Болашаққа жалғасқан жоба

Болашаққа жалғасқан жоба
ашық дереккөз
Болашаққа жалғасқан жоба
Жуалы ауданында тау етегінде орналасқан күн панельдері алыстан мұнартып көрініп, көкжиекке сіңіп кетеді. Олай болуының өз себебі бар. Станса алқабы үш жүзден астам гектарға созылып жатыр. Мұнарланған панельдер жақындаған сайын зорайып, ішке кіргенде құдды әлем тек солардан тұратындай көрінеді. «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн электр стансасының директоры Иван Завариннің айтуынша, бірінші станса өз жұмысын 2015 жылы, екінші станса 2018 жылы бастаған болатын. Бастапқыда бета режимде іске қосылған станса бүгінде бар қуатында жұмыс істеп тұр. Мұндағы бір стансада көлемі 1,5 шаршы метр болатын, арнайы Германиядан алдырылған төрт жүз мыңға жуық күн панелі орнатылған. Станса басшылығының құрылыс жүргізу кезінде таңдауы неміс маркасына түсіпті. Өйткені, «SolarWorldAG» компаниясы панельдері төзімділігімен ерекшеленген. Мұншалықты ұзақ мерзімге кез келген елдің өнімдері жарай бермейді. Қос стансаның құрылыс жұмысына бөлінген қаржының жалпы көлемі 48 миллиард теңгені құрайды. Жобаға «Самұрық-Қазына Инвест» пен ұлыбританиялық «United Green» компаниясы инвестиция құйған. Сондай-ақ, заемдік жолмен де қаржы тартылыпты. Мекеме мамандарының сөзіне сүйенсек, станса өз құнын 16 жылда өтеп шығады екен. Күн электр стансасы жұмысының өз ерекшеліктері бар. Ондағы күн панелінен жиналған тоқ қуаты отыздан астам инверторлық станцияға беріледі-мыс. Мұндағы қуат орталық стансаға жалғанған. Осылайша, топтасқан электр қуаты «KEGOC»-тың торабына беріледі. Станса қызметкерлерінің айтуынша, олардың міндеті осы арада аяқталады. Токты қажеттілікке жұмсау «KEGOC»-тың құзіретінде. Стансадағы панельді бақылап отыру бір компьютерге байланған. Осы арада жауапты мамандар бәрін көз алдында ұстап отырады. Бір панельден ақау шықса, осындағы монитордан көрінеді. Ондай жағдайда жөндеуші мамандар бұзылған панельді қайта қалпына келтіреді. Жалпы, мұндағы стансада бас-аяғы қырыққа жуық адам еңбек етеді. Өкінішке қарай, күн электр стансасының кемшілігі де бар. Күн көзі көрінбей қалған, бұлтты күндері өндіру қуаты 5 есеге дейін түсіп кетеді екен. Мәселенің бәрі күн шуағына тікелей байланысты. Бір қызығы, қуат жинақтауға ауа райының ыстық-суықтығы әсер етпейді. Керісінше, жаздың аптап ыстығында күн панельдері қоңыржай уақытқа қарағанда азырақ электр өндіреді. Сондықтан, жобаны Жуалыда, тау етегінде жүзеге асыру тиімді деп есептелген екен. Қыст а күн шығып тұрс а, панельдер әдеттегідей қуат жинақтайды. Алайда, күн қысқа болғандықтан, өндіретін электрдің жалпы мөлшері азаятын көрінеді. Сондай-ақ, жауған қардың станса жұмысына келтіретін кедергісі шамалы. Қар қанша қалың жауса да, күн түскенде панель қызып, қарды ерітіп жібереді. Әрі оны тазалап шығу да оңай емес. Әр қатардың бір басынан екінші басына жүріп өту үшін кемінде 10 минут кетеді. Ал, мұндай қатардың саны – 180. Осы орайда қардың өздігінен еріп кетуі жұмысты жеңілдетеді. Облысымызда «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бөлек күн электр стансалары Қордай мен Шу ауданында бар. Соңғысы алдыңғы жылы Жамбыл ауданында салынып, пайдалануға берілді. Айша бибі ауылы маңынан 150 мегаваттық жаңа күн электр стансасының құрылысын жүргізу мақсатында 300 гектар жер телімі берілген. Бүгінгі таңда 50 мегаватт қуатта жұмыс істеп тұр. Алда 20 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салу жоспарлануда. Жалпы, соңғы жылдары еліміздегі «Жасыл» экономикаға өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға жасыл энергия көздерінен өндірілетін қуат күшін 50 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда облыста табиғат көздерінен энергия қуатын өндіру орындары нақтыланып, ол 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасына енгізілген. Осылайша, 2020- 2030 жылдар аралығында жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жобаның тізімі жасалған. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы өзендерге және су қоймаларына су электр стансаларын салу бойынша болашақта жүзеге асырылатын жобалар тізімі де әзірленген. Бұл бойынша 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар санын 32-ге жеткізіліп, 1251 қуат өндіру жоспарлануда.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар