айта салуға болады. Бірақ, осынау қасиетті ұғымның маңызы батпандай. Обал сөзінің маңызы мен міндетін білмейді деп көпшілікті кінәлай салуға болмайды. Жалпы, обал сөзі мұсылман түсінігіне тән, мұсылман үшін ең қажетті сөз дер едім. Сонымен, обал сөзі нендей ұғым? Ол адам санасына не үшін керек? Оны қалай ұғынып, түсінуге болады? Шамам келгенше осыны талдап, жіктеп көрейін. Жаратушыны мойындап тану, мұсылман үшін парыз болып есептеледі. Бақилық болған кісі арғы дүниеде қайта тіріледі. Құранда барлығы айтылған. Оған ешбір мұсылманның күмәні болмауы тиіс. Адал да саналы болып, күнәсіз өмір сүру – парыз. Ол әр адамның имандылығына, діни ұстанымының беріктігіне тікелей қатысты болса керек. Ал, мұсылман адам Алла берген үкімге күмәнмен қарайтын болса, иманы әлсірей бастайды. «Күмән иманнан айырады», – деп қазақ бекер айтпайды. Бізді топырақтан жаратқан Жаратушыға қайтадан тірілтіп алу қиын болмаса керек. Әр адам бақилық болған соң, Алланың алдында қайта тіріліп, жауап береміз. Өмірдегі жақсы- жаман істеріміз үшін жауапқа алынамыз. Сауапты істеріміз көп болса, Алланың рахымы мен сыйлары дайын. Керісінше, жаман іс-әрекеттеріміз, Алла рұқсат етпеген істеріміз көп болса, Жаратушы алдында жауапқа тартыламыз. Енді осы сауапты амалды көп жинау үшін не істеуіміз керек? Оның кілті жоғарыда айтылған обалда тұр. Обал арқылы әрбір адамның, заттың, істің қадір-қасиетін білеміз. Адамның абыройы еңбегі арқылы бағаланады. Қазіргі өркендеген заманда көптеген жұмыстар автоматтандырылған жүйеде атқарылып жатса да, ол жерде де адамның еңбегі бар. Себебі, сол автоматты ойлап тапқан – адам. Сонымен, сіз үй тіршілігіндегі жұмыстар үшін базардан бір бума қара сым сатып алдыңыз дейік. Тіршілігіңізге жаратып болған соң, сөз жоқ одан қиындылар қалатыны рас. Енді сол қиындының ұзындығы бір қарыс болса, тағы да кәдеге жарату үшін сақтап қоясыз. Ол да сенің адам еңбегін бағалағаның, бір қарыс сымның қасиетін білгенің болып есептеледі. Сонда бір қарыс сым неге керек? Бір қап жемді толтырып болған соң, аузын буып, байлағанға әлгі бір қарыс сым молынан жетеді. Ал, әлгі қарыстай сымның керегі жоқ деп лақтырып тастай салсаңыз, сіз заттың қадірін және оны жасаған кісінің қадірін білмеген болып шығасыз. Оларды білмедің деп кінәлауға болмайды. Оған себеп – аға буынның тәрбиесінің әлсіздігі. Мысалы, балаңыз мектепте оқып жүр. Балаңыз оқып жүрген кітабын, оқулығын, жазу дәптерін күтіп ұстамағаны үшін мұғалімі ренжиді. Ұстаз: «Кітаптың, дәптердің қадір-қасиетін біл. Оларды жыртпа, бүлдірме. Келесі жылы сенен кейінгілер осы кітапты пайдаланады», – деп әр шәкіртіне ескертеді. Ал, бала оны түсінбей, үйіне ренжіп, көңілсіз қайтуы мүмкін. Анасы: «Не болып қалды?», – деп сұрағанда, бала мұғалімінің ұрысып, ескерту жасағанын айтады. Мұны естіген ана мектепке құстай ұшып барып: «Ұстаз, немене, менің баламнан басқа ұрысатын адам таппай қалдың ба? Балам адам таппай қалдың ба? Балам әлі тамақ ішпеді. Нәр татпады. Ауырып, қиналып жатыр. Бірдеңе болса, басыңмен жауап бересің», – деп мұғалімге ренжиді. Міне, баланы нағыз теріс жолға салатын тәрбие осы. Мұның екінші жағы бар. Бала үйіне ренжіп келді. Ата- анасы оны тыңдап, не жағдай болып қалғанын сұрады. Сөйтті де анасы: «Балам, мұғалімің дұрыс айтады. Сен кітапты жыртпа. Сенен кейін де ол затты пайдаланатын балалар бар. Бұдан былай ондай тәртіпсіздік істеме», – десе, бұл нәрсе сөз жоқ дұрыс тәрбие болады. Жақында теледидар хабарынан жасы 55-60 шамасындағы мұғалім ананың: «Бүгінгі тәрбие балаға емес, онаң ата-анасына қажет», – деген сөзін естідім. Қазір жастар тәрбиесі кері кетіп жатса, оған өзіміз кінәліміз. Біріншіден, баланың телеэкраннан көретіні атыс, шабыс, өлтіру, тонау. Бұған кінәлі ұрпақ тәрбиесінен еш хабары жоқ, ақша табу үшін жанын құрбан етіп жүрген бизнес адамдары. Екіншіден, осы көріністі экранға жіберіп отырған құзырлы мекемелер. Үшінші, осыны көруге жағдай жасап отырған ата-аналар. Ата- ана нәпақа табу үшін таңертеңнен кешке дейін жұмыста, баланы экран тәрбиелеп отыр. Ал, енді жат қылықтарды экраннан алып тастап, өзіміздің ұлттық тәрбиемізді насихаттайтын көріністерді көрсетсек, ұрпақ тәрбиесі бірден оңалып, дұрыс жолға түсер еді. Балалар қазір кітапты өте аз оқиды. Бұған себеп экран, компьютер ойындары. Бұдан құтылудың жолы ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын дүниелерді жиі көрсету. Ол үшін қайтадан кино түсірудің қажеті шамалы. Кеңес кезіндегі тағылымды киноларды қайтадан көрсетсе болғаны. Құдайға шүкір, ондай фильмдер аз емес. Әрбір қазақ киносының жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Атап айтқанда, «Жамбыл ата», «Амангелді батыр», «Қыз Жібек», «Дала қызы», «Қозы Көрпеш» тағы да басқа фильмдер. Ұрпақ тәрбиесін түзеуге деген қадамның бірі осы болар еді. Біз осылай ортаға ой салдық. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ортақ тәрбие. Сөзіміздің басында айтқан обалдың қасиеті мен құндылығын, маңызын жас ұрпаққа ұғындырып отыру да – біздің парызымыз. Жас ұрпақты дұрыс тәрбиеге тартудың жолы кинофильмдер ғана емес. Қазіргі таңда әр ауылда өмірін адал еңбекке арнаған, әр қадамы тағылымға толы кісілер бар. Сол ұлағатты кісілердің жас ұрпақпен кездесуі, өмір жолдарын шынайы айтып беруі жастарға үлкен ой салар еді. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар өте қызығып, жақсы әсерге бөленетін еді. Кеше біз Отан үшін от кешкен батыр аталарды тыңдап өстік. Олардың өсиеті тағылымды еді. Қазір ол кісілердің қатары азайды. Қазіргі таңда жас ұрпақ Ауған соғысының батырларын, Желтоқсан батырларын тыңдаса үлкен әсер алатын еді. Ондай кісілер әр ауылда бар деп ойлаймын. Жалпы, жас ұрпақ тәрбиесін ойлап, мән беретін уақыт жетті.  

Сейітқазы МЕДЕТБЕКОВ,

«Жуалы» мешітінің бас имамы.

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар